"Батыл тойтарыс-2023". Жетісу облысында бірінші кезең аяқталды

"Батыл тойтарыс-2023". Жетісу облысында бірінші кезең аяқталды

Жетісу облысында "Көктал" оқу полигонында "Батыл Тойтарыс" стратегиялық оқу-жаттығуының бірінші кезеңі аяқталды. Полигонда күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою мақсатында "Бекет-2023" ведомствоаралық тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді.

Аталмыш оқу-жаттығуға Massaget.kz порталының тілшілері де қатысты.

Оқу-жаттығудың белсенді кезеңін Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов және өзге де күштік құрылымдардың өкілдері бақылады.

Жаттығуға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамалары, Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдері мен бөлімшелері, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдары қатысты.

Бөлімшелер жауынгерлік мақсаттағы аудандарға жорық жасап, бүркемелеу, әскерлер мен басқару пункттерінің төзімділігін арттыру мәселелерін пысықтады. Белсенді кезеңде елді мекенді босату бойынша оқу-жауынгерлік іс-қимылдар жүргізілді.

Басып алынған елді-мекендердегі жау әскерінің орналасуын бақылау үшін алдымен дрондар жіберілді

Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес Шекара қызметінің әскери қызметшілері шекара учаскелерінің бірінен қарулы адамдар тобын байқайды. Ұтқыр топтар шартты шекара бұзушылардың бір бөлігін құрықтайды. Бұл кезде қалғандары жақын маңдағы елді мекенде жасырынып үлгереді.

Ішкі істер министрлігінің полиция департаменті жергілікті атқарушы органдар орналастырған сұрыптау пункті ауданына бейбіт тұрғындарды эвакуациялауды ұйымдастырды.

Мұқият тексеруден кейін эвакуацияланған адамдарды уақытша ұстау пунктіне алып барып, ол жерде оларға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп, бірінші кезектегі қажетті заттар берілді.

Десанттық-шабуылдау бөлімшелері артиллерия мен армиялық, майдандық авиацияның қолдауымен елді мекенді қоршауға алып, қарсыластың атыс нүктелері мен бекіністерін жойды.

Ұлттық ұлан бөлімшелері қару-жарақты іздеу мен кентті тазарту тапсырмаларын орындады.

"Бұл оқу-жаттығулардың бірқатар ерекшелігі бар. Оның ішінде басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен өзара іс-қимылда жауынгерлік міндеттерді шешу, әскери бөлімдердің өзін-өзі қамтамасыз ету және дербестік деңгейін тексеру, сондай-ақ қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу нысандары мен тәсілдерін жетілдіру бар", - деп атап өтті штаб бастығы – Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Алмас Исабеков.

Жаттығудың негізгі мақсаты – гибридті қауіп-қатер жағдайында әрекет етуге, әртүрлі прокси-күштерге қарсы тұруға дайындық.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі департаментінің басшысы Нағмет Садықов

"Шекарашылар өздеріңіз көргендей шекара бұзушыларды ұстау операциясына қатысты. Жетісу облысы шекарашылары қырағылығының арқасында тәртіп бұзғандар ұсталды", - деді полковник Садықов.

Жалпы жаттығуға 2000-нан астам әскери қызметші мен мың жарымнан аса қару-жарақ пен әскери техника, оның ішінде армиялық, әскери-көліктік, майдандық авиация және пилотсыз ұшу аппараттары қатысты.

Алғашқы көмек орталығында жарылаларға көмек берілу процесі көрсетілді.

Медицина қызметінің бастығы лейтенант Нұржан Октябрь

"Бұл оқу-жаттығуында жасалған далалық батальон медициналық пункті. Бұл жерге ұрыс алаңында жараланған сарбаздарды алғашқы көмек көрсетуге немесе ем көрсетуге алып келеді. Жарақат алған әскерилер сынық жарақаттарын, қан тоқтату, қан айналымын жақсарту үшін екпе қоямыз, әртүрлі ота жасауға мүмкіндігіміз бар", - дейді медицина қызметінің бастығы лейтенант Нұржан Октябрь.

Аталмыш орталықта ұрыс алаңында жараланған сарбаздарға қалай ем жасалатыны да көрсетілді

Далалық оқу-жаттығу кезінде орнатылған тамақтану пункті

Батыл тойтарыс-2023 оқу-жаттығу кезінде әскери ұшақтар әуеден белгіленген нысандарға соққы берді

32363 әскери бөлімінің командирі гвардия полковнигі Аманқалиев Бейбіт

"Бүгінгі "Батыл тойтарыс-2023" оқу-жаттығуында біздің әскери бөлім алдымен әуеден парашютпен секіріп, барлау жұмыстарын жүргізді. Біздің сарбаздардың мақсаты жаудың тылына әуеден түсіп, арттағы негізгі күшке ыңғайлы орын дайындау болатын. Ұшақтан 1300 метр биіктен 21 адам парашютпен секірді. Екінші тікұшақпен 80 адам жау тылына келді. Жаттығуға қатысып жатқан сарбаздардың бәрі қатардағы жауынгерлер. Біз Көктал оқу-жаттығу полигонына 24 наурызда келдік. 2-3 күн дайындықтан өтіп, бүгінгі жаттығуды көрсеттік", - дейді  гвардия полковнигі Аманқалиев Бейбіт.

Іс-шара соңында Қорғаныс министрі оқу нүктелерінде болып, далалық басқару пунктін, техникалық және тылдық қамтамасыз етудің жай-күйін, жеке құрамды жоғары дәлдіктегі қару мен пилотсыз ұшу аппараттарынан қорғау сапасын тексерді.

Подполковников Абзал Тажиддинов 18404 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары

"Осы оқу-жаттығуға қатысқан жауынгерлер дайындығы жоғар екенін көрсетті. Біздің әскери бөлім белсінділік танытты, сенімді толық ақтады", - деді Абзал Тажиддинов.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Десанттық-шабуылдау әскерлері мен РХБ-қорғаныс бөлімшелерінің құралдары мен техникасын қарап шықты. Сондай-ақ, министрге жауынгерлік техникалар легін шартты қарсыластың барлау жүргізіп, соққы беретін пилотсыз ұшу аппараттарынан бүркемелеудің тиімді әдістері көрсетілді.

Бұл Жоғарғы Бас қолбасшының резерві саналатын Десанттық-шабуылдау әскерлерінің алғашқы жаттығуы екенін атап өту керек. Өткен жылы әскерлер Қарулы күштердің дербес тегі ретінде қайта құрылған болатын.