"Алматы трагедиясы": бір аптадан кейінгі қала күйі

"Алматы трагедиясы": бір аптадан кейінгі қала күйі

Барыс жылы барысша айбат шеге келгенімен тырнағы талайлардың жанын осып түскені белгілі. Бір-ақ сәтте қазақ жұртшылығын жұдырықтай жұмылдырып, жұмыр жүрегін тіліндіріп жіберді. Ару қаламыз Алматының өзегіне өрт тастап, халықтың жүрегіне үрей деген дерт тастап кеткен дүрбелең басылса да адамдарда қорқыныш басыла қойған жоқ.

Ботасынан айырылған аруана секілді Алматының аспаны да бірнеше күннен бері тұманға тұмшалаулы еді. Дәл бүгін олай болған жоқ. Қанша күннен бері түрлі жаңалықтар мен сұмдықтарға белшесінен батқан қала тұрғындары жақсы жаңалыққа зәру-ақ. Бір аптадан кейінгі қала күйі қалай? Бір шолып шығайық. 

Қазір бәрі сіз ойлағандай қорқынышты емес, бірақ бәз-баяғы қалпында да емес... Сонда да адамдар қалыпты тіршілігіне қайта көшкен. От пен оққа оранған орталықта әскерилер халықтың тыныштығын күзетіп жүр, адамдар да жұмысына еркін барып-келуде.

Бір буынның өшпес тарихына айналған әкімшілікті қайта жөндеу жұмыстарына кіріскен. Дегенмен ала-құла түріне алыстан қарасаң жан дүниең алай-дүлей болатыны сөзсіз.

Ғимараттың құрылысы 1980 жылы басталған. К.Монтахаев, М.Павлов, В.Ким сынды сәулетшілер мен біршама дизайнер, конструкторлар жоба авторлары есебінде. Жобаны әзірлеу кезінде ол Қазақ КСР аумағында бұрын-соңды салынбаған, көлемі 35 мың шаршы км-ді құрайтын ең үлкен құрылыс есебінде еді.

Алты қабатты ғимарат "Ш"әрпі пішініне ие ғимарат 1984 жылдан бері қорғауға жататын сәулет ескерткіштеріне енгізілген. Сондай-ақ, Алматы қаласы Республика алаңының сәулет кешенінің бір бөлігі бола отырып, ол экскурсиялық объект.

Тәуелсіздік алаңында дүрбелеңде қираған дүниенің бәрі тазартылған. Өрт жалмап үлгерген ғимараттардың қаңқасы ғана қалыпқа келгенше қарайып қарап тұрамыз дейтіндей.

Алаңның айналасындағы стратегиялық маңызды нысандарды өрт шалғанымен, тұрғын үйлер дін аман. 

Әкімшілікке жақындай бере «Қазақ сила Алаш» деген жазуды көзіңіз шалса, ол да кешегіден қалған белгі деп біліңіз.

Алаңдағы адамдарға ескертпе ретінде берілген жол белгілері де бұл жерде қандай оқиға болғандығынан хабар береді.

Ескерту, егер әкімшілік жаққа көлікпен бет алған болсаңыз Сәтпаев пен Желтоқсан көшелері және Сәтпаев пен Назарбаев қиылысы жабық.

Көлігіңізді сол маңдардағы автотұрақтарға немесе жол бойына қалдырып, ары қарай жаяу бара аласыз.

Біз әкімшілік ғимаратының артын ала орналасқан Президент резиденциясына да камера басын бұрдық. Жолай әркімнің қолдарына ілігіп, тас есебінде нысандарға лақтырылып тасталдық дегендей брюсчаткалардың орны одырайып көрінеді.

Резиденцияның алды алмағайып кезеңді бастан кешірген. Қоршаулары қирап, күзет ғимаратынан күйіктің иісі мүңкіген кезде қолқаңды қабады. Өткен кеткен адамдар да үңіліп қарап, бас шайқап барады.

Жан-жағынан ентелей жүгірген топ резиденцияны біраз қоршауларынан ада қалдырған екен.

Шыққан өрт пен бораған оқтан қорғануға арнап жасаған тосқауылдары әлі де күзетшілердің керегіне жарап тұр.

Резиденцияның жанын ала жүрген кезде жөндеу жұмыстары басталып кеткеніне көз жеткіздік. Қоршауларды қайта қалпына келтіріп жатқан жұмысшы топ ешкімге назар аудармастан іске кірісіп кетіпті.

Бұл жерде де, алаңда да алаңсыз жүрген жандар көп кездеседі. Біреуі қыдырып, тағы біреуі өртенген, бүлінген жерлерді көруге келсе керек.

Қираған тарихи ғимараттарды, сонымен қатар сол жердегі бүлінген нысандарды қалпына келтіруге тастүйін дайын жұмысшылар тобы да назарымыздан тыс қалған жоқ.

Оларды арнайы автобустармен тасымалдап жатыр.

Тәуелсіздік алаңына жақын жерде орналасқан, жарты ғасырдың жүгін арқалаған "Қазақстан" ұлттық арнасы да жүрек күйігін ішіне жұтып тұрғандай. Қаншама тарихқа толы жазбалары мен ақпараттық студиялары өртеніп кеткен арна қызметкерлерінің ұнжырғалары түскен күйі қайта жөндеу жұмыстарына кіріскен.

Жандарын шүберекке түйіп жүріп, теледидарға телмірген жұртқа ақпарат беруде жұмыстарын бір сәтке тоқтатпаған журналистер қауымы, өртенген арнаның жанындағы ғимаратқа көшіп қызметтерін қалтқысыз жалғастыруда.

Бұған дейін көпшіліктің назарына ілінген бұқа мен "FORTE BANK" ғимараты да фотокамера объектісіне ілінді. Бір тобы сүйреп жүрген бұқаны қазір жұмысшылар жол жиегіне шығарып тастапты.

Ал банк ғимараты ешқашан ештеңе болмағандай жабулы тұр.

Алматының атақты жерлерінің біріне айналған Арбатқа да ат басын бұрдық. Бұл жерде алаңсыз жүрген адамдар қарасы өте көп.

Бұл жердегі біраз қираған шағын бизнес өкілдері өз ғимараттарын қолдарында бар материалдармен жауып тастаған.

Есесіне тамақтандыру орталықтары еркін жұмыс жасап жатыр. Адамдар да күліп-ойнап әңгіме айтып түскі астарын ішуде.

Қару-жарақ сататын "Қорған" аңшылық дүкеніне жақындап келсек, бұған дейін үздіксіз ақпарат беріп отырған, сараптамалар мен шолулар жасап жүрген "КТК" телеарнасындағы журналист әріптестерімізге кездестік. Әлі де тынбай дүрбелең кезінде дүниесі қираған азаматтардан сұқбат алып, тұщымды жаңалықтар дайындап жүр.

Алтын ордаға жақын орналасқан "Апорт молл" сауда орталығының тұрағында көліктер біршама жиналып тұрған соң жұмыс істеп тұр екен деп ойлап үлгердік. Десек те, біз қателескен екенбіз. Ішінде бір түйір заты қалмаған сауда орталығының ғимаратын жалға алып отырған кәсіпкерлер өз сауда алаңдарын қалпына келтіруге жиналған екен. Арнайы рұқсат қағаздары жоқ адамдарды күзетшілер ол жерге мүлде кіргізбейді.

Қала бойынша қаншама жерлер бүлініп, қай бөлігінде болмасын оқиғалар легі қираумен тынған соң барлығын бірдей тазалап үлгеріп жатыр деп айта алмас едік. Бірақ басым бөлігі бастапқы қалпына келтірілген.

Төле би көшесі бойындағы түсірілген мына бір кадрда әлі жиналып үлгермеген қоқыстар мен тұрғын үйге салынған мурал қатты үйлесе кетіпті. Өткеннен қалған қоқыстардың арасынан кішкентай бүлдіршін қыз болашағына үмітпен қарап тұрған секілді әсер қалдырады екен.

Қақаған суықта күндіз-түні тынбай жұмыс істеп жүрген тазалық сақшыларына Алматыдағы "Еріктілер" тобы қолдарынан келгенше көмек көрсетіп, ыстық шәй мен азын-аулақ жейтін тамақ үлестіріп жүр.

Әлі де мейірімділік арылмаған қала тұрғындарының еркін жүргені көңілге қуаныш ұялатады. Есің шыққанда еркіндіктің қадірі еселене түсетіні ақиқат.

Жол мен тоғандарда кейбір түсініксіз шашылып жатқан дүниелер де ара-тұра кездесіп қалып жатты.

Әр жерде терезесі мен есігі шағылған шағын, орта бизнес ғимараттары ағаш дсп сынды уақытша жабуға келетін материалдармен сынған жерлерді көмкеріп тастаған.

Осы аралықта өз кәсібінің жарнамасын да жасап үлгергендер табылды. Сынған әйнектердің орынына жабылған ағаштарға "жылдам әйнек жеткізіп орнату" деген сияқты жарнамалық қағаздар жапсырып кетіпті.

Алматы алып қалалардың бірі болғандықтан әлі де антитеррорлық операциялар жалғасуда. Адамдардың барлығы емін-еркін жүр екен деп заңға бағынуды ұмытып кетпеңіз. Өзіңіздің және жақындарыңыздың амандығы үшін сағат 23.00 мен 07.00 аралығында үйде отыруын талап етіп, қауіп-қатердің сейіле қоймағанын ескертіңіз!

Телеарналардан хабарлап отыратын нұсқаулықты сақтаңыздар! Ал күндізгі уақытта барып келетін жерлеріңіз болса жолдарыңыз ашық, қоғамдық көліктер де жүріп тұр.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!