Оспанхан Әубәкіровтің әзіл өлеңдері

Оспанхан Әубәкіровтің әзіл өлеңдері
Фото: tengrinews.kz

"Айтар әңгімемді не өзім туралы, не өзге туралы естеліктен бастамасам, айызым қанбайтын бір әдет тауып алдым" деген Оспанхан Әубәкіров тамаша дүниелерді өмірге алып келген. Әрбір әзілімен шындықты жанамалап өтіп санаға күлкі арқылы жеткізе білген. Ақынның әрбір шығармасы тұнып тұрған философия десек қателеспейміз. Бүгінде басылым беттерінен көрінбей кеткен Оспанхан Әубәкіровтың шығармаларына шөліркеп жүргендер де жетерлік. Соны ескеріп, ағамыздың ғажап жыр шумақтарын назарларыңызға ұсынбақпыз.

Өтірік күлкі

Шын күлкімен ән жазып,
Нота сыздық.
Апырай,
Өтірік күлкі не деген опасыздық?!
Сиыспайды-ау,
Ойбай-ай, сиыспайды-ау!
Бұ не деген сұмпайы күлкі бұл,
Езуіңмен езуің қиыспайды-ау!
Бұ сорлы өтірік
Қанша өрбіп ұзады екен?
(кейде адам осындайда қызады екен)
Өтірік күлкі өліктің күлкісіндей,
Адамның бет-әлпетін бұзады екен.
Шын болса жылаған да жарасады,
Өтірік күліп біреулер бір-бірне,
Қайтіп қана бет шыдап қарасады?
Шын күлкі – ұжданның ғой құлдық етер...
Ағатай, жырп-жырп етпей шын күле гөр.

Танысу

Түр-тұлғасы өзімнен айнымаған,
Бір дәу жігіт құшағын жайды маған.
Үстінде жағасы бар сала-құлаш
Етек-жеңі ескілеу ала плащ.

Сақалы төрт-бес күндей алынбаған,
Шашы киіз секілді қабылмаған.
Сөзін адам түсінбес құрақ-құрақ,
(Қайдан шықты мына бір шұнақ құлақ?!)

Сөйте тұра бетіме көп қарайды,
Сасқаным ба бойыма от тарайды.
"Сау бол!" деп кете барды, қала бердім
Осындай өзіме ұқсас бала көрдім.

Секілді өкпелескен алыс досым,
Апырай, бұл не деген таныс пошым?)
кейіннен түсті есіме - балам екен,
Әйелден ажырасқан жаман екен.

 Бір шумақ

Бір пендеден бір пенде кенде туар,
Бірі жемге, біреуі емге туар.
Емге туар есіл ер кешең туар,
Жемге туар қу мешкей демде туар.

B. ZHAQSYMBET