Арал теңізіндегі кемелер "зираты"

Арал теңізіндегі кемелер "зираты"

Арал суының тартылуы экожүйені ғана емес, мыңдаған адамның тағдырын өзгертті. Кешегі балықшы бүгін диқаншы, кешегі кемеші бүгін трактор айдап жүр. Ал, олардың балалары теңіз жайлы көбіне қиялға ұқсас аңыз-әңгімелер ғана естіген. Ес білгелі көргендері суы жоқ жазық дала мен сонау алыста жатқан тастанды кемелер. Бұл кемелердің көлемі де, атқарған жұмыстары да әр алуан. Бірі балық аулауда пайдаланылған, бірі жүк тасыған, енді бірі КСРО-ның ғарыш бағдарламасына қатысқан деседі. Қалай болғанда да қазіргі жағдай осындай. Теңіз жоқ. Орны "зиратқа" айналған – кемелер "зиратына"... Бүгінде мұндай "зираттардың" саны бірнешеу. "Qazaq Geography" ұжымының Аралға жасаған экспедициясы аясында біз солардың үшеуіне бардық. Үш нүктеде жағдай үш түрлі.

Олардың ішіндегі ең үлкені Өзбекстандағы Мойнақ елдімекенінің жанында орналасқан. 

Бір кездері өз порты мен балық консервілеу комбинаты бар теңіз жағасындағы қаланың болашағы жарқын еді. Алайда, Аралдың тартылуы суды Мойнақтан жүздеген шақырымға алыстатып жіберді.

Енді мұнда теңізді еске салатыны: музей қабырғаларына ілінген суреттер мен қала ішінде тұрған көк кеме.

Ең бастысы әрі қазіргі күні осы өңірге туристерді елітетіні – кемелер "зираты".

Бұл "зиратта" барлығы он бір кеме бар. Олардың тоғызы қаз-қатар тізілген.

Ал, ірілеу келген екеуі өзгелерінен оқшау жерде орналасқан.

Уақыт бұл кемелерді де аямапты. 

Бәрінің бояуы кеткен, іші-сыртына түрлі жазу жазылған, тот басқан.

Бірақ, оларды күтімсіз деуге де болмас. Өйткені, кемелер қорғауға алынған және бүгінде Мойнаққа турист тартатын негізгі нысан болып есептеледі. 

Аралдан қалған сарқыншақты көру үшін алыс-жақын шетелдерден келетіндер көп. Олардың ішінде қарапайым туристерден бөлек, фотографтар, суретшілер мен киногерлер де бар.

Бәрінің іздегені: ерекше көрініс, айрықша атмосфера.

Рас, мұнда келсеңіз постапокалиптикалық дәуірге түскендей боласыз.

Ал, кемеден кемеге өтіп, темір-терсек арасында ойындарын қандырып жүрген балалар бұл көріністі әсерлендіре түседі.

"Үйіміз алыста. Сіздерді көру үшін әдейі келдік. Туристер екен десек, Қазақстаннан келіпсіздер ғой", - дейді олар.

"Зираттағы" түн, тіпті, ғажап!

Жұлдызды аспанның аясында тұрған ескі кемелер адам бойына қорқынышқа ұқсас сезім ұялатады.

Елестетіңізші, бұл жер бір кездері сан алуан балығы бар теңіздің түбі еді. Ал, мына кемелер қазір тұрған орнынан ондаған метр биікте қалқып жүрген. Енді сіз сол теңіздің түбіндесіз. Бірақ, су жоқ...

Мойнақтан кейін Қазақстан шекарасындағы кезінде шығанақ, теңіз тартылғаннан кейін жеке көл болып қалған Тұщыбасқа келдік.

Өкінішке орай, мұндағы жағдай біз күткеннен мүлде бөлек болып шықты. Көруге келген кемелеріміз талан-таражға түскен екен.

Бірі қақ ортадан кесілген, бірінің орны бар да, өзі жоқ. Мұның бәрін кім істеді? Қайда әкетті?

Ескі кемелердің орнында түрлі қағаз бен кітаптар шашылып жатыр. Күлге қарап, бұларды біреу өртеуге тырысқан деп топшыладық.

Қағаздардың ішінде теңіздің ескі картасы да бар боп шықты.

Көп кешікпей Тұщыбастағы "зираттың" қайда кеткені де анықталды. Оны бізге осы маңда жүрген 20 жасар Ислам айтып берді.

"Темірді бастықтар бір жерге сатады. Келгеніме он күн болды. Осыдан үш күн бұрын машина алып кетуі керек еді. Бірақ, әлі жоқ. Байланысайын десем, желі де ұстамайды. Жанымдағы серігім жақын маңдағы шопандарға кеткен. Мүмкін жақсы хабар алып келетін шығар",– дейді ол.

Жігіттің күнделікті жұмысы: кемелерді топырақтан тазарту, темір кесу. Бастығы әр күнге жеті мың теңге төлеймін деп айтқан екен. Бұл сол ақшаны маңдай терімен ақтауға тырысып бағуда.

Бірақ, өз ісінің бұрыстығын түсінбейтін секілді. Тек Ислам ғана емес, оны жалдаған адамдар да, оларды қолдайтын қоғам мүшелері де...

Егер Тұщыбастағы кемелер "зиратын" Мойнақтағыдай аспан асты музейі етсе, бұл жерге туристер үздіксіз келіп, қазынаға үнемі пайда түсіп тұратын ба еді. Кім біледі...

"Авалон" тарихи-географиялық қоғамының құрушысы Виталий Шуптардың айтуынша, Аралға келіп, кемелер "зиратын" көргісі келетіндер көп.

"Өзбекстандағы Мойнақта кемелерді арнайы жинап қойған. Адамдар онда лек-легімен келеді. Нәтижесінде жергілікті халық пайда табады: кафе, мейрамхана, қонақ үй, тур-фирмалар, автобус пен такси жүргізушілері. Туризм саласы бойынша көршіміздің алда тұрғаны сөзсіз. Оның басты себебі, адамдардың жағымсыз жайттардан да пайда табуға болатынын түсінгенінде", - дейді ол.

Үшінші "зират" Ақеспе ауылының шығысында орналасқан. 

Мұндағы кемелер бір жерге шоғырланбаған, аралары алыс.

Бірі суда жатыр, бірі жартылай құмға көмілген. Содан болар әзірге темір терімшілері бұл кемелерге тиіспеген екен.

Бірақ Тұщыбастағы жұмыстарын аяқтаған соң, олардың осында келуі де ықтимал.

Сол себепті, теңіз толсын, толмасын – кемелер мәселесін назарға алып, өңірге туристерді тартудың амалын ойластыру керек. Уақытылы шара қолданылмаса, Арал тартылғаннан кейін пайда болған минусты плюсқа айналдырудың бір жолын жоғалтамыз. Ол жоғалса, мұндағы туризмнің де кемеге байрағы салынған ел секілді құрдымға кетуі ықтимал...

Кемелер "зиратында" түсірілген арнайы видео.