Көктен жапырақ жауған күн

Көктен жапырақ жауған күн

"Күз келді. Күн суып, адамдар жылы киіне бастады. Айнала түрлі түске боялды", - деп басталатын шығарманы мектепте оқыған жанның бәрі жазған болар. Расында, күз – табиғаттың ерекше маусымы. Жемістер пісіп, аң-құстың ғана емес, адамдардың да қыс алдындағы қарбаласы күшейетін шағы. Үш айға созылатын бұл мезгілдің әр айы өзіндік ерекшелікке толы, олардың қыркүйек, қазан, қараша деген атаулары да сол ерекшеліктеріне орай қойылған. Ресми атаулардан бөлек, ел ішінде күзге қатысты "ерте күз", "алтын күз", "қоңыр күз", "күрең күз" деген теңеулер де кездесіп жатады. "Ерте күз" деген жаз бітіп, күн қысқарып, суыта бастаған шаққа қатысты айтылса, "алтын күз" – қыркүйектің соңы мен қазан айының алғашқы жартысындағы айналаның сан алуан түске боялып, әдемі болып тұратын кезеңіне байланысты қолданылады. Айта кетерлігі, дәл осы теңеу халық ішінде жиі ұшырасады, кейде, тіпті, толығымен күз мезгілін меңзеп жатады. Қоңыр күз – жаңбыр жауып, алғашқы үсік жүретін қазанның екінші жартысы мен қараша айын, ал, күрең күз деген жапырақтар әбден түсіп, күн біршама суып, қоршаған орта сұрқай түске енетін кезеңді меңзейді. Қазір қазанның орта тұсы болғандықтан бүгін біз сіздердің назарларыңызға алтын күздің ару қала Алматыны қалай әсемдегенін көрсететін фоторепортажымызды ұсынбақпыз.

Тау етегінде орналасқандықтан болар, Алматы еліміздегі ең жасыл қалалардың бірі саналады. Мұнда ағаштың түр-түрі өседі.

Олар – бірінші кезекте, көлігі көп қаланың лас ауасын тазартуға арналған табиғи сүзгіш десек, екіншіден жыл он екі айда алып шаһарға көрік беретін Тәңірдің сыйы.

Мезгілдер ауысқан сайын үстіндегі киімін ауыстырып тұратын ағаштар қала көшелерінің бойына қаз-қатар тізіле орналасқан.

Олардың жас шамасы да әртүрлі. Бірі – былтыр отырғызылған шырша, бірі – отырғызылғанына елу жыл болған емен дегендей.

Жаздай жайқалып жап-жасыл болып тұратын ағаштардың желегі күз келгенде басқа түске боялып, көп ұзамай бұтағынан үзіліп жерге түсе бастайды.

Дәл осы кезең Алматыға алтын күздің келгенінен хабар береді.

Аспаннан қар жауғандай тоқтаусыз түскен жапырақтар ары-бері өткен көліктердің желі үрлеп, жол жиегіне жиналады.

Жаздай суға толған арықтар бұл уақытта әр түсті жапыраққа толады.

Айта кетерлігі, жапырақтардың түсу мезгілі мен боялатын түстері де әр алуан.

Ол Күн көзінің түсу жиілігіне және әр ағаштың бойындағы жеке қасиеттеріне байланысты.

Сол себепті, кей ағаштар жалаңаштанып қалғанда, бірі сары күйге жаңадан еніп жатады, үшіншілері ол уақытта өңін бермей, жап-жасыл күйінше тұрады.

Мысалға, мынау сарғайып, шіри бастаған емен жапырақтары мен пісіп, жерге түскен жаңғақтары.

Ал мынау енді сарғая бастаған талшын жапырақтары.

Жемісі әлі жиналмай, жапырақтары жасыл қалпын сақтаған алма ағашы.

Сарғылт түске енген шаған жапырақтары.

Алуан түске боялған үйеңкі.

Тіпті, көп ағаштың ішінен сарғайған қылқанды ағаштарды да байқауға болады. Бұл енді ерекше құбылыс.

Күздің осынау таңғажайып кезі қала тұрғындары үшін суық күндер алдындағы алданыштай көрінеді.

Мектеп басталғалы бала-шағаның шуы азайып, аулалар бос тұр.

Десе де, шаһарды аралап жүріп, күн жылыда қыдырып қалуды ойлаған жандарды көп кездестіресіз.

Оның дені – жастар.

Бұл күндері мүмкін болса, кеңседе отырғаннан жұмысты далада жүріп бітірген жөн.

Өйткені, мынадай керемет көрініс жұмыс өнімділігін арттыратыны анық.

Алтын күз кезінде табиғаттың көмегімен қала ғимараттары да әдемілене түсетіндей.

Бірінен бірі ерекшеленеді.

Ал, саябақтардағы көріністер, тіпті, ғажап. Көздің жауын алады.

Мұнда шығармашылық жандарға шабыт сыйлайтын атмосфера орнаған.

Субұрқақтар әлдеқашан тоқтаса да, жан-жаққа қарап, қолмен салынған картиналарды көргендей боласыз. Осы ретте, түсірілген суреттерге қысқаша атау беріп көрелік.

Солмаған гүлдер.

Жалғыз аққу.

Күзгі серуен.

Алтын әжем.

Ой үстінде.

Құрбылар кездесуі.

Көктен жапырақ жауған күн.

"Аватарымды жаңарту керек еді..."

Қанша сұлу десек те, бұл мезгіл кей жандардың мойнына қосымша жүк артатыны белгілі.

Ол – көше тазалаушылар.

Жол бойына түскен жапырақтарды жинап, қала сыртына шығару – үлкен машақат.

Сәті келгенде, қала тұрғындары да аулаларын өздері сыпырып жатады. Бірақ ондайлардың саны аз.

Кейде көше таза тұру үшін дамылсыз жұмыс істеуге тура келеді. "Жапырақтар тағы түссін. Оған дейін демала тұрайық".

Алматы дегенде тау жайлы айтпай кетсек, жөн болмас. Тек бірнеше суретпен шектелейік. Өйткені, таудағы алтын күзге жеке репортаж арнаған дұрыс.

Қысқа қайырсақ, мұндағы көріністерді сөзбен жеткізу мүмкін емес, олар қаладағыдан ерекше. Бұл жердің ең басты артықшылығы – тыныштық. Қатар өскен қарағай, шырша, қайың мен алма, алмұрт ағаштары Алатау бөктерін таңғажайып ертегі әлеміне айналдырғандай.

Шыңға шықсаңыз, қарбаласқа толы Алматы кіп-кішкентай болып көрінеді. Төмен қарап тұрып, анау тұрған ғимараттар арасында қайнаған тіршілік барын айту қиын. Бабаларымыз жер жәннаты деп атап кеткен мекеннің төрінде тұрған осы бір қала талай ақынның өлеңіне, жазушылардың шығармасына арқау болып, көп жастың махаббатына айналғаны да бекер емес шығар. Оған шаһардағы алтын күздің де өз септігі тигені анық...