- Негізгі бет
- Тұлға
- Нұржамал Үсенбаева: "Итальяндық...
Нұржамал Үсенбаева: "Итальяндық маэстродан көп дүние үйренуге болады"
Нұржамал Пернебекқызы, бүгін ІІІ Халықаралық опера және балет өнерінің фестивалі басталады. Бұл фестивальдің қандай маңызы бар?
Маңызы өте зор. Бұл тек театр өмірінде ғана емес, төл мәдениетімізде орын алатын үлкен шара. Халықаралық фестиваль кезінде әртістер өзара тәжірибе алмасады, ізденістерін жалғастырады, жас өнерпаздар өз біліктілігін арттырады. Әр елден келген қонақтар өз білімдерімен бөліседі. Шығармашылық байланыс орнату арқылы біз бір-бірімізден үйренеміз.
Алдыңғы жылғы фестивальге Ресей, Италия опера жұлдыздары келсе, биыл қонақтар Оңтүстік Кореядан келіп отыр. Корей опера жұлдыздарының өнеріне қандай баға берер едіңіз?
Қазіргі таңда, Оңтүстік Корея өз мәдениетін әлемге кеңінен таныстыруда. Тек операда ғана емес, олар өздерін өнердің басқа салаларында да көрсетіп жүр. Опера жұлдыздарының барлығы дерлік халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, Италия, Франция, Германия елдерінде білім алған. Өз басым, Оңтүстік Кореяның Дегу қаласында бір ай жұмыс істедім. Джузеппе Вердидің атақты «Риголетто» операсының қойылымына қатыстым. Шілде айы болатын. Аптап ыстық, муссон жаңбырларының маусымы. Бірақ, соған қарамастан корейлік әріптестерім үздіксіз жұмыс істеп жатты. Мен олардың өнерін жоғары бағалаймын.
Шетелден келген фестиваль қонақтарымен танысып, дидарластыңыз ба?
Өкінішке орай, тек итальяндық дирижермен ғана танысып, жұмыс бастадық. Қалған қонақтармен әлі танысқан жоқпын.
Ал маэстро Марко Балдеримен жұмыс істеген қалай екен?
Өте жақсы. Опера сияқты үлкен өнерге деген құрмет итальяндықтардың бойына ана сүтімен дариды. Ол бұл өнердің жілігін шағып, майын ішкен жан, өз мамандығының хас шебері. Опера отанынан келген жаннан көп дүние үйренуге болады. Өзім де үйреніп жүрмін. Ол өте сезімтал. Қимыл-әрекеттерімен, көзқарасымен, жүріс-тұрысымен көрсетеді. Кем-кетіктерді айтып, бағыт-бағдар береді. Өнерде бұрыннан бері жүрген бізге ғана емес, жас дирижерлер, әртістермен өз тәжірибесімен бөлісуде.
Қалай ойлайсыз, біздің отандық жас өнерпаздар халықаралық деңгейге шыға ала ма?
Әлбетте, олар тек отандық сахналарда ғана емес, шетелдерде де танылуы керек. Бүгінгі таңда біздің жастарымыз өз қабілеттерімен биік тұғырлардан көрініп жүр. Дәл қазір олардың мүмкіндігі жетерлік. Олар өте дарынды. Шетелден білім алып, тәжірибе алмастырып жүр. Мемлекеттік қолдауымен ғана емес, өздері ізденіп, демеуші тауып, барлық мүмкіндіктерді пайдалануда. Оларға, өз басым, тек сәттілік тілеймін!
Сізді фестиваль бағдарламасында көрсетілген «Турандот» операсында көреді екенбіз.
Иә, мен фестивальде «Турандот» операсындағы Лю партиясын орындаймын. Басты партияларды шетелден келген итальяндық опера әншілері орындайтын болады. Сондай-ақ, мен фестивальдің жабылу салтанатында, яғни гала-концертте өнер көрсетемін.
Сіздің ойыңызша, неліктен фестивальде тек Дж.Пуччинидің опералары шырқалады?
Фестивальге итальяндық маэстро арнайы шақырылды. Шамасы, ұйымдастырушылар бұл жолы тек Пуччинидің опералары болады деп шешті. Анық-қанығын нақты білмейді екенмін. Қалай болғанда да Пуччинидің сазы кім-кімді болмасын баурап алады. «Богема» мен «Турандот» театр репертуарындағы аса танымал әрі үлкен сұраныстағы опералар.
Әңгімеңізге рахмет!
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Ғ. Ұзақ