Алматыда ІІІ Халықаралық опера және балет өнерінің фестивалі өтеді

Алматыда ІІІ Халықаралық опера және балет өнерінің фестивалі өтеді

2012 жылдың 20-24 маусымы аралығында Алматы қаласының әкімдігі, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры және «Казкоммерцбанк» АҚ бірлесе отырып ІІІ Халықаралық опера және балет өнерінің фестивалін өткізеді.

Аталған кеште Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әртістерімен қатар, Оңтүстік Корея, Италия, Ұлыбритания елдерінің белгілі опера және балет өнерінің шеберлері қатысады. Бес күнге созылатын фестиваль аясында Алматы қаласының тұрғындары мен шаһар қонақтарының назарына Дж. Пуччинидің «Богема» мен «Турандот» опералары мен П.И.Чайковскийдің екі актілі «Аққу көлі» мен «Анна Каренина» балет қойылымдары ұсынылады.

Дж. Пуччинидің «Богема» операсындағы басты партияларды Оңтүстік Корея операсының жұлдыздары Ли Вон Йонг (тенор) пен Йонг Ми Ким (сопрано) шырқаса, «Турандот» операсындағы басты партияларды италияндық опера әншілері Антонино Интеризано (тенор) мен Кристина Пиперно (сопрано) орындайтын болады. Екі қойылымға да италияндық маэстро Марко Балдери дирижерлық жасайтын болады. Сондай-ақ, қойылымдарда ҚР халық әртісі Нұржамал Үсенбаева мен ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жәмилә Баспақова, Болат Жомартов, Бейімбет Қожабаев және т.с.с отандық опера майталмандары бой көрсетеді.

П.Чайковскийдің “Аққу көлі” балетіндегі басты партияларды орындауға Ковент-Гарден Корольдық театрының  прима-балеринасы Роберта Маркеc Барбоса (Ұлыбритания) мен  Ағылшын ұлттық балеттің премьері Арионель Пегуэро Варгаc (Ұлыбритания) шақырылған. Фестиваль қонақтарымен бірге сахнада Фархад Буриев, Нұрлан Қонақбаев, Гүлвира Құрбанова, Жанель Түкеева, Арнай Омарбаева т.с.с театр әртістері өнер көрсетеді.

Ал «Анна Каренина» балетінде тек қана отандық әртістер бой көрсетеді. Басты партияларды ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Рахмедова, Буриев, Дәурен Жеңіс, Айнұр Әбілғазина және т.б. театр әртістері орындайтын болады.

Итальяндық маэстродан өзге оркестрге Ерболат Ахмедияров, Нұржан Байбосынов пен Нұрлан Жарасов дирижерлік жасайды. Фестиваль 24 маусым күні үлкен гала-концертпен аяқталады.

Алдыңғы жылдарда өткізілген фестивальдерге тек Еуропа майталмандары қатысса, алдағы игі шараға Оңтүстік Корея мен Ұлыбритания елдерінің жұлдыздары қатысады.

Massaget.kz фестивальге ақпараттық қолдау көрсетпек.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: «Казкоммерцбанк» АҚ баспасөз қызметі

Ғ. Ұзақ