"Біздің қоғамда халық үшін жүрмін дейтіндер бар". Ауыл ақынымен сұхбат

"Біздің қоғамда халық үшін жүрмін дейтіндер бар". Ауыл ақынымен сұхбат

2021 жылы Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай туған жері – Қарасаз аулына бардық. Алыс-жақыннан келгендердің қарасы көп екен. Журналистік міндетім болғасын, бірнешеуімен тілдестім. Солардың ішінде Оңласын Жанашұлы деген азамат отбасын арнайы Тоғызбұлақ аулынан алып келіпті. Таныстық барысында ақын екенін айтты. Мұқағалиға арнаған өлеңін оқып берді. Әдебиет-мәдениет жайлы көп сөйлестік. Сөздерді түйдек-түйдегімен айтатын, тілі шұрайлы, ерекше адам екен. Өзім "арғы беттен келген бе екен" деп топшыладым. Түйсігім алдамапты. Іленің қазағы екен...

Тоғызбұлақ аулына 2 жылдан соң қайтадан бардық. Сәті түсіп Оңласын Жанашұлымен кездестік.

Оңласын Жанашұлы – 1983 жылы Қытайдың Ақсу аулында дүниеге келген. 2004 жылы елге қоныс аударған. Отбасылы, үш баласы бар, атбегі, мал шаруашылығымен айналысады.

"Әкеміз 1932 жылы 11 жасында ашаршылық кезінде осы Тоғызбұлақ аулының маңындағы Торайғыр тауынан кеткен екен. Кейін, өсіп-өніп, үйленіп, 40 жыл өкіметтің әкім дәрежелі қызметінде болды. 70 жылдан кейін қайтадан келіп отырмыз", - дейді ол.

Оңласын Жанашұлы жас кезінен қаламды жанына серік етіп өскен, қазақ ақындарын жақсы көреді. Ілияс Жансүгіров, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырзалиевтің кітаптарын жанынан тастамай алып жүретінін айтады. 

"Мектепте оқып жүргенде әдебиеттен апайлар тапсырма беретін. Өзім сөзге жақын болдым. Алдымен қыздарға өлең арнап бастадық. Одан бөлек мақала, әңгіме жаздық. Бала кезден кітапты сүйіп оқыдым. Құлагерді оқып жылайтынмын. Ат үстінде өстім. 6 жасымнан 10 жыл бәйгеде шаптым. Қазір де бала кездегі істі қайталап жатырмыз. Атпен ауырамыз. Ат баптаймын", - дейді Оңласын.

Кейіпкеріміз ақындар арасынан әсіресе Мұхтар Шахановты қатты құрметтейді. Онымен кездесуді бала кезінен армандаған.

"Қазақстанда алғаш келгенде таңғалғаным, Мұхтар Шахановты танымайтын адамдар бар екен. 20 жылдың алдында ол кісімен кездесуді армандайтын едім. Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов екеуінің тарихын, достығын көп оқыдым. Сол кісілерді құрмет тұттым. Кездесер күн туар деп ойладым. Қайбір жылы Мұхтар ағамызбен жүздесудің сәті түсті. Оған тұңғыш ұлым Нұржігітті ертіп апардым. Батасын алдық. 1937 жылдары халық жауы атанып қазақтың көп тұлғасы атылып кетті ғой. Мен ол кісіні солардан қалған тұяқ деп есептеймін. Қазаққа өлшеусіз үлес қосты. Қазақтың марқасқа адамдарының, атақты Мұқағалидің да көзін көрген ағамыз ғой. Екі сағаттай әңгімелестік. Өлең оқып бердім. Көлсайға қонаққа шақырған едім. Кейіннен ауырып, денсаулығы сыр беріп келе алмады", - дейді Оңласын Жанашұлы.

Ол бала кезден Жұмекен, Жұматай ақындардың да өлеңдерін оқып өскен. Оның үстіне әкесі де өлең жазған екен. Оңласын поэзияға алып келетін нәрсе махаббат дейді.

"Күллі дүние ғұмыры күнмен жанданса, адам махаббатпен жанданады. Қазіргі сағат сайын дамыған зымыран дәуірде адамдардың ой-қиялының күрделенгенін білуге болады. Заман қалай болса, бөркің де солай болғаны шығар. Қазіргі заманда барлық нәрсенің құны бар деген сөзді естіп қаламыз. Тек ақшаң болса болғаны. Жер бетінде адамның ойын торлаған бір нәрсе ол –  ақша. Барлық нәрсенің құны бары рас, қасиетті махаббаттың ақшаға сатылып жүргені де жасырылмайтын шындық. Өкінерлігі, жастар аузынан махаббаттың ақшамен өлшенгенін есту болып жүр. Заман өзгерді дегенді желеу еткен жастарымыз махаббаттың не екенін білуге де тырыспайды. Супермаркетте жүргендей ақшаң болса болғаны, ләззатты күндер мәңгі дейді".

"Дүниенің барлық нәрсесін ақшаға айырбастап жүргендерге мынаны ескерткім келеді: Бұл дүниеде жаратып, жоқтан бар қылған, аш болсаң тамақ, басыңа пана, көңіліңе медеу сыйлаған, ақ батасын беріп, аялаған әке-шеше мейір-шапағатын ақшамен өлшеуге бола ма? Күллі дүниеге нұр шашып, жарығын сыйлаған Күнді ақшамен саудалауға бола ма? Жер басып жүрген жан атаулыға тыныс сыйлаған тұп-тұнық ауаны ақшамен саудалауға бола ма? Махабатта осы үш нәрсе сияқты ақшаға айырбастауға, саудалауға келмейді".

"Ақын өлеңінде мынадай жолдар бар: "Махабатты үйлену деп ойлайды. Құдыреттің құнын білмес сорлылар". Жастар жүрегіндегі махабаттың жауабы айтпаса да осылай. Ынтызар екі жас қосылса, бір жастыққа бас қойса махаббат орындалады деуге болмайды. Махаббат бейне шамшырақ секілді. Шам жағуға, оның көмегімен айналаны көруге ұзақ дайындық керек. Білте, май, от-орын әзірлегенде ғана шамшырақ қараңғы түнге жарық шашады, жанарыңа сәуле береді. Көз алдың нұрланады, көңілің жұбанады. Махаббат қараңғы тірліктің жол бастар адал басшысы, шамшырағы. Ол бүкіл дүниені нұрландырып тұратын күн іспетті. Махаббатсыз тіршілік атаулыны ғұмыры көгеріп-көктемек емес. Оны ешнәрсемен бағалауға, саудалауға болмайды".

Кейіпкеріміз жастардың ауылдан кетерде өзіне сұрақ қойып, қалаға не үшін бара жатқанын анықтап алса дейді.

"Жастар ауылдан қашады. Неге? Себебі өзін бағалай алмайды. Өзіне көбірек сұрақ қоюы керек. Қолымнан не нәрсе келеді? Білімім қаншалықты? Қандай өнерім бар? Содан кейін шешімі шығады. Бізде олай емес. Жастардың барлығы қалаға кеткісі келіп тұрады. Қалаға барғанда қолыңнан не келеді? Өз тұрмысыңды қамтамасыз ете аласың ба? Онда бар, тіпті мұхит асып шетелге кет. Кейбір тепсе темір үзетін жігіттер соны ойламайды. Қалаға барады да күзетке жұмысқа кіреді. Жас кезде денсаулықты пайдаланып, жұмыс істеу керек қой. Күзетте тұру, уақытыңды босқа өлтіру емес пе?" - дейді ол.

Оңласын Жанашұлы қоғам арасындағы екіжүзділік, көзбояушылық жоғалса екен дейді.

"Адам не істесе де бәрі өзі үшін ғана екенін есте сақтауы керек. Сен, мысалы, оқысаң өзің үшін оқисың ғой. Шенеунік болсаң да өзің үшін істейсің. Адам мемлекет, халық үшін істеп жатырмын деп айтпауы керек. Адам алдымен өзінің жағдайын жасайды. Біздің қоғамда халық үшін істеп жатырмын деп көп айтады. Олай алдамау керек. Халық үшін істеп жатқан адам бірден көзге түседі, басқаша болады", - дейді ол.

"Менің арманым мемлекет ауылды дамытуға мамандар тартса. Ақшалы, кәсіпкер жігіттер де ауылға көңіл бөлсе деймін. Сол кезде ауылдан жастар кетпейтін еді. Ауыл шаруашылығын жолға қойса, мектепті, емхананы дұрыстаса деймін. Салынбай жатқан спортзалдар бой көтеріп, мәдениет ошақтары көбейсе деймін. Қалаға жастардың ағылып кетуінің де бір себебі сол болса керек. Кейінгі кезде аз да болса жастар ауылымызға оралып жатыр", - дейді кейіпкеріміз.

Оңласын Жаңашұлының қолда қалған малы аз екен. Қыста қасқырлардан қорып, ірі қараны қорада ұстайды. Қалғаны тауда, өзі анда-санда барып көріп тұрады.

Бұл кейіпкеріміздің досы – Ботагөз

"Мұның алдында тура осындай жетім құлын болды. Соны осы жерде саумал беріп бақтық. "Ботагөз" десең шауып келетін. Көзі мөлдіреп тұрғасын солай атадық. Кейін қысқа жақын ауырып өліп қалды. Оған қызым қатты қайғырды. Сосын осы ат Ботагөзге ұқсайтын болғасын сатып алдым. Кейіннен "Ботагөз" деп атап кеттік", - дейді Оңласын.

"Қазақ деген табиғаттың еркесі ғой. Бізді төрт түлік малмен, бүркітпен, атпен және қасқырмен байланыстырып жатады. Мұның бәрі тура айтылған. Қазақта "Ат - ердің қанаты" дейді. Қазақ 18 мың ғаламды бар жағынан зерттеп алған. Адам жалпы табиғатпен егіз ғой. Сондықтан ауылдан кеткім келмейді. Қалаға барсам, тынысым тарылады. Не деген зулап жатқан тіршілік...", - дейді Оңласын Жанашұлы.

Қазір кейіпкерімізде 3 қойын дәптер өлеңі бар. Арасында проза да жазады.

"Жас кезімде қадірін білмеппін. Көп өлең жаздым. Бірақ жыр дәптерлерімді кім көрінгенге сыйлап жіберетінмін. 15 шақты қолжазбам солай кеткен шығар. Кейінгі кезде ғана жинап жүрмін. Алдағы уақытта бір кітап шығару ойда бар", - дейді Оңласын.

Оңласын Жанашұлынан бір өлең

Балауса сезім,
Ғашықтық кезім,
От болып күйіп жанатын.
Жаңбырлы күндер,
Боранды түндер,
Ауылына іздеп баратын.
Таусылып төзім,
Сағынып сөзін,
Махаббат хатын жазатын.
Іздесе алмасақ,
Жүздесе алмасақ,
Зарығып аңсап тұратын.
Өкпелетіп едім,
Ренжітіп едім,
Өшігіп маған қалды ма?
Сүйем деп айтқан,
Көңілді қайтқан,
Сол күндер қандай тамаша.

Сыйласқан едік,
Сырласқан едік,
Ұмытып бәрін кетті ме?
Өтті де айлар,
Жылжыды жылдар,
Ұмытып бәрін қала ма?
Сағынғаным деп,
Ғашық жаным деп,
Жол алып іздеп бара ма!
Бара алмаймын деп,
Келе алмаймын деп,
Бақытты жолын таба ма?

P.S. Қоштасарда Оңласын Жанашұлының қолжазбасынан бірнеше өлеңін суретке түсіріп алдым. Мақсат Алматыға апарып, жариялау.

Жан-жағын қарағайлы тау қоршаған осынау кішкентай ауылдағы адамдардың барлығы маған ақын сияқты, бірақ онысын өздері ұмытып кеткендей болып елестеді. Хайыр-қош айтысып жолға шықтық. Сол жағымызға Торайғыр тауын, оң жағымызға Қулықты тастап, Алматыны бетке алдық. Артымызда Күнгей Алатауы қол бұлғап қала берді.

Мәтінін жазған Тұрсынбек Башар

Суреттерді түсірген Ернар Алмабек