Оспанхан Әубәкіров. "Жаңа жыл әзірлігі"

Оспанхан Әубәкіров. "Жаңа жыл әзірлігі"

Жаңа жыл мерекесіне орай белгілі сатирик Оспанхан Әубәкіровтің "Жаңа жыл әзірлігі" атты әзіл өлеңін ұсынамыз.

Жаңа жыл әзірлігі

Түнде,
Картадан бес көн
Ұтылып кеткен «Местком»,
Сол күйі сейфіне жетіп,
Таңғы бесте
Бізді шақырып алды:
- Жаңа жыл келе жатыр деп
Жар салу керек емес,
Жаңа жылды жерге қаратпай,
Адам секілді қарсы алу керек.
Қарсы алу деген
Дауыс жинап ән салу емес,
Қара қазанға дем салу деген сөз.
Ән салу мен дем салуды
Біз сіздерге үйретпейміз,
Қарсы алу дегенде,
Құдайға шүкір,
Суда жүзген үйректейміз.
Жаңа жыл түгел
Одан зорын
Қаршадайымыздан қарсы алып келеміз...
Ал енді мынадай бір істі пысықтап алайық.
«Маевка» деп қаңғырып кететін,
Бұл май мейрамы емес,
Жаңа жыл деген жарықтық,
Кәдесі көп
Бай мейрам.
Мұның Аяз ата дейтін шалы болады.
Онысына
Сақала сала құлаш шал керек.
Біздің ауылда шал көп,
Сақалы жоқ.
Сақалы болса шұнақ.
Бүгінгі шалдарда қалғаны
Бар-жоғы ауыз бен құлақ.
Савхоз миллиондап мал табады,
Мешіттен алдырса да,
Сақалды шал табады.
Бәрінен де
шыршасы қиын боп тұр.
Мұршасы бар,
шырша жоқ.
Мұнысы не Алатауда жоқ,
Не Қаратауда жоқ.
Не Ұлытауда жоқ.
Ұлытауда
шырша түгіл Ұлар жоқ.
Ұларды біреулер ашап қойыпты дейді.
Апырай Адамдай құмар жоқ!
Сосын
Әр үйге бір-бір сағат керек,
Бір-бір табақ керек.
Сағат
Жаңа жылдың жолын қарап тұрады.
Біздің алдымызда
Төпелеме тамақ тұрады.
Шарап тұрған жерде
Кім қарап тұрады?!
Тартынбаймыз.
Сонысынан көбірек ал
Жаңа жылдан кейін «салқындаймыз»...

Сурет: womo.com.ua

Ш. Талап