- Негізгі бет
- Тұлға
- Зейнеп Ахметова: "Жарапазан"...
Зейнеп Ахметова: "Жарапазан"
Жер жүзінің мұсылман халқы қасиетті Рамазан айында ораза ұстау парызын орындап жатыр. Бір айдың аралығында ауыз бекіткен әр мұсылман діни сауаттылығын арттыруға тырысады. Осыған орай, назарларыңызға Зейнеп Ахметованың "Бабалар аманаты" кітабындағы "Жарапазан" бөлімін ұсынғанды жөн көрдік.
Жарапазан – ораза кезінде кешкі ауызашардан таңғы сәресіге дейінгі аралықта ораза ұстаған адамдарды құрметтеп, ниеттерінің қабыл болуына тілек айтатын және оразаның қадір-қасиетін ұлықтап насихаттайтын өлең. Жарапазанды үйдің сыртынан, есік алдында тұрып айтады. Оны көбінесе жастар мен балалар топталып жүріп орындаған. Алайда бұл бала-шағаның әшейін ермегі емес. Жасөспірімдерді қасына ертіп, мәнді-мағыналы жарапазан өлеңіне дағдыландырып, жөн-жоба үйрететін сақа жігіттер болған. Мұның сыртында екі-үштен бірігіп жүретін өнерлі жарапазаншылардың жөні өз алдына бір бөлек. Олар тақырыпты кеңінен, теріңінен толғап, Рамазан айының мән-мағынасын, бес уақ намаздың қасиетін, имандылық негіздерін ұқтырып, сөз мәйегін келістіре төгілтіп жыр деңгейіне жеткізіп, өнер сатысына көтере білген. Солардың қарым-қабілетінің нәтижесінде жарапазан қазақ ауыз әдебиетінің тұрмыс-салт жырларын толықтыра түскен деуге болады. Ертеде өнер сүйетін, сөз қадірін білетін кейбір дәулетті адамдар жарапазан жырларын бағалап, оны орындаған атақты жарапазаншыларға ат мінгізіп, шапан жапқан екен.
Менің Талғат дейтін ортаншы ағатайым мықты жарапазаншы еді. Өлеңді суырып салып айта беретін шешем сол баласын: "Өзіме тартқан", - деп отыратын. Ағайымның жұптары жазылмай бірге жүретін үш досы бар болатын. Олар да шетінен өлеңші еді. Бұлар майда балаларды ертпейтін. Сонда да жалынып-жалбарынып жүріп ара-арасында жақын жерлерге ілесуге мүмкіндік алатынбыз. Әсілінде, қыздар мен әйелдер жарапазан айтып қыдырмайды. Ол үлкен әбестік, ұят саналған. Ал мен мектепке барғанша ер балаша киініп, асық ойнап, ләңгі тепкен еркекшора едім. Анам жеті ұлдан кейін көрген қызына "көз тимесін" деп ырымдапты. Сол бала кездегі құлаққа сіңіп, есте қалған жарапазан жырларынан там-тұмдап мысал келтірейін. Ағалар жарапазан арнайтын үйдің адамдарын селт еткізіп, назарын бірден аудару үшін алдымен біреу шумақты қысқа-қысқа қайырып екпіндетіп алатын:
Үйің, үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен.
Сандық көркі түйе екен,
Саба көркі бие екен,
Ақ ордадай көрінген
Қайсы байдың үйі екен? -
деген секілді біраз желдіртіп алып:
Ассалаумағалейкүм, сәлем бердік!
Айына оразаның аман келдік.
Алды деп мазаңызды сөге көрме,
Пайғамбар жолын қуған адам едік.
Беу, Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан.
Оразада айтылар жарапазан,
Мекке мен Мединадан шығар азан.
Мәңгілік игілікке бөленерсің,
Ораза-намазыңды үзбей барсаң.
Беу, Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан.
Айтамын жарапазан есігіңе,
Қошқардайын ұл берсін бесігіңе.
Ұл берсе қошқардайын бесігіңе,
Таусылмас байлық берсін несібіне.
Беу, Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан.
Айтайын жарапазан есігіңе,
Ханшадай қыз берсін бесігіңе.
Ақ тілек оразада қабыл болса,
Құт-береке құйылар несібіңе.
Беу, Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан, -
деп ары қарай жалғаса беретін. Айтушысына қарай алуан нақышта, түрлі мазмұнда, бірақ бәрі де ораза, намаз, парыз, ізгі тілек төңірегіндегі рухани өлеңдер айтылатын. Жастар әдемі әзіл-қалжыңдарды да қосып жіберетін.
Жарапазан өлеңінің өзгеше сарыны, жанға жағымды өз әуені бар, ырғағы да басқаша еді. Күні бойы аузы бекітулі адамдар кешке аузын ашып, шөлі қанып, маңдайы жазылып, оразаның тағы бір сауапты күнін өткізгеніне шүкіршілік етіп, көңілі жайланып отырғанда жарапазанды жақсы тыңдайды. Бойына сіңіре қабылдайды, тіпті айта түссе екен деп далаға шыға қоймай отыратындары да болады. Әлгіден бері біршама жарапазан айтып тастағандар мұндайда өлеңмен ишара жасайды, олардың тағы да баратын жері бар. Сондықтан:
Жаңа туған Ай еді,
Батайын деп барады.
Астымдағы тай еді,
Жаталақшып барады.
Қасымдағы бала еді,
Ұйқысы кеп барады...-
деген секілді ойнақы жыр жолдарын айтады. Жарапазаншыға шықпай қою, оларды дәм татырмай құр қайтару, жарапазан батасын естімеу деген қазақ ұғымында атымен болмаған. Ол кесір, күнә саналған.
Үй иелері табаққа жент, құрт-ірімшік, сықпа-ежігей, бауырсақ секілді дәмдерді, орамал-шаршы, тақия, беторамал, белбеу сияқты бұйымдарды алып шығады. Есігіне келіп жарапазан айтқанына ризашылық білдіреді. Жарапазаншылар: "Әумин" - деп қол жаяды. Әдетте, батаны қариялар береді. Бұл жерде үлкен-кішіге қарамайды. "Қырықтың бірі – Қыдыр" деп, ақ ниетпен айтылған бата-тілекті үй иелері ықыласпен қабылдайды. Сондай баталардың бірі былайша айтылушы еді:
Әуелі құдай оңдасын,
Әулиелер қолдасын!
Басың менен малыңа,
Еш жамандық болмасын!
Несібең артып күн сайын,
Өзегің ешбір талмасын!
Жаратқан иес жар болып,
Пендеге күнің қалмасын!
Жаратушы құдірет,
Жарылқаудың қамын ет,
Қайырлы ғұмыр кешуді
Ұрпақтарыңа нәсіп ет!
Ықыласты тілек тілейік,
Ниетті, алла, қабыл ет!
Әумин!
Өзім көрген, мен білетін жарапазан салты қысқаша осылай болушы еді. Кең-байтақ еліміздің басқа өңірлерінде өзгешеліктер болуы мүмкін. Бола берсін, оның бәрі қазақтікі, қазақ қалыптастырған, қазақ қолданған жөн-жобалар.
Өткен ғасырда кеңестік идеологияның тегеурінді қысымынан біздің ұлттық құндылықтарымыздан аулақтап, талай рухани қазынамыздан көз жазып қалған халықпыз. Ащы болса да, шындықты мойындауымыз керек. Оны өмір көрсетіп жатыр. Ата-баба жасаған дәстүр жалғастығы үзілгендіктен, бүгінде тоны теріс айналған салттар қаптады. Әркім ойына алғанды орындап, "қазақтікі" деп жанынан дәстүр шығара салу етек алып келеді. Өкініштісі сол, аты бар, мәні жоқ жасанды салттарды жастар тез қабылдауда. Соның бірі – жарапазан айту. Әрине, айтсын, дәстүрді жалғастырған жақсы. Мысалы, Алматыдағы медресе шәкірттері жарапазанды өз мағынасында жақсы орындап жүр. Бірақ негізін түсінбей, байыбына бармай, әйтеуір жарапазан желеуімен мүлде басқа бағытқа кеткендер де жеткілікті. Осы жерде бір көрініске тоқтала кетейін. Алматының "барахолкасында" ораза кезінде, тапа-тал түсте үш жігіт өлең айтып жүрді. Біреуі домбыра, біреуі сырнай, ал үшіншісінің қолында сылдырмақ, мойнында дорба. Сөйтсем, өздерінше "жарапазаншылар" екен. Ал керек болса! Тепсе темір үзетін азаматтардың мойнына дорба асып, тиын-тебен жинап, әркімге көзін қадап жүргені кәдімгі садақа сұраған тіленшілік қой! Намысқа өлген қазақтың қайран арлы жігіттері қайда кеткен дейсің осындайда.
Жарапазанды ай бойы кәсіпке айналдырған қайсыбір бозбалалар тіпті шектен шығып кеткен:
Алып шық, алып шық,
Сары табаққа салып шық.
Салатының болмаса,
Бес жүз теңге алып шық, -
дейді. Санасыздық па, сұғанақтық па? Бағасын өзіңіз беріңіз.
А. Қажиев