Жанкешті жалынгерлер: өрт сөндірушілер қалай дайындалады?

Жанкешті жалынгерлер: өрт сөндірушілер қалай дайындалады?

Жұрт арасында өрт сөндірушілер жайлы талай әңгімеге куә болдық. Бірі суы жетпейтін болса неге келеді, енді біреуі тілсіз жауды тізгіндеуге түк те дайын емес күйде келді деп ақпарат беріп жатады. Дегенмен соның астарына үңіліп көрдік пе? Өрт кезіндегі алғашқы шаралар қандай екенін білеміз бе? Тілсіз жаумен күресте текетіресетін бір маман болса, ол – өрт сөндіруші.

Қауіп пен қатердің қақ ортасында жүрген өрт сөндірушілердің бүгінгі жай-күйі қалай? Өрт сөндіру техникалары сақадай сай ма? Мемлекет тарапынан қандай жобалар жүзеге асуда? Қандай көмектер қарастырылған? Осы жайында аз-кем айта кетсек артық болмас.

Кейінгі жылдары төтенше жағдай мен өрт сөндіру жұмыстары саласына жалпы сомасы 33,4 млрд теңгеге түрлі мақсаттағы 597 дана техника, 22 мыңнан астам өрт-құтқару жабдықтары сатып алынған. 2021-2023 жылдарға арналған тиісті жол картасында жалпы сомасы 47,9 млрд теңгеге 731 өрт-құтқару техникасын, 21362 өрт-техникалық және апаттық-құтқару жабдықтарын және 9492 арнайы жабдық сатып алу көзделген. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр қолданыстағы өрт-құтқару техникасы мен өрт-техникалық жабдықтарды жаңғырту шараларын қайта қарауға қатысты депутаттық сауалға жауап кезінде айтқан болатын.

2022 жылы өртке қарсы қызмет мамандарының саны да артады. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жалақыларын жоғарылату бойынша жұмыстар атқарылып келеді.

"Биылғы 1 қаңтардан бастап ТЖМ қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің жалақысы орта есеппен 26%-ға артты. Бұл жұмыс 2023 жылға дейін кезең-кезеңімен жалғасатын болады", - деп жазды Роман Скляр депутаттық сауалға берген жауабында.

Келер жылы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша заң жобасы әзірленеді. Онда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін жетілдіруге, азаматтық қорғау қызметкерлерінің, құтқарушылардың мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуын жақсартуға, өртке қарсы ерікті құралымдардың инфрақұрылымын дамытуға баса мән берілген. 

Бүгін біз Алматы қаласында орналасқан №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміндегі жалынды сөндіру техникалары мен күнделікті жұмыс жайы туралы айтпақпыз. 

Мына өрт сөндіру көлігі біз барған бөлімге жақында келген автопойыз екен. Суретте көрсетіліп тұрғандай бұл "алыпқа" 30 тонна су сияды. Су сорғышының жылдамдығы 70-ке тең. Былайғы күндерде өрт сөндіруші көліктердің барлығына су толып тұрады. Қолданбаса да толып тұруы керек. 

Өте көлемді және жуық арада өше қоймайтын өрттерде осы автопойыз көмекке келеді. Ішіне үлкен қысыммен су жинауға 25-30 минут уақыт кетеді. Ал күнделікті жедел жалынды сөндіруге 4-8 тонналық өрт сөндіру көліктері сақадай сай тұрады екен. Оған су толтыруға 5-10 минут қана жетеді. Көбіне су толтыру уақыты гидранттардың қысымына байланысты. Сондай-ақ әр автоцистернада өзінің көбік құятын жері болады. Ол көбіктер сумен өшіруге келмейтін бензині бар, майлы заттар, машина, жанар-жағармай материалдары жанып жатқан кезде қолданылады. 

Жаңа айтып өткеніміздей бұл - 4 тонналық кезекші өрт сөндіру көлігі. Жан-жағына мән беріп қараңызшы. Қызыл көліктің айналасындағы ақ есікшелерге назарыңыз ауды ма?! Бұл жерде не орналасатыны қызық па?  Білгіңіз келсе кейінгі суреттер арқылы бірге таныс болайық.

Өртке су шашаты түтік құбырлар мен оқпаншалар (ствол) кез келген қашықтыққа арналған. Бірақ алаулап жанған оттың күштілігіне байланысты бұл түтік құбырлар да, басындағы оқпаншасы да ауысып отырады.

Кезекші ауысым әрқашан осы түтік құбырлардан бастап, өрт сөндіруге қажетті құралдардың барлығын тексеріп, қабылдап алады. Мысалы, түтік құбырлар жыртылып қалған жоқ па, суға жалғайтын темірі сынбаған ба деген секілді ақаулар болса бірден ауыстырып қояды. Себебі тілсіз жау ешқандай қателікті кешірмейді.

Мынау үштік әртүрлі қысымдағы, мөлшердегі тетік өрт сөндіру көлігіне орнатылып жан-жақтан су шашуға жағдай туғызады. Негізі өрт сөндіру көліктеріндегі қысымды жүргізуші қадағалап отырады.

Мынау өрт сөндіру (насос) сорғысы. 8-10 атмосфералық қысыммен суды айдайды.

4 тонналық өрт сөндіру көлігіндегі сорғы сағатына 40 л жылдамдықта су береді.  

Суреттің оң жағындағы баған өрт болған аймақтардағы гидранттар арқылы сумен қамтамасыз етуге арналған құрылғы. 

Ал мынау өздеріңіз кейбір жағдайларда көріп жүрген кәдімгі ток беретін генератор. Бұл өрт сөндіру көлігіне не үшін керек деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда жол көлік оқиғаларында адам қысылып қалған жағдайлар болса, кедергі келтірген темірді кесу құралына, сондай-ақ токпен жұмыс істейтін барлық құрылғыларды іске қосуға арналған. 

Жалпы өрт сөндіру көліктерінің әр түрі бар. Олар бірін-бірі толықтырушы қызмет атқарады. Соның ішінде мына көлік артында тұрғандай газ түтіндерден қорғауға арналған жабдықтардан тұрады.

"Кейде өрт кезінде осы көлікпен бірінші жетсең неге сусыз келесің деп кінәлайтындар да табылады.", - дейді №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Дүрназаров Марат Асқарұлы.

Мен бұл жұмысқа 2015 жылы кірдім. Үшінші нөмірлі өрт – бұл ауырлау өрт болып есептеледі. Ұзаққа созылады. Осы өрттерде қиналған кезім болды. Бөлімше командирінің қызметін атқару тіпті қиын. Ол кезде тек өзіңе емес, бөлімшедегі әр өрт сөндірушінің өміріне де жауаптысың.

Менің есімде қалған бір оқиға бар. "Әйгерім" ықшамауданында үйден өрт шықты. Біз жеткенде жанып жатқан үйдің ішінде үш балам қалып қойды деп анасы сыртта жылап тұр. Атасы екі баланы алып шығып, біреуін алып шыға алмапты. Ол 5 жасар бала, бірақ оның қай бөлмеде ұйықтап қалғанын да білмейтін болып шықты. Лапылдап жанып жатқан үйдің ішіне кіріп, аралап, іздеп диванның астында тығылып жатқан жерінен құтқардым. Сол алғаш кішкентай баланы құтқарған кезім еді.

Адам құтқара алмай қалған кездер де болады. Кез келген өрттің ішінен адамды алып шығу – міндетіміз. Алып шығуға техниканың күші жетеді. Бірақ алып шыққан адамды аман алып қалу – біздің қолымызда емес қой. Әртүрлі деңгейде күйік шалады. Алғашқы көмек көрсетеміз. Мысалы тынысы тарылса жасанды дем береміз, ток соқса жерге жатқызамыз. Ары қарай енді дәрігерлердің жұмысы, соларға жеткізіп беруге асығамыз.

Өрт шыққан жерде адамның ыстану ықтималдығы өте жоғары. Сол кезде осы көліктегі оттегі құрылғылары арқылы адам жанын сақтап қалуға және оттан аман алып шығуға болады.

Суреттегі оттегі құрылғысы түтінде жүргенде жарты сағатқа жетеді. Әрине оның өзі адамның қимыл-қозғалысы, жылдамдығына байланысты. Одан бөлек шағын су толтырылған қоймалар бар. Сол арқылы оттың жылдамдығын уақытша тежеуге болады.

Сан қилы жағдайларға арналып жабдықталған көліктің ішіндегі оттегі құрылғысы 4 сағатқа дейін еркін тыныстауға жетеді. Қазақстан бойынша №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде ғана 50 данасы бар екен.

"Dräger" маркалы оттегі құрылғысының сырты жұқа көрінгенмен отқа төзімді. Өрт сөндірушінің өзінен басқа 1-2 адамды ауамен қамтамасыз етуге ыңғайлы жасалған. Бұл аппараттың басқа аппараттардан ерекшелігі өзі жұқа, жеңіл әрі отқа төзімді.

Бұл құрылғының 4 сағатқа жететінінің сыры - адам демалғанда шығарған ауаны тазартып, оттегін қосып, суытып ішке қайтарады, сондықтан ұзаққа шыдайды. 

Басқа аппаратта өрт сөндірушілер қанша оттегі кеткенін өздері есептейді. Ал бұл жерде монометрдің орнына Bodyguard деген құрылғы бар. Уақытты, сыртқы температура бәрін өзі көрсетіп береді. Аппаратты қосар алдында тексерістен өткізбесе, ол дұрыс жұмыс істемейді. Нақты тексерістен кейін дыбыс береді, содан кейін ғана қолдануға болады.

Мына суреттегі "Dräger" маркалы оттегіне диагностика жасаушы. Бұл жерде 4 сағаттық аппаратты қамтамасыз ететін арнайы құрал-саймандары және компьютері бар. Барлық құрылғыны қаншалықты қолдануға болады, немесе істен шыққан ба, осы аппаратпен тексеріс жасайды. Мысалы, кейде құбырлары тесіліп қалуы, үзіліп кетуі мүмкін. Қанша қысымды ұстай алады соның бәрін осы аппарат анықтайды.

30 минуттық пен 4 сағатқа жететін оттегі құрылғыларын толтыруға арналған аппарат осындай екен. Қолданылған сайын осы жабдықпен толықтырып қояды. Егер бұл оттегі толтырушы істен шығып қалса, я болмаса жөнделіп жатқан уақыттарда қолмен де толықтыра алатын құрылғы бар. Ол сорғы (насос) секілді жұмыс істейді.

Өрт сөндірушілердің арнайы киімі 17-20 кг болады. Ішінен киетін арнайы костюмі - 5 кг. Аппараты – 14-15 кг. Одан бөлек түтінге, отқа киетін жеке құралдары болады. 

Арнайы киімді жалғыз өзі киетін болса, норматив – 19-20 секунд. Ал егер түгел бөлім киінетін болса 26 секунд беріледі.

Егер дабыл беріліп, техникамен бірге шығу керек болса 1 жарым минут. Ондай жағдайда қандай қызметте болсаң да, қай жерде отырсаң да жүгіріп шығуың керек.

Күнделікті өрт кезінде киетін киімнен бөлек, қатты жалындап жанған отқа арналған киім бар. Оттың шарпуы қатты болатын өрт кезінде сол арнайы киім болмаса жақындап барып сөндіру мүмкін емес.

Бұл киімді жалғыз адам кие алмайды. Сол себепті жанында ылғи біреу көмектесуі тиіс.

Жылтыр түсті, лаулап жанған отқа арналған киімді күнделікті өрт сөндіру киімінің сыртынан киеді. Өзі оттегі құрылғысынан бастап жауып тұратын кең.

Бірақ ұзақ уақыт киіп жүру мүмкін емес. Адамды бірден терлетіп жібереді.

Суретте АЛ-32 маркалы өрт сөндіру көлігі. Атында тұрғандай сатысы 32 метрге дейін созылады. Ішінде екі адам отырады. Бұл көлікте су болмайды. Суды цистернамен бөлек әкеліп жалғап, сорғының (насос) көмегімен шашады.  Техниканың өзі осылай жасалған. Бұның жалғыз міндеті - биікке, яғни 32 метрге көтеру. 

Әр көлікте арнайы биіктікке көтеретін сатылар орналасқан. Көпқабатты үйден өрт шыққан жағдайда өрт сөндіру көліктерінде орналасқан сатының ұзындығы жетпеуі мүмкін.  Сондай жағдайда АЛ-32 көмекке келеді. Бір бөлмеден шыққан өрт келесі пәтерге ауысу ықтималдығы жоғары. Сол себепті де алдын алу шаралары жан-жақты жүргізіледі.

Мына автобаспалдақ арқылы терезеден су шашатын болса, сатымен көтерілгендер сорғының атмосфералық қысымын жоғарғы деңгейге қою арқылы өрт бағытына қарай жұмыс істейді.

Өз басыңызда, болмаса танысыңыз, көршіңізде өрт шыққан жағдайда 112 нөміріне хабарласуыңыз керек екенін білесіз. Бірақ,хабарласқан уақытта диспетчерге мынандай ақпараттарды жеткізу ойыңызда болсын!

1. Өрт шыққан орталықтың немесе нысанның мекенжайы, нақтырақ айтсақ көшесінің атауы, үйдің жеке нөмірі және қай қабатта, сондай-ақ, білсеңіз қандай пәтер екенін хабарлағаныңыз жөн;

2. Диспетчерге хабарласып тұрған кім екенін және қосымша қойған сұрақтарына нақты жауап беруіңіз керек;

3. Өрт ошағында адам бар ма, жоқ па, бар болса неше жан, олар жараққаттанған ба, солай болған жағдайда жарақатын сипаттаңыз;

4. Өрт сөндіру көлігі қай бағыттармен келіп орналасқаны дұрыс екенін айту маңызды.

Егер сізде ешқандай ақпарат болмаса диспетчердің сұрақтарына жауап берген бойда барлық қауіпсіздік шараларын ескере отырып көмекке асығыңыз. Өрт болып жатқанын жақын тұрған нысандарға, көршілерге хабарлаңыз. Мүмкін болса эвакуациялауға атсалысыңыз.

Бөлмені тоқтан, газдан ажырату үшін өшіретін орталығын тауып тоқтатыңыз. Өрт қауіпсіздігі жүйесінің автоматы орнатылған болса оның жылдам іске қосылуын қамтамасыз етіңіз. Қолжетімді өрт сөндіру құралдарын (өрт сөндіргіштер, өрт крандары) таба алсаңыз пайдалану қажет. Шелек тауып су құбырынан су алып шашуға айналадағы адамдарды жұмылдырыңыз. Тіпті қажет құралдар болмаған жағдайда мақта көрпені сулап оттың үстін жабуыңызға болады.

Қала ішінде кептеліс кезінде өрт болған аймаққа қалай тез жету жолы да қарастырылған екен. Арнайы өрт сөндіруге арналған мотоциклдер күн жылы кезде таптырмас жылдам көлік.

Өртке барғанда мотоциклмен не шешуге болады деп ойлауыңыз заңдылық. Бірінші жеткен маман өрт жағдайын бағамдап, қанша техника керек, не болып жатыр деген сияқты нақты ақпаратты өрт сөндірушілерге жеткізеді. Одан бөлек арқасында демалатын аппараты, өрт сөндіретін құрал-саймандары болады. Егер адамдар қалып кетсе, шұғыл алып шығуға немесе кішігірім өртті сөндіре беруге көмектеседі. 

Кез келген өрт сөндіру бөлімінде жедел жоспарлар тұрады. Мысалы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне қарасты Алатау ауданындағы маңызды нысандар көрсетілген жоспар бар.

Олар – мектеп, балабақша, емхана сияқты нысандар. Онда қай жерде тұрып өрт сөндіре алады, қай жерден кіру керек, адамдар қай жерге жиналуға тиіс - бәрі көрсетілген. Сол жердің көлемін, ол жерде қанша адам қызмет етеді, түнгі уақытта қанша адам қалып жұмыс істейді, сол ақпараттың бәрі тұрады.

Сол нысанға кім жауап береді, директоры, жауапты адамдардың да нөмірі осы жедел жоспарда жазылып тұрады және ғимаратқа жақын гидранттар көрсетіледі. Өрт сөндірушілер көбінесе осы жоспармен жұмыс істейді.

Мынау телефон аппараты – осы бөлмедегі ең маңызды дүние. 01 қызметі осы телефонға хабарласады. Осы жерге шақыртулар, жедел қоңыраулар түседі. Кезекші қабылдап, егер өрт туралы хабарлама болса, қай жер, қалай бару керек, ең қысқа жолдар бәрін сұрап алады.

Шақырту басқа ауданнан түссе де көмекке кез келген ауданға бара алады. Себебі ірі техникалар, ең үлкен цистерналардың бірнешеуі осы №2 бөлімшеде. Сондықтан Алатау ауданынан басқа аудандарға да көмекке жиі барады екен.

Қызметкерлер кезекпен тынығуға арналған бөлме. Түнгі кезекшілікте қалған адам осында демалып алады.

Қарауыл болған адамнан басқасы шұғыл шақырту болмаса бір уақ тынығады. "Кейде тіпті демалуға мүмкіндік болмайтын кездер болады" - дейді бөлімше командирі.

Демалыс бөлмесінде жалынгерлер арасында теледидар көріп, өзара әңгімелесіп, не болмаса кино көреді.

24 сағатқа белгіленген күнтізбеде қарауылға қарастырылған демалыс уақыты бар. Сол уақытты тиімді пайдалану үшін кейде осы бөлме ыңғайлы.

Оқу бөлмесі жалынгерлердің біліктілігін арттыру мақсатында, теориялық сабақтар өткізуге қолайлы жасалған. Бұл жерде алдын ала жоспарлар құрып, қандай жағдайда нендей шара қолдану керек екені түсіндіріліп тұрады.

Өрт сөндірушілер күнде таңертең жаттығулар жасап, турникке тартылып, жүгіріп тұрады.

Өрт сөндіру киімімен, кейде тіпті барлық құрылғыларын асынып алып та жүгіреді. Одан бөлек өрт сөндіру көліктерімен де дайындық жасайды. Сатыларды шығару, түтік құбырларды іске қосу сынды нормативтерді орындап тұрады.

Тілсіз жау күтпеген жерде берекеңді қашырады, тіпті темекінің тұқылынан-ақ лаулай жөнеледі. Электр сымдарының дұрыс жалғанбауынан, газдан, пештің аузы ашық қалғанынан, үтікті өшіруді ұмытқан жағдайда деген сияқты себептер толып жатыр. Сол үшін барынша жүрген жерлеріңізді тексеріп, өрттен сақтанып үйренейік!