- Негізгі бет
- Тұлға
- Қазақтың Мақпалы туылған...
Қазақтың Мақпалы туылған күн
"Аналардың жалғап үзігін,
Соңдарынан ерген ізімін.
Қолаң шашты, қиғаш қас, қара көз,
Қазақтың ерке қызымын!", - деп шырқайды мақпал үнді қазақтың маңдай алды әнші қызы. Әрине, ол Мақпал Жүнісова!
1963 жылы, осыдан 50 жыл бұрын дәл осы күні кейін қазақтың бұлбұл көмей әншісіне айналатын ару туылды. Мақпал есімді сәби Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданы, Теректі аулында Мұхамедиярдың отбасында дүниеге келді.
Жастайынан өнерге әуес болған Мақпал апайымыз 1988 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің мәдени-ағарту факультетін бітірді. Жоғарғы оқу орнын бітірген әнші ұйымдастырушы-әдіскер мамандығын алып шықты.
Ол 1996 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің және 1997 жылдан бері I. Жансүгіров атындағы Қазақ педагогика институтының профессоры.
Мақпалдай үнімен тыңдарманын әнмен еліткен Мақпал Жүнісованың қазақ эстрадасында алар орны ерекше. Өзіндік стилімен дараланып жүрген ол осы уақытқа дейін көптеген тыңдарман жинап үлгерді. Ән таңдауда да, ән жаздырып оны нақышына келтіріп шырқауда да талғамы мен дарынының жоғары екендігін танытып келеді. Толық ғасырдың бел ортасына келген өнер иесі "Қазақтың ерке қызымын" деп өзін сүйіп тыңдайтын халқының алдында әлі талай өнер көрсетпек!
Ол 1981 жылдан бері «Қазақконцерт» Қазақ мемлекеттік концерттік бірлестігінің солист-вокалисі. Осы уақытқа дейін тыңдарманының көңілінен шығып, 1944 жылы "Халық әртісі" атағын, 1998 жылы ҚР Еңбек сіңірген әртісі атағын алып үлгерді. 1990 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленіп, 2005 жылы «Азия дауысы» Халықаралық конкурсының, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты атанды.
Бүгінде Мақпал Жүнісова 11 жасар Мерей есімді кішкентайдың анасы
Массагет ұжымы қазақтың ерке қызына айналған дарынды өнер иесіне баянды бақыт пен сарқылмас шаттық тілей отырып, бүгінгі туылған күнімен құттықтайды.
Мақпалдың Мерейі қазақтың да мерейін үстемдете берсін!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: kazmusic.kz, i-news.kz
А. Әбілхан