Мен қалай алғаш рет автомат аттым - журналистің әскердегі бір күні

Мен қалай алғаш рет автомат аттым - журналистің әскердегі бір күні

2022 жылдың 10 желтоқсанында "Сағадат Нұрмағамбетов" атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының "Әли" оқу орталығында БАҚ өкілдерімен квест (әскери-спорттық ойын) өтті. Бұл жарысқа журналист ретінде мен де қатыстым.

Алматыдан таңғы 07:30-да қала маңындағы "Сағадат Нұрмағамбетов" атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының оқу орталығы – "Әли" полигонына шығып кеттік. Бізді ол жақтан қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Қамалетдинов Сұлтан Бүркітбайұлы бастаған бір топ офицерлер күтіп алды.

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлер әскери институты-Қазақстан армиясы үшін сардарларды даярлайтын негізігі ұстахана.

Институттың бас міндеті болып құрлық әскерлерінің жоғары мамандандырылған офицерлерін дайындау. "Сағадат Нұрмағамбетов" атындағы Құрлық әскерлері Әскери институты Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Қарулы Күштері үшін әскери кадрларды бірлесе даярлайтын оқу орныдардың тізбесіне еңгізілген. Бүгінде инститтутта Тәжікістан, Қырғызстан елдерінің курсанттары кәсіби білім алып жатыр.

Алдымен бізді Құрлық әскерлері әскери институтындағы қару-жарақ, әскери техникалармен таныстырды. Бұл жерде ерекше назарымызды аударған Arlan жауынгерлік көлігі. Бұл техика отандық өнім. Салмағы – 16 тонна. 9 адам сияды. 5,55 оқпен қаруланған. НАТО стандартына жауап береді.

Көлік сағатына 100 километр жылдамдықпен жүре алады, баллистикалық шабуылдан сақтап, минаға төтеп беру үшін екі рет құрышпен қапталған.

"Арлан" жарықшақтарға төзімді әрі жарылыс күшін бейтараптандырады. Бронды машинамен –50°C аязда да, +50° аптапта да жүруге болады. Әрі биологиялық және химиялық қаруға қарсы қорғаныс жүйесі орнатылған. Тұманда да, басқа да ауа райында жауды анықтау қабілетіне ие.

Квест барысында БАҚ өкілдері полигондағы армияның далалық атыс даярлығының динамикасын жеке басынан өткізіп, ұрысқа жақын жағдайда дайындалған сарбаздардың тағамынан дәм татты, ең бастысы арнайы әскери операцияның қатысушысы болды.

400 метрге норматив тапсыру мен ойлағаннан әлдеқайда қиын болып шықты. Кедергілерден өтуден бөлек 2,5 метр биікте жүру, алғаш келген адамға оңай емес екен. Менің бұл жердегі көрсеткішім 3 минут 55 секунд. Ал нормативтің негізгі стандарты 2 минут 10 секунд екен. Болашақ офицерлер ай сайын осы нормативті орындайды.

Журналист болғасын өз міндетімді орындау мақсатында осындағы курсанттармен де тілдестім.

Исахан Бейбарыс

Сондай курсанттардың бірі – Исахан Бейбарыс Қуатұлы Құрлық әскерлері әскери институтының 2 курсында оқиды. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Шаян аулының тумасы. 2021 жылы осы институттың курсанты атанған. Бала кезінен әскери өмірді армандаған. Болашақтағы мақсаты генерал болу.

"Алға қойған мақсаттарын орындау үшін десанттық шабуылшы әскерлері мамандығында оқып жатырмын. Оқу барысы жақсы. Осы жерде ҚР қорғаныс күштеріндегі қару-жарақпен танысып, оны практикада сынап көріп жатырмыз. Үш мезгіл тамағымыз бар. Жылына екі рет демалыс береді. Қыста 15 күн, жазда 1 айға үйге барамыз. Қазіргі жастарға айтарым, қарулы күштерге келіп, ел алдындағы борышын өтесе жақсы болатын еді", - дейді ол.

Артиллеристердің далалық оқу жаттығу орнына барып, арнайы өтіп жатқан оқу жаттығумен таныстық. "Гаубица" деген қаруды кинода көргенім болмаса, жақыннан бірінші рет көруім. Артилерия екі топқа бөлініп, бірі 15 шақырым қашықтықтағы көрінбейтін, екіншісі 1 шақырым қашықтағы көрінетін нысананы атып жатыр. Журналистер арасынан Гаубица Д 30 қаруынан атып көруге ұсыныс білдірді. Әріптесім Ксения Калашникова екеуміз атуға ниет білдірдік.

Ксения Калашникова қауіпсіздік мақсатында бронжилет пен каска киіп жатыр

Бронжилет пен каска кигізді. Бронжилеттің салмағы 15 кило.

Гаубица Д 30 қаруын оқтап жатқанда, 3-4 метрдей жерге дейін жақындап бардым. Командир: "Зеңбірек!" деп бұйрық бергенде "атылды!" деп айғайлап, жіпті тартады екенсің.

Құлақ тұнып, қару оғының желі кәдімгідей кеудемнен арқаға итерді. Бойымда қан қыз-қыз қайнап жатыр. Еліміз айналасындағы болып жатқан жағдайды ойлап, елдегі тыныштыққа бір сәт тәубе еттім

Айтпақшы, әскери бұйрықтардың барлығы да қазақша. Бұл жағдай қатты қуантты. Командирлердің айтуынша, қазір бұйрықтар қазақ тілінде орындалады.

Бұл жерден де теориялық білімін практикада сынап көріп жатқан курсанттарды кезіктіріп, сөзге тарттым.

Аманалы Айдәулет

Құрлық әскері әскери институтының артиллерия мамандығының 4-курс курсанты Аманалы Айдаулет кезекті оқу-жаттығуды өткізіп жатыр. Ол - Жамбыл облысы Тараз қаласының тумасы. Қаладағы №26 Абай атындағы мектептің түлегі.

"Біз бұл жерде қарсыластың танкісін жою мақсатында № 1 А тапсырмасын орындап жатырмыз. Артиллерия әскері құрлық әскерінің қарсыласын жоюдың негізгі күші. Мен осы мамандықта оқып жатқаныма мақтанамын. ҚР қарулы күштерінің болашағы біздің, яғни жас мамандардың қолында. Бұл тапсырманы Гаубица Д 30 қаруымен орындадық. Қару 15 шақырым алыстағы нысананы ата алады. Бұл жерде нысананы көру үшін 1 шақырым қашықтағы нысананы көздедік. Ал, екінші оқу орнында 15 шақырым қашықтыққа ату жаттығуын жүргізіп жатыр", - дейді ол.

Осы теориялық білімін іс жүзінде сынауға үйретіп жатқан оқытушылардың бірі подполковник Қуат Қошқарбаев. Ол артиллерия кафедрасының оқытушысы.

"ҚР сұранысы бойынша біз құрлық әскерлерінің әскери институты құрлық әскерлерінің офицер құрамын дайындап жатырмыз. Институт міндеті бүгінгі таңда айналамыздағы болып жатқан жағдайларға тез бейімделіп, жоғары білімді, жан-жақты, заианауи қару түрлерін тиімді пайдалана алатын офицерлерді дайындау. Айтылған талаптарға сәйкес құрлық институты жыл сайын 50-ге жуық офицер артелистерді дайындайды. Офицерлеріміздің кәсіби деңгейі өте жоғары. Оған дәлел жыл сайын өтетін арми ойындарда офицерлеріміз бірінші орын алады", - дейді оқытушы.

Дарбишев Мырзағали Вахабұлы "Сағадат Нұрмағамбетов" атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары

"Біз қазір "Әли" атындағы Құрлық әскерлері әскери инстутының полигонындамыз. Бүгінгі шараның мақсаты әскери қарумен жас офицерлердің қалай дайындалатынын көрсету. Сіздерге еліміздегі қарулы күштердегі қару-жарақтардың қалай жұмыс істейтінін, курсанттар немен айналысатынын көрсетеміз. Келген БАҚ өкілдері қару-жарақпен танысады, өздерін де қару атып, бір сәт әскери өмірді сезінеді. Сондай-ақ, спорттық жарысқа қатысады. Оларды кейін нәтижелеріне қарап, үздіктерді анықтайтын боламыз", - деді ол.

Бұдан кейін біз "Калашников" автоматынан ату үшін арнайы ату орталығына келдік. Кезекке тұрып, аты-жөніміз бойынша екі оқпандағы (магазин) 13 оқ таратты. Оның бірінде 3 оқ – алдымен атып байқау үшін, екіншісінде – 10 оқ

Полковник Роман Акмаев алдымен бізге қауіпсіздікті үйретті. Сосын тағы да бронжилет пен каска киіп, нысананы атуға кірістік.

Аңшының баласы болғандықтан мылтық ату маған таңсық емес. Әкем 5-6 жасымнан үйреткен. Ал автоматты бірінші рет қолға ұстауым. Бронжилет киіп, каскамен автомат ату қиын екен. Каскаң көзіңе түсіп кете береді, көздеуге оқ өткізбейтін кеудеше де кедергі келтіреді. 

Бірақ жас кездегі машық көмегін тигізді. 100 метр қашықтықтағы нысананың тоғыздығына 4 рет тигіздім. Жалпы, 75 балмен журналистер арасында үздік атандым

Ойын қорытындысы бойынша үздік командалар анықталды. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар марапатталды.