- Негізгі бет
- Тұлға
- Теменов Шыңғыс Айтматов...
Теменов Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлыққа ие болды
Қазақстанның халық әртісі, режисер, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрының директоры Талғат Досымғалиұлы Теменов Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың иегері атанды.
Қырғыздың ұлы жазушысының шығармаларын насихаттап, танылуына үлес қосқаны үшін режисерге аталмыш сыйлықты Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Сұлтан Раев табыс етті.
Өткен аптада Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында қырғыз елінің атақты жазушысы Шыңғыс Айтматовтың туғанына 85 жыл толуына орай IV Халықаралық ART-ORDO театр фестивалі өтті. Фестивальге Токтоболот Абдумомунов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық драма театрының ұжымы, Жамбыл орыс драма театры, Новосибирск мемлекеттік театр институты, Бакен Кыдыкеев атындағы Бішкек театры, «Адана давлет» Стамбул театры және Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театры қатысты.
Фестивальдің қорытындысы бойынша Шыңғыс Айтматовтың "Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет" және "Қызыл орамалды шынарым" атты шығармаларын сахналағаны үшін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрының директоры Талғат Досымғалиұлы Теменовке алғыс айтылды.
Талғат Теменов – танымал актер, кинорежисер және кинодраматург, Қазақстанның халық әртісі. Өнердегі еңбек жолын Талдықорған облысы драма театры труппасында актер болып қызмет етуден бастаған Теменов 1980 жылы “Қазақфильм” студиясында режиссердің көмекшісі әрі сценарийсі болды. Бұл қызметте екі жыл жұмыс жасап, кейінірек кинорежиссер, сосын қоюшы кинорежиссер болды. Сонымен қатар, ол “Мосфильм” студиясында кинорежиссер болып та қызмет атқарды.
Алматы мемлекеттік театр және кино институтының (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы) ректоры, 2000 жылдан “Қазақфильм” кинокомпаниясының көркемдік жетекшісі, ал 2004 жылдан Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының директоры болып қызмет атқарады. Алғаш қойған толық метражды көркем фильмі – “Адамдар арасындағы бөлтірік”.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: Ғ. Мүсірепов театрының баспасөз-қызметі
А. Әбілхан