"Қызыл орамалды шынарым" қойылымы

"Қызыл орамалды шынарым" қойылымы

Шыңғыс Айтматовтың «Арманым Әселім» хикаясын арқау еткен қойылымдар әлемнің бірқатар театр сахналарынан көрінген болатын. Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрының сахнасында алғаш рет 45 жыл бұрын көрсетілді. Чапай Зұлқашев, Байділдә Қалтаев, Мұхтар Бақтыгереев, Роза Әшірбекова сияқты сахна саңлақтары қойылымда бой көрсетіп, Мәскеу қаласында өткен театр фестивалінде жүлделі орындарға ие болды. Араға жарты ғасырға жуық уақыт салып, қойылым «Қызыл орамалды шынарым» деген атпен сахнаға қайта оралды. Танымал шығарманың қайта сахналануына Қазақстан Республикасының халық әртісі, профессор, режиссер Талғат Теменов ықпал етті.


Шығармада өткен ғасырдың 60-жылдарында Тянь-Шань тауларының бөктерінде, Қырғыз жеріндегі Долан асуында өткен оқиға сипатталады. Жол бойында кездейсоқ танысқан ауыл қызы Әсел мен көлік жүргізушісі Ілияс пәк сезімдер арбауына түсіп, шынайы махаббаттың кейіпкерлері атанады. Ата-анасының рұқсатын алмай, аттастырылған жігітіне қарамай, Әсел Ілиястың етегін ұстайды. Алайда, қас-қағым сәтте, олар бастарына қонған бақтан айырылып, әрқайсысы өз жөнімен кете барады. Әсел өзінен үлкен азаматқа қосылып, ортада қалған Самат бүлдіршін өзге жанды әке деп кетеді. Өзегінде өкініш өрті лауласа да, өткенді қайтара алмайтынын түсінген Ілияс жаңа өмір сүруге қадам басады.


Қойылымда Айгүл Иманбаева, Жұлдызбек Жұманбай, Сәкен Рақышев, Әсет Иманғалиев т.с.с. театр актерлері бой көрсетеді. Басты кейіпкер Әсел рөлін жас актриса, «Іңкәр» тобының бұрынғы мүшесі, белгілі тележүргізуші Аида Жантілеуова сомдады. Ол жаны таза, ажарлы қыздың бейнесін айқын көрсете білді. Бұл бейне жас актрисаның театр сахнасындағы тырнақалды рөлі. Сондай-ақ, қойылымда кішкентай Саматтың қаз-қаз басқан кезін көрсету мақсатында сахнадан сәбиді көруге болады.


«Қызыл орамалды шынарым» қойылымы бұйырған баққа ризалық білдіріп, жеңіл ләззаттың арбауына түспеуге итермелейді. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, танымал шығарма көрермен қауымға өмірді бағалау туралы ой тастайды.

Суреттер: dmk.kz, teatr-musrepov.kz

Ғ. Ұзақ