Оңтүстік Қазақстан облысындағы "Хан Қорық" жастар фестивалінің үшінші күні

Оңтүстік Қазақстан облысындағы "Хан Қорық" жастар фестивалінің үшінші күні

Хан Қорық фестивалінің үшінші күні "Сайрам өгем" ұлттық демалыс саябағында өтті. Тамаша табиғат аясында ақшатыр тігіп, таза ауамен тыныстаған қатысушылар туған еліміздегі осындай ғажайып өлкеге алғаш табан тіреп тұрғанына таңғалып жатты. Фестивальді ұйымдастырудағы басты мақсат – Батыс Тянь-Шань тау жоталарындағы ғылыми тұрғыдан құнды табиғат байлықтарын қорғап қалу, қалпына келтіру және республикадағы экологиялық туризмді дамыту. Негізінен бұл қоныс орманды дала биігінен биік таулы алқапқа дейінгі 7 табиғи белдемді қамтиды. Табиғат қорғау жұмыстарының ерекшеліктеріне байланысты 3 аймаққа (қорықтық, туристік және шектеулі шаруашылық жұмыстары) бөлінген. Саябақтың аумағы 135 километрге созылып жатыр. Бұл мекен жануарлар әлеміне де бай көрінеді. Мамандардың айтуы бойынша бұл жерді 300-ге жуық құстар,  60-тан астам сүтқоректілер мекендейді. Өте сирек кездесетін көк суыр (қысқаша Мензбир суыры) жануарын да осы аралықтан кездестіруге болады. 

"Сайрам өгем" саябағына бой үйретіп, салқын ауа райында жылы киімдерін киген қатысушылар 2600 метр биіктікте орналасқан "Қасқасу" өзенінің бастау бұлағына қарай жүруге дайындалып жатқан сәті.  

Бір-біріне көмектесіп, алыс жолды артқа тастап кетіп бара жатқан қатысушылардың қарасы көп.  Шыңға шығу кейбір жандарға қиындау болды. Алайда, "шешінген судан тайынбасқа" салды. 

Әрине таудың төте жолы өз ыңғайына салынған. Кейбір жерлерінен сарқырай аққан судан айналып өтуге тура келді. Біздің діттеген жерімізге дейін 5 өткелді басып өту керек.  

Таудың арасында құлпырған өсімдіктер жетерлік.

"Сайрам өгем" бөктерінен бөріқарақатты кездестіруге болады.

Саябақта келген қонақтар үшін жол сілтейтін тақтайшалар ілінген екен.

Жабайы альпинистер шатқалына жаңадан тауға шығуға үйреніп жүрген жандар көптеп келеді. Естеріңізге сала кетейік мұнда тау шатқалдарының көп болуы себебінен, арнайы альпинистік диплом беретін орын да бар екен. Егер осы жердің мамандары айтқан екі тауды бағындырсаңыз, сіздің еншіңізде альпинист деген атақ болады.

Жоғарыға көтерілген сайын демалушылар саны көбейіп, берілмейтіндері аз-аздан ақырындап биікке көтеріле берді.

Мұндай керемет тау биіктігіне шықсаңыз, тізілген жол ғана емес, керемет тау көрінісіне куә боласыз. 

Ал, төмен жағыңыздан арындап аққан судың дауысы жанға рахат сыйлайды. 

Байырғы заманнан бері "Сайрам өгем" шатқалдарынан да біршама альпинист жан тәсілім еткен екен. Соларға арнап жабайы альипинистер шатқалының бір бұрышына ескерткіш тақтайшасын іліп, маңайын тасқа толтырған. 

Орман алқабы жанғыш заттарға толы болғандықтан өрт қаупі де өршіп тұр. Кейде демалушылардың немесе альпинистердің салғырттығынан тамаша мекен от жалынына ұшырап, жайқалған ағаштардың мүсіні мүлде өзгеріп кетеді. 

Өзенге жетер жердегі соңғы биіктік. Белестің келесі бетінде қандай өзен тұрғаны барлық қатысушыға жұмбақ болып қалды.  

ҚҰГҚ өкілі – Сәулет Сәкенов мырза. Геологиялық экспедицияның талайын көрген ағамыз асықпай басып барлығына зер салып жүрді.  

Ұзақ жол жүріп жеткен өзеннің керемет көрінісіне көз тояды. Суының мөлдірлігі сонша, астында жатқан тастардың түсі мен санын аңғаруға болады.

Ұзақ жол жүрген қатысушылар далаға от жағып, топтасып ыңғайлы жерге жинала бастады. 

Барлығы арқалап келген астарын шығарып, ортаға жая бастады. 

Жанған қызыл жалын айналаға тарап, жаураған адамдарға жылу сыйлай бастады.  

Қасқасу өзенінің бастау бұлағы осы жерден басталады. Үш бұлақтың біріккен тұсы өзеннің тоқтамай ағуына үлес қосып тұр. 

Ойдағы жоспардың барлығын орындаған қатысушылар мен ұйымдастырушылар мәз-мейрам, болып естелік суретке түсті. Осымен үш күнге созылған керемет фестиваль мәресіне жетті. Барлығы бір-бірін қимай қоштасып, қайтадан келген мекендеріне жол тартты.