"Алыпсатарлар 30 мыңның домбырасын 150 мыңға сатады". Белгілі қолөнерші домбыра аларда неге мән беру керек екенін айтты

"Алыпсатарлар 30 мыңның домбырасын 150 мыңға сатады". Белгілі қолөнерші домбыра аларда неге мән беру керек екенін айтты

"Домбыра, мұнша шешен болдың неге?" дейді қазақтың ақыны Қасым Аманжолов. Домбыраның шешен болуы домбырашыға ғана емес, оны жасаушы шеберге де байланысты. Бәйге аты қанша жүйрік болғанымен бабы келіспесе жарты жолда қалады. Сол сияқты домбыраның көмейінен күмбірлеп шығатын күйдің де қаншалықты жақсы болуына шебер де жауапты. Домбыра қалай жасалады, қандай ағашқа мән беру керек, домбыра сатып аларда нені ескеру қажет? дейтін сұрақтардың жауабын білу мақсатында Мassaget.kz порталының тілшілері белгілі қолөнер шебері Алмас Мұстафаевпен сұхбаттасты.

Қазақтың қасиетті қара домбырасы мен саз аспаптарын жасаушы, он саусағынан өнер тамған зергер, суретші әрі этнодизайнер Алмас Мұстафаев Алматы облысы, Кеген ауданы Сарыжаз аулында 1987 жылы дүниеге келген. Бірнеше байқаулардың жеңімпазы. Халықаралық "Шабыт" фестивалінің  Гран-при және Президент кубогінің иегері. "Серпер" жастар сыйлығының лауреаты.

Бала кезімнен суретші болуды армандадым

Бала кезімнен суретші болуды армандадым. Бақтияр деген ұстазым суретшілікке баулыды. Аудандық жарыстарға қатысып жүрдім. Мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің көркемсурет факультетіне тапсырдым. Қолөнер мамандығы бойынша оқыдым. Көркемсуретте бәсеке көп болғасын, қолөнерді таңдадым. Оның үстіне ұстаздарымыз музейдегі саз аспаптары мен қару-жарақтарды көрсетіп: "Сендер сияқты студент балалардың істеген жұмысы" деді. Оларды көріп таңғалдық. "Сурет салып та үйренесің, зергер де боласың, шебер де боласың" деп қызықтырды. Бұл мамандықтың қиындығы басқалар теория жағынан оқыса, біздің көп күніміз шеберханада өтетін. Қолөнерге қызығушылығымыз университеттен басталды. Ұстазым Жолаушы Тұрдығылов Қазақстандағы ең танымал домбыра шеберлерінің бірі болатын. Сол кісіден тәлім алдым. 18 жылдан бері осы жолдамын.

Экспо өткіземіз деп мемлекеттің ақшасы босқа шашылды

Университеттен кейін құрылыс саласында жұмыс істедім. Жігіттермен бірігіп компания құрған едік. Бірақ қолөнер саласына ауысқым келіп, осы "Дала сазы" ұлттық шебер орталығын 2011 жылы аштым. Неге "Дала сазы" деп атадым? Себебі 2011 жылдары Қазақстанда оркестрлер мен ансамбльдерге арнап аспап дайындайтын шеберханалар аз еді. Бір ғана үлкен "Шертер" атты орталық болатын. Бірақ оның өзі тапсырыс қабылдап үлгере алмайтын. Тендер көп еді. Қазіргімен салыстырғанда ол кезде еліміздің жағдайы жақсы болатын. Жұмыс көп, бәрі арзан. Қазір бәрі керісінше, карантин келді, онлайн болды. Экспо өткіземіз деп мемлекеттің ақшасы босқа шашылды. Қазір елімізде тоқырау кезеңі. Сондай уақытта өмір сүріп жатырмыз.

2011 жылы Мәдениет және білім минстірлігінен ақша бөлдіріп, білім мекемелері, оркестрлер аспап алатын. Сол кезде ай сайын, біз бір оркестрге аспаптар жасайтын едік. Дала сазы бүкіл аспаптардың үні болғаннан кейін атауын осылай қойдық.

"Дала сазы" деген атпен жұмыс істеп жатырмыз, бірақ баяғыдай қолөнер шеберлері жоқ

Қазір жылына бір оркестр аспаптарын жасайтын уақытқа келдік. Қысқасын айтқанда тапсырыс жоқ.

Біз онлайн саудамен ғана күн көріп жүрміз яғни жеке адамдардан тапсырыс қабылдаймыз. Тендерге қатыспаймыз. Өйткені оның жолы қиындады, алыпсатарлар көбейіп кетті.  Төмен баға береді, сапаға қарамайды. Қазір "Дала сазы" деген атпен жұмыс істеп жатырмыз, бірақ баяғыдай қолөнер шеберлері жоқ. Бір-екі жігіт бар, келген тапсырыстар солардан артылмайды.

Осы уақытқа дейін 500-600 домбыра жасаппын

Университетте жүрген кезде санағанымда жүзден аса домбыра жасаған екенмін. Ал осы шеберхана ашылғалы бері шәкірттерімен бірге 10-15 мыңдай аспаптар жасадық. Бірақ бұл өте аз көрсеткіш. Егер елімізде 10 миллион қазақ бар десек, 13 жылда 15 мың аспап қана жасаған боламыз. Жеке өзім 500-600 домбыра жасаған екенмін.

Домбыраға шетелден тапсырыстар көп келеді

Қазір домбыраға мән беріп, соны жасап жатырмыз. Жақында "Қара домбыра" деген дүкенімізді ашамыз. Домбырадан тапсырыс көп келеді. Кезінде Асылхан Еңсеповтар домбыраны халықаралық дәрежеде танымал етті. Қазір бұл аспаптың жарнамасын жасап жүрген Ұлытау тобы бар. Димаш "Адай" күйін орындап жүр. Сондықтан шетелден де, әсіресе Түркиядан келетін тапсырыс көп. Бұрын Қытайға көп аспап жасайтын едік. Қазір тоқтады.

Қайың қазақтың домбырасын жасауға таптырмайтын ағаш

Жақсы домбыра жасау үшін жақсы ұстаздан үйренген абзал. Өз бетіңмен үйренсең жылдар жоғалтасың. Өйткені, домбыраның дизайнын түсініп, талғамыңды қалыптастыруға көп уақыт қажет. Ал ұстаз соның бәрін біледі, оңай жолын үйретеді. Біз 4 жыл оқып түсіндік. Сол кезде ағаш таңдауды, оның қалыңдығын, ағаштың таза немесе таза емесін, су немесе су емесін де білесің. Қай ағашты қай жерде қолдану әдісін меңгересің. Жақсы домбыраға жақсы материал керек. Қатты ағаштың үнін жұмсақ ағаш бере алмайды керісінше, жұмсақ ағаштың үнін қатты ағаш шығара алмайды. Мысалы, біз қайыңнан көп домбыра жасаймыз. Себебі, қайың бізге қолжетімді. Ресейде қайың көп, қырқып сата береді. Құрылысқа емес, декорациялық бөлімге деп арнайы шығарады. Дүниежүзілік стандартқа сай болмауы мүмкін, дегенмен қазақтың домбырасын жасауға таптырмайтын ағаш. Қоңырлықты, жұмсақ дауысты береді.

Қай жерде өскен ағаш сол жердің дыбысын береді

Кәсіби аспап, байқауға арналғандар болса экзотикалық – қызыл ағаш, қарағаштарды пайдаланамыз. Себебі олар ыстық жерде өседі, тығыздығы қатты болады. Дыбыс шығарғанда да жіңішке дыбыстарды жақсы береді. Ұлттық музыкамызда жіңішке дыбыс көп болмағанымен, классикалық шығармаларды орындауда әсіресе, оркестр құрамында домбыра үнін басқа аспаптар басып кетпеуі үшін жақсы. Ұстазымның айтатын сөзі болатын: "Қай жерде өскен ағаш сол жердің дыбысын береді. Мысалы,  мына ағаш Қызылордада өскен болса, ол ағаштан Қызылордалық күйшіге арнап домбыра жасасаң содан тамашасы жоқ" дейтін. Былайша айтқанда, жер жағдайына қарап ағаштан жасаған аспабың сол жердің дыбысын береді. Бұл менің көкейіме қонады. Себебі біздің жеріміз кең-байтақ. Қаншама сал-сері, жыршы-күйшіміз болды. Олар домбыра жасау үшін өз жерінің ағашын пайдаланған.

2 миллион 500 мың теңгеге домбыра жасағанмын

Қазір қызылағаш жоғары бағаланады. Бағасы да қымбат. Мен домбыраны жеке өзім тапсырысты 700 доллардан жоғарыға қарай аламын.  1-2 мың долларлық домбыралар жасаймын. Шәкірттерім 150 доллардан бастап тапсырыс қабылдайды. Қымбат домбыралардың тапсырысын оларға сирек беремін. Себебі, жауапкершілікті өзім алып тұрғаннан кейін, өзім жасағаным дұрыс деп ойлаймын. Ең қымбатқа 2 миллион 500 мың теңгеге тапсырыс қабылдаған екенмін. Домбыраның даусы жақсы болуы керек, екіншіден ойнағанға қолайлы болуы керек, үшіншіден инкрустация деген бар, яғни, оған алтын-күміс қосасың.  Сол домбыралардың бағасы 3 миллион долларға дейін барады.

Ауырып қалып зергерлік бұйымдар да жасайтын болдым

2015 жылы аяқастынан соқырішек болып, отаға түстім. Ағашпен жұмыс істейтіндер отадан кейін 6 айға дейін жұмыс істей алмайды. Себебі ағашты сүргілейсің, қолдың-дененің күшін қажет ететін жұмыстар болады. Сондай кезде тіккен жер қайта ашылып кетуі мүмкін. Мен оны басынан бастап түсіндім де ағашпен жұмысты тоқтата тұрдым.

Бір досым зергер еді. Мен де университетте жүріп оқығаным бар. Сондықтан соған барып, бар жағдайды түсіндіріп айтып, зергерлік бұйымдарды жасауды қолға алдым.

Оның үстіне түп нағашыларым 4 әулеттен бері, атадан-балаға мұра етіп зергерлікті алып келе жатқан адамдар. Солардан берілген дүние ғой бұл.

Біздің қолөнерді киноға енгізу керек

Қытай каллиграфиясын, жапон самурай өнерін немесе шай құю мәдениетін киноға енгізіп отырады. Себебі кино ұлттық өнеріңді танытатын тамаша құрал. Ұлт боп тұру үшін тіл, тамыр дін, ұлттық мәдениет қажет. Фильмге осындай нәрселерді қосу керек деп ойлаймын. Бұл фильм құжатты болуы мүмкін. Сайқымазақ пен ойын күлкі түсіріп жүргендер мұндай фильм түсіре алмайды. Коммерциялық жағынан пайда әкелмеуі мүмкін, бірақ рухани жағынан пайдасы зор.

Қазақтың ішінде отырып суретші болу қиын

Сурет шеберханам бар. Суретшілікке бет бұрсам көп уақытым кетеді. Қазақтың ішінде отырып суретші болу қиын. Неге десеңіз? Өміріңізде бір картина сатып алып көрдіңіз бе? Дәулетті кісілер көп, зәулім үйлер салады. Бірақ олар да сурет сатып алмайды. Жүзден бірі ғана сатып алуы мүмкін. Ол да түсініп алмайды, біреуге сыйлыққа беру үшін, "Еуропадағы байлар сатып алады екен" деген сөзге еріп қана алады. Әйтпесе, түсініп сатып алатындар, үйіне коллекция жинайтындар сирек. Ал Еуропада суретті үйдің аурасына қарай іледі. Көктем болса табиғаттың лебізін беріп тұратын картиналар іледі дегендей... Сондай адамдар көп. Еуропада мәдениет қалыптасқан. Сол мәдениет арқылы суретті құндылық ретінде қалыптастырып, оған капитал ретінде қарайды. Мысалы, Пикассоның картинасын 80 миллионға сатып алады. Бұл суретін оның байлығының қаншалықты көп екенін білдіреді. Содан кейін сататын болса, уақыт өте келе оның құны 90-100 миллион доллар болады. Әлемде аты шыққан суретшінің картинасы ешқашан арзандамайды. Теңге түсіп, мұнайдың бағасы құлдырап, алтын құнсыздануы мүмкін бірақ картина, өнер ешқашан арзандамайды. Себебі олардың саны аз. Мысалы, ең көп картина салған Пикассо деп айтайық. 15 мың картинасы бар екен. Жер бетінде 7 миллиард адам болсын. Ол тағы көбейіп отырады. Оның 15 мың картинасы кімге жетеді, музейлерден артылмайды. Содан кейін сұраныс та жоғары, баға да шарықтай береді. Бізде де суретшілер жоқ емес, бар. Тіпті аш-жалаңаш қалса да өмірін суретке арнап өмір сүріп жатқандар баршылық. Бірақ сұраныс жоқ.

Адамдар есейген кезде балалық арманын алдап кетеді

Менің мына шеберхананы 4 қабатты етіп салуымдағы мақсатым да сол еді. Бір қабатында шеберхана болса, бір қабатын сурет өнеріне арнаймын деген едім. Сол мақсатыма ақырындап келе жатырмын. Себебі бала кезден арманым суретші болу еді. Адамдар есейген кезде балалық арманын алдап кетеді екен. Қалаға келсең арманың айдалада қалады. Тіршілік қуып кетесің. Арманың орындалған адамды көрген кезде іштей қызығушылық, қызғаныш болады. Кезінде мен де армандаған едім деп ойлайсың. Арманың үшін жұмыс істемегеннен кейін өмірден өз орныңды табу қиын болады. Арманыңның жолында жұмыс істеу керек. Атақты болған адамдарды қарасаңыз олардың арманы үлкен болған. Сол жолда тынбай еңбектенген. Талант болған жақсы, бірақ оны шыңдамасаң өшіп қалады. Университетте небір талантты қыз-жігіттер оқыды. Қазір өшіп, шаңның арасында көрінбей, өнерден ада қалды. Өнерге жоламайды, айтсаң күледі. Кезінде солармен бірге оқып, бірге қиялдаған едік.

Домбыраны жасағанда дауысын өзіміз тексереміз

Университетте жүргенде ұстазымыз "өздерің тексермесеңдер ертең аспаптарың мылқау боп қалуы мүмкін" деп ескертіп, 3-4 күй үйретті. Сол үшін арнайы мұғалім жалдады. Ол бізге домбыраның құрылысын, даусын қоюды үйретті. Егер қымбат домбыраға тапсырыс алғанда арнайы экспертті шақырып тексертеміз. Бұрын Тұранның жігіттерін шақыратын едім. Олар Астанада. Қазір Қассақтың жігіттеріне тексертеміз. Былайша айтқанда ел алдында домбыра ұстаған мамандарға жүгінеміз.

Домбыра таңдауда неге мән беру керек?

Қазір шебер көп, шеберхана да жетеді. Сапалы кім жасайтынын, тікелей шеберден алып жатқаныңды да білмейсің. Онлайн сауда деген алдайтын болды. Адамның бәрі онлайн шеберхана ашып алып, өзін шебермін дейді. Әлеуметтік желіні ашсаң жарнама толып жүр. Барлығы нөмір бірінші шеберхана. Осыдан 10 жыл бұрын 100 шеберхана болса, қазір 700 шеберхана бар сияқты етіп көрсетеді. Алдымен, таңдағанда тікелей шеберден алып жатқаныңа көз жеткізу керек. Екіншіден, шебердің тәжірибесіне қарау керек. Ол қанша жылдан бері осы салада жүр. Маман ретінде байқауларды жеңген бе? Үшіншіден, ағашына көңіл бөлу керек. Одан бұрын қалтаңда қанша ақша бар, қандай домбыра сатып алуға шамаң жетеді соған қарау керек. Мысалы, біреулер қызылағаштан жасалған домбыраны таңдайды да бағасын естігенде төбе шашы тік тұрады.

Адамның мұқтаждығын пайдаланып кететіндер көбейіп кетті

Қазір алыпсатарлар толып жүр. Соларға алданып қалмау керек. Алыпсатарлар 30 мың теңгенің домбырасын 150 мың теңгеге сатады. Бұл ұятсыздық. Өйткені ол аспаптың лайықты бағасы болады. Одан асырып жіберсең ұят. Алыпсатарға ұят болмауы мүмкін, бірақ шеберге ұят. Сатып алушы бәрібір шебердің кім екенін біледі, оның үстіне біз домбыраның ішіне аты-жөнімізді жазып қоямыз. Менде сондай бір жағдай болды. Менен 200 мыңға алып кеткен аспапты Қытайға апарып 750 мыңға сатыпты. Сатып алушы алып келді. Бағасын естігенде ұялдым. Адамның мұқтаждығын пайдаланып кететіндер көбейіп кетті.

Бізде ұлтық өнер музейі жоқ

Бізде қолөнерге мәдениет немесе идеалогия деп қарамайды. Дүние жүзіндегі ұлттар өнерін қалай қорғайды. Мысалы, технологияға жақын елдерді алайықшы. Алысқа кетпей орыстарды айтсақ, матрушка, балалайкасын қалай дәріптейді. Балалайка татарлардікі, матрушка жапоннан енген. Бірақ қатты бағалайды, музей салады. Бізге бәрібір, екі қойың бір сом, ешкің мал емес. Идеология жоқ. Ол болмағасын мәдениет деп те қарамайды.