Ұлттық ұланның биылғы әскери сайысы қалай өтті?

Ұлттық ұланның биылғы әскери сайысы қалай өтті?

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы жыл сайын дәстүрлі түрде әскери қызметшілер арасында "Үздік жүргізуші", "Үздік БТР экипажы" атты байқау-сайысын ұйымдастырады. Бұл шара биыл да жалғасын тапты.

Батыс, Шығыс, Оңтүстік және Орталық өңірлік қолбасшылықтар арасында сайысқа түсетін әскери қызметкерлер өз аймақтарынан үздік шығып республикаға жолдама алғандар. Ал бұл байқау әскери қызметшілердің кәсіптік деңгейін жоғарылату, көліктерді жөндеу және басқарудағы машықтарын шыңдауға бағытталған.

Биылғы республикалық байқау ҚР Ұлттық ұланы әскери бөлімінің оқу орталығында (Жетіген кенті) өтті.

Аталмыш сайыс брондалған әскери техниканың экипаж мүшелері мен КамАЗ 4320 маркалы жүк көлігінің жүргізушілері арасында миналық-жарылғыш бөгеттер, шұғыл бұрылыстар, БТР-мен 4 метрлік сумен өту сынды 8 түрлі кедергілерді бағындыру арқылы әскери дайындығын көрсетуге арналған.

КамАЗ 4320 маркалы жүк көлігімен кедергілерден өту бағыты 1 200 м, брондалған әскери техникамен 5 600 м қашықтыққа орайластырған.

Бұл бағыттарды бағындыру уақыты жүк көлігімен 5 - 8 минут аралығында болса, БТР механик-жүргізушілеріне 7-12 минут белгіленген.

Одан бөлек әр кедергіні бақылаушы, сондай-ақ, жүргізушілердің үздігін анықтайтын бағалаушылар қалтқысыз қадағалап отырады.

КамАЗ 43114 жүк көлігінің салмағы 15 тоннадан асады, сыйымдылығы 18-19 адамға дейін, сағатына 90 км бағындырады, қозғалтқышы 210-240 аттың күшімен есептеледі.

Брондалған әскери техниканың техникалық мінездемесі тіпті қызық. Қозғалтқышында 260 аттың күші бар әскери техника 8 дөңгелектен тұрады және суда да еркін қозғала алады. Бүйірінде ұрыс кезінде қару-жараққа арналған 9 тетік орналасқан.

Төбесінде 14,5 мм-ден тұратын үлкен калибрлы және 7,62 мм кіші калибрлы 2 пулемет орнатылған. Одан бөлек "Ай" деп аталатын 300-500 метр қашықтыққа жететін жарық құрылғысы мен түтіндеткіш гранатасы бар.

Сыйымдылығы 10 адамнан тұратын техника кез келген жағдайға дайын. Мысалы, ішке су кіргенде суды сыртқа төгетін құрылғысы қарастырылған және тығылып қалған жағдайда өзін-өзі тартып шығара алатын мүмкіндікке ие.

Ең қызығы қосмекенділер сияқты суда да, құрғақта да жол талғамайды. Жолсыз жерде сағатына 110 км жылдамдықпен жүйіткісе, судағы қозғалысы - 9 км/сағ.

Суда басқару үлгісі де өзгереді. Мысалы, рөлін жолдағыдай жылдам бұруға болмайды. Оңға бұрса солға, солға бұрса оңға бағытын өзгертіп кетеді.

Экипаж мүшелерінің саны – 3 адам. Олар – жүргізуші, экипаж командирі және бақылаушы.

Осындай сайыстар, оқу-жаттығулар кезінде кедергілерде батып қалған, бұзылып қалған техникаларды "Көмекші техника" деп аталатын көлік дер кезінде жөндеуге дайын тұрады. Ішінде қандай жағдай болмасын барлық кезге керекті құрал-саймандар жасақтаулы.

Кедергілер мен тосқауылдарға қарамай, кез келген белестерді бағындыратын жүргізушілер бұл жолы да өздерінің қандай сынаққа болса да дайын екендерін дәлелдеді.