"NauryzPhoto" конкурсының үздік суреттері

Көктемнің шуақты Наурыз мейрамы қарсаңында Massaget.kz сайты "NauryzPhoto" тақырыбында фото-конкурс жариялады. Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаз Дубайда екі адамға арналған демалыс жолдамасын иеленді. Бүгін біз байқаудың қалай өткені және оның үздік суреттері туралы қысқаша баяндаймыз.

Конкурс қалай өтті?

Конкурсқа қатысу үшін Instagram желісіндегі парақшаңызға Наурыз мейрамы тақырыбында (мейрамды сезіндіретін) түпнұсқа фото жүктеп, ал фотода Массагет логотипі тұруы керек болды. Конкурс бірнеше кезеңнен тұрды.

Бірінші - 21-31 наурыз аралығында конкурсқа жұмыстарды қабылдау кезеңі өтті

Бірінші кезең бойынша Наурыз мейрамы тақырыбындағы креатив фотоны Instagram парақшаға #nauryzmassaget  хэштегімен жүктеу болатын. 2023 жылғы 21 наурыздан (08:00, Астана уақытымен) 16 сәуірге дейін (23:59) аралықтағы фотолар қабылданды.

Екінші - 3-7 сәуір аралығы іріктеу кезеңінен тұрды

Сарапшылар тобы талаптар мен фотолардың ерекшелігін ескере отырып, 17 үздік қатысушыны іріктеп алды. Олардың барлығы сайтқа жүктеліп, байқау шарты бойынша онлайн дауыс берілді.

Фотоконкурстың үшінші кезеңіне 17 үміткер өткен. Дауыс беру 10 сәуір күні басталды. Кей қатысушылардың нәтижесі күмән тудырып, ІТ мамандар тексеруіне ұсынылды.

Нәтижесінде 7 бірдей қатысушының қосымша техникалық мүмкіндіктер арқылы дауыс жинағаны белгілі болды. Бұл бастапқы ережеде жазылғандай, дауысты қосымша бағдарламалар арқылы жинауға қатаң тыйым салынады және ережеден аттаған қатысушы конкурстан шеттетілді.

Massaget.kz сайтының қолданушы бір күн ішінде бір адамға ғана дауыс бере алатын. Дауыс беру 16 сәуір күні 23:59-да аяқталды.

Төртінші - 2023 жылдың 17 сәуірі жеңімпаз анықталды

10 қатысушы бақ сынаған негізгі кезеңде Мейірбек Тәжқұранов 2424 дауыспен үздік шығып, Дубайға баратын екі жолдаманың иегері атанды.

Жеңімпаз фото. Авторы Мейірбек Тәжқұранов

Мейірбек Тәжқұранов Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Чапаев аулының тумасы. Қазіргі күнде Астана қаласында қызмет атқарады. Фото өнеріне мектеп қабырғасында жүріп қызыққан. Сондан бері хоббиіне айналған.

"Байқаудың шарты жарияланғанда Астанада Наурыз мейрамы тойланып жатқан болатын. Қандай сурет түсірсем екен деп көп ойландым. Бастысы шартқа сай болу жағын ойладық. Фото өнеріне мектеп кезінде жүріп қызықтым. Ұстазым шығармашылыққа баулып өсірді", - дейді жеңімпаз.

Барлық қатысушыларға алғыс білдіре отырып, жеңімпазды құттықтаймыз.



Бөлісу: