Зиялылар ізі қалған әйгілі көше

Зиялылар ізі қалған әйгілі көше

Алматы тарихи шежіресімен сұлу. Бұлай дейтініміз, қазақтың алғашқы оркестрі, ұлттық киномыз, цирк, өзге де рухани құбылыстар осы қалада қалыптасып, өркен жайды. Жаратылыстану, медицина ғылымдары бойынша қаншама жаңалықтар осы шаһарда ашылды. Қабырғалы қаламгерлер бәрімізге таныс шығармаларын Алматыда жазды, әйгілі сазгерлер бәрімізді талай жылдан бері әлдилеп келе жатқан әндерін Алматыда дүниеге әкелді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қазақтың ғылымы мен руханиятын Алматысыз елестету мүмкін емес. Яғни, Алматы - зиялылар қаласы.

Қазақ ғылымы мен мәдениетін қалыптастырған алыптар Осы Алматыда тұрды. Сол зиялылардың дені өмір сүрген бір көше бар. Сіз ол көшені бұрын да көргенсіз, бәлкім аллеясымен жүрген де боларсыз. Бірақ, назар аудармаған болуыңыз мүмкін.

Бұл әйгілі Төлебаев көшесі.

Мұнда Мұхтар Әуезовтің үйі бар, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Александр Сызғанов (А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы осы кісінің атына берілген), Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин сынды көптеген зиялылар осы көшедегі көпқабатты үйлерде өмір сүрген.

Абай даңғылын бойлап Орталық стадионнан Республика сарайына қарай жүрсеңіз, Қонаев көшесіне жетпей жол жиегінде бір ескерткіш тұр. Ол Мұқан Төлебаевтың ескерткіші.

Біз айтып отырған әйгілі көше осы жерден басталады.

Көше атауы берілген Мұқан Төлебаев кім десеңіз, ол – көрнекті композитор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Бұрынғы әнұранымыздың авторларының бірі болған.

Қонаевтың музей-үйі

Бүгінгі серуенімізді Төлебаев пен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысынан бастадық. Себебі, осы жерде аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың музей-үйі орналасқан.

Д.А.Қонаевтың музей-үйі 2001 жылы ашылды. Оған дейін бұл жер Композиторлар үйі болған екен. Музей-үйдің экспозициясы үшін өткен ғасырдың 55-60 жылдары арнайы таңдап алынған. Мұндағы экспонаттардың барлығы Қонаевтың көзі тірісінде қолданған заттары, жұмыс кабинетінің интерьерін жабдықтауда да өзі қолданған кеңселік заттарды топтастырған.

Реэкспозиция жүргізілуіне байланысты музей-үй жабық тұр екен. Көрсетілген байланыс нөміріне хабарласқан едік, аз күнде жөндеу жұмыстары аяқталып, қайтадан келушілерді қабылдайтындарын жеткізді. Алдағы күндері келем десеңіздер, мекен-жайы: Төлебаев көшесі, 117 үй.

Музей-үйдің жанында кішігірім парк бар. Көктем келіп шуақты күндер де басталды, енді гүлдер егіліп, субұрқақ іске қосылады. Парктың дәл ортасында Қонаевтың ескерткіші бой көтерген. Еңселі ескерткіштің музей-үй жанынан салынуы құптарлық іс. Осы маңды Қонаев атамыздың өмірі мен қызметіне арналған кешен деуге болардай.

Түгелімен композиторлар тұрған үй

Дәл осы 117 үйде түгелімен зиялылар тұрған ба деп қаласыз. Үйдің қабырғасы толған ескерткіш тақталар. Қонаевтың музей-үйі аяқталған бойда Бақытжан Байқадамовтың ескерткіш тақтасы тұр. Музыка саласында өшпес із қалдырған Байқадамов, ескерткіш тақтада жазылғандай, Қазақстанның хор өнерінің негізін қалаған адам.

Одан әрі үш ескерткіш тақта қатар қойылған. Осы көпқабатты үйді композиторар үйі  демеске тағы да шарамыз жоқ. Кезекті үш ескерткіш тақтадағы К.Күмісбекұлы, Л.Хамиди, Қ.Мусен де қазақ музыкасына өлшеусіз еңбек сіңірген сазгерлер.

Қазақстанның Халық әртісі М.Маңғытаевтың ескерткіш тақтасы Қазақстан Композиторлар қауымдастығының дәл түбіне ілінген. Сазгерлер үйі дейтініміздің тағы бір себебі осы – бұл үйде Композиторлар қауымдастығы да орналасқан. Есіңізде болса, Қонаевтың музей-үйі бұрын Композиторлар үйі болғанын айтқан едік.

Бұл ескерткіш тақталар да 117 үйдің қабырғасына ілінген. Бәрі қазақ музыкасын биікке көтерген әйгілі тұлғалар. Төлебаев көшесіндегі осынау үйді сазгерлер үйі деп атаудың орынды екеніне енді толық көзіңіз жеткен болар.

Төлебаев көшесінде қандай министрлер мен саясаткерлер тұрды?

Көріп тұрғаныңыздай, ескеркіш тақта көрнекті Мемлекет және қоғам қайреткері Сұлтан Жиенбаевқа арнап орнатылған. Жиенбаев Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін 9 жауынгерлік медальмен марапатталған. Олардың ішінде екі мәрте Ұлы Отан соғысының 1-ші дәрежелі ордені, «Ерлігі үшін» медалі, Ресейдің «Великая Победа» ордені бар.

Көрнекті Мемлекет қайраткері 1962 жылы Қазақ ССР-інің Сауда министрі болып, 1970 жылы Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалған.

Мәлік Фазылов қазақстандық дипломатияның негізін қалаушылардың бірі, КСРО-ның шетелдегі төтенше және өкілетті елшісі лауазымын иеленген тұңғыш қазақ. Ол Африкадағы Мали еліне елші боп аттанғанға дейін Қазақ КСР Сыртқы істер министрі болған. 

 

Ал, Бекайдар Жүсіпов ғұмырын заң саласына арнаған тұлға. Ол 1962-1970 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Сотының төрағасы, 1970-1984 жылдары Қазақ КСР Әділет министрі қызметін атқарған. 

Темірхан Жақыпов ҚР Еңбек сіңірген экономисі болған. Ауылшаруашылығына арнап көптеген монографиялар жаза жүріп, өзі де агроэкономика саласында еңбек еткен.

Төлебаев көшесінде уақытында КГБ-ны басқарған адам да тұрған екен. Әубәкір Арыстанбеков 1960-1963 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы КГБ-ның төрағасы болған. Ол өзі төраға болып тұрған кезде Ш.Құдайбердіұлына қатысты КГБ архивіндегі құжаттарды ғалымдарға беріп, Шәкәрімнің ақталуына септескен деген деректер бар.

Көрнекті саясаткер Аманулла Рамазанов 1972-1978 жылдары Шымкент облыстық партия комитетінің, 1978-1984 жылдары Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған.

Әдетте біздің жадымызда мәдениет саласында еңбек еткен танымал тұлғалар көп сақталады да, үнсіз ғана елге қызмет еткен саясаткерлер ұмытылып кетеді. Төлебаев көшесі осындай тұлғалардың есімін айшықтап тұр.

Бұрын бұл көшені тұрғындар «Тулебайка» деп атаған. «Тулебайкада» тұрған Мемлекет қайраткерлері мұнымен тәмамдалмайды. Ұлы Отан соғысының ардагері, 1971-1985 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрі болған Михаил Моторико, 1966-1970 жылдары Атырау (Гурьев) облыстық Атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғары кеңесінің депутаты болған Файзен Зикринов та осы көшеде тұрған.

Саяси қызметте жүріп халқына аянбай еңбек еткен «Тулебайка» тұрғындарының арасында қазақтың аяулы қызы Дәмеш Бейсенқызы да бар. Д.Бейсенқызы ұзақ жылдар бойы Қазақ КСР Сауда министрінің орынбасары болып қызмет атқарған. Мемлекет және қоғам қайраткеріне арналған жоғарыдағы ескерткіш тақта 2008 жылы орнатылыпты.

Бұл көшеде Кеңес Одағының 3 батыры тұрған

Қазақ даласынан шыққан ұшқыш Сергей Луганскийдің екі мәрте Кеңес одағының батыры атануының даңқты себептері бар. Ол Екінші Дүниежүзілік соғыста 390 рет жауға қарсы ұшақпен атойлап шығып, фашистердің 37 ұшағын атып түсірген, 2 рет әуе таранын жасаған. С.Луганский бірінші рет 1943 жылдың 2 қыркүйегінде Кеңес Одағының батыры атанса, екінші рет 1944 жыдың 1 шілдесінде осынау биік құрметке бөленеді.

Мәлік Ғабдуллиннің есімі көпшілігіңізге таныс. Бостандық ауданындағы Ғабдуллин көшесімен талай жүрген боларсыз. Оның шығармаларын оқыған да шығарсыз. Әйгілі жазушы генерал И.Панфиловтың 8-гвардия дивизиясының қатарында соғысқа қатысып, 1943 жылы Кеңес Одағының батыры атанады.

Жазушы әрі әдебиет зерттеушісі М.Ғабдуллин соғыстан келгеннен кейін толықтай шығармашылықпен айналысқан. Қыруар еңбектерінен кейін филология ғылымдарының докторы, КСРО Педагогика ғылым академиясының акадеигі болады.

Төлебаев көшесінде тұрған тағы бір Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов. Екінші Дүниежүзілік соғыста пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарған. Тіпті, Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысқан.

Тағы бір қызық жайт, Сағадат Нұрмағамбетов Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болған. Ол даңқты армия генералы әрі «Халық қаһарманы».

Ғалымдар. Қаламгерлер. Мәдениет қайраткерлері

«Тулебайкада» тұрған ғалымдар да аз емес. Жаратылыстану, медицина, гуманитарлық салалар. Тұтастай зиялылар көшесі демеске шараң жоғын сезінесің.

Медицина саласында қызмет еткен ғалымдарға тоқталар болсақ, әуелі Александр Сызғановтан бастауымыз керек болады. Академик А.Сызғанов елімізде алғаш болып Қазақ клиникасы және эксперименттік хирургия институтын құрған. Жоғарыда сөз еткен А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы осы кісінің атына берілген.

Ол өз ізденістерінің арқасында лимфа жүйесі туберкулезін, жүрек-қан тамыр, тыныс алу, ас қорыту жүйелері ауруларын, эндеметрия бұғақ ауруын хирургиялық жолмен емдеу әдістерін тауып, оларды күнделікті дәрігерлік тәжірибеге енгізген. Расында, бұл мәліметтерге қарап отырып, Төлебаев көшесінде ғұламалардың тұрғанына көз жеткізесіз.

Тағы бір медицина ғылымдарының докторы, профессор Әкрам Ыдырысов та осы көшеде ғұмыр кешкен. Көрнекті ғалым Ә.Ыдырысов онкология саласында ұзақ жылдар қызмет етіп, даңқты хирургке айналды.

Енді Төлебаев көшесінде тұрған өзге де ғалымдарға тоқталып өтейік.

1.    Асқар Қонаев – аса көрнекті ғалым, академик, металлургия және минералдық шикізат салалары бойынша жаңалықтар ашқан. Дінмұхамед Қонаевтың інісі;

2.    Ләйлә Әуезова – белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы. Мұхтар Әуезовтың қызы, Асқар Қонаевтың әйелі. Жоғарыдағы ескерткіш тақта ерлі-зайыпты ғалымдар тұрған үйге қойылған;

3.    Шәмшиябану Сәтбаева – ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор;

4.    Шабдан Болғожин – тау-кен ісі саласындағы көрнекті ғалым, академик, техника ғылымдарының докторы, профессор;

5.    Мүсілім Ермеков – көрнекті ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор;

6.    Илья Лукич Ким – экономика ғылымдарының докторы, профессор, ұзақ жыл қаржы-экономика салсында еңбек еткен. Тіпті, 1961 жылы Қазақ КСР Қаржы министрі болып бекітілген;

7.    Георгий Медоев – көрнекті ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, геология саласында көп жылдар қызмет еткен профессор;

8.    Аймақ Жанғалиев – ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор;

9.    Асан Тайманов – аса көрнекті математик, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанда математикалық логиканың негізін қалаушы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

Орыстан шыққан Қазақстанның Халық жазушысы

Біз көптеген Халық жазушыларын білеміз. Олардың ішінде Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев сынды қабырғалы қаламгерлеріміздің біразы бар. Алайда, өзі орыс ұлтының өкілі бола тұра қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан Дмитрий Снегинді білеміз бе?

Д.Снегин Екінші Дүниежүзілік соғыста батыр атанған қазақ даласынан шыққан ұландар туралы бірнеше кесек шығарма жазған. Атап айтқанда, Кеңес Одағының екі мәрте батыры С.Луганский, әйгілі И.Панфилов, даңқты перзенттеріміз Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллиндер туралы жазылған шығармалары уақытында жоғары бағаланған.

«Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтан Қожықовтың ертеректе түсірілген «Біз Жетісуданбыз» картинасының сценарийін де Д.Снегин жазған. Қазақстанның Халық жазушысы атағын беру 1984 жылы тұңғыш рет бекітілгенде, алғашқылардан боп Ғ.Мүсіреповпен қатар Д.Снегин де осы сыйлықты алған. Екі жазушының тұрған үйі де бір пәтерде.

Бұл көшеде тұрған жазушылар аз емес. Олардың қатарында Қазақстанның Халық жазушылары Жұбан Молдағалиев, Тахауи Ахтанов, Мәриям Хакімжанова, Әнуар Әлімжанов, жазушы әрі аудармашы Әбілмәжін Жұмабаевтар бар.

Кинодан, театрдан көрген актерлар, белгілі журналистер, көрнекті суретшілер, әйгілі спортшылар да Төлебаев көшесінде көрші тұрған.

Атап айтқанда, Халық әртістері Кәмәси Өмірзақов пен Әмина Өмірзақова, қазақтан шыққан алғашқы кәсіби суретшілердің бірі, Халық суретшісі Молдахмет Кенбаев, көрнекті журналистер Ұзақ Бағаев, Кеңесбай Үсебаев, қазақ боксшыларын дайындауда елеулі еңбек сіңірген бапкер Әбдісалан Нұрмаханов көрші тұрған тұлғалар.

Аллеядағы Виктор Цой

Төлебаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында Виктор Цойдың ескерткіші орын тепкен. Әйгілі рок-музыкант Виктор Цойдың Қазақстанмен, Алматымен байланысы туралы өзіңіз де білесіз. Цойдың алматылық тыңдармандарына арнап 2018 жылдың 21 маусымында осы ескерткіш орнатылды.

Төлебаев көшесінің ортасында аллея бар. Заманауи үлгіде жасалған, орындықтары, шамдары, жаяу жүргіншілерге арналған тротуар, бәрі де жаңартылған. Аллеяның екі жағына көліктер жүретін асфальт төселген. Жаяу серуендеуге де, көлікпен жүруге де жағдай қарастырылған.

Төлебаев көшесіндегі музей-үйлер

Бұл көшеде 4 мемориалдық кешен бар. Яғни, төрт тұлғаның музей-үйі орналасқан. Жоғарыда Қонаевтың музей-үйі туралы әңгімелеген болатынбыз. Қалған үш мемориалдық кешен де тарихи маңызы орасан орындар.

Суретте «Әуезов үйінің» кіреберісі көрсетілген.

Классик жазушымыз Мұхтар Әуезов бұл үйде 1951-1961 жылдары тұрған, жазушыға арнайылап салынған үй. 1961 жылы Әуезов қайтыс болған соң, бірден өзі тұрған үйді мұражайға айналдыру туралы шешім қабылданады. Экспонаттарды ғылыми негіздеп, үйді көрмеге ыңғайлап жөндегеннен кейін 1963 жылы 28 қарашада музей ресми түрде ашылған.

«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы қазір уақытша жабық тұр. Себебі, заманауи үлгіде реэкспозиция жүргізілуде. Аз күнде қайтадан келушілерді қабылдай бастайды. Мекен-жайы: Төлебаев көшесі, 185 үй.

Төлебаев көшесіндегі кезекті музей С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың әдеби-мемориалдық музей кешені деп аталады. Бұл екі кешен көршілес екі пәтерде орналасқанымен, бір орталыққа қарайды.

Суреттегі Сәбит Мұқанов музей-үйі 1978 жылы ашылған. Бұл үйде классик жазушымыз 1965-1973 жылдары отбасымен бірге тұрған. Көзі тірісінде қолданған заттары мен бар мұрасы осы музей-үйде сақтаулы. Мекен-жайы, Төлебаев көшесі, 125 үй.

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың әдеби-мемориалдық музей кешеніне қарасты Ғабит Мүсіреповтың музей-үйі 1991 жылы ашылған. Екі классикке арналған бұл әдеби экспозиция жазушылардың өмірі мен шығармашылық жолдарын баяндайды. Музей-үйлерге келу арқылы екі алыптың жастық шағы, оқу жылдары, жазушы ретінде қалыптасу кезеңдері, саяси-қоғамдық қызметтері туралы мол ақпарат аласыз. Ғ.Мүсіреповтың музей-үйі Төлебаев көшесі, 130 үйде орналасқан.

Міне, әйгілі «Тулебайканы» толық аралап шықтық. Тұтастай ХХ ғасырдың тарихын арқалап тұрған, ХХ ғасырдағы тірі классиктердің табанының ізі қалған көшемен жүру сізге де ерекше әсер сыйлайды. «Тулебайкадағы» ағаштар бүр жара бастапты, Алматының көктемгі ауасын жұтып серуен құрып қайтыңыз...