- Негізгі бет
- Бізге 1 жыл!
- Мақпал Жүнісова: «Рэп...
Мақпал Жүнісова: «Рэп айтатын жастар ән тарихын біліп алсын»
Әнші, Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мақпал Жүнісова бізді жылы қабылдады. Емен-жарқын әңгімелесіп, бір жылдық туған күнімізбен құттықтауды да ұмытпады. Қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісованың жастарға айтары да бар, дәл осы себеппен алдарыңызға сұхбатты ұсынамыз...
- Бүгінгі мәдениетіміз туралы, қазақ эстрадасы жайлы толғанып көріңізші...
- Жаман деп айтпаймын. Қазақ эстрадасы жақсы дамып жатыр. Оның ішінде аласы да бар, құласы да бар. Ақпарат тым көп. Телеарналардан неше түрлі сұмдықты көрген жастарымыз өзінше бір жаңалық жасағысы келеді. Мұны дұрыс деп айта алмаймын. Әр ұлттың өзінің туы, әнұраны, елтаңбасы болуы секілді, заңды түрде әр ұлттың өз мәдениеті болуы керек. Өзінің әні, өзінің киім үлгісі болуы керек деген секілді тұжырымды ұстануымыз керек. Ал бізде шет мемлекеттер өнерінен қалыспаймыз деп, қазақи тамаша әндерімізді сол бағытқа бұрмалап жатқан жастарымыз да бар. Олар қанша бұрмаласа да халық өзінің қалауын алатынын түсінуі керек. Мен жаңаруға түпкілікті қарсы адам емеспін, бірақ асыра сілтеп жіберуге еш болмайды. Мәселен, рэп айтып отырған жігіт қазақтың халқының музыкасы қандай болуы керектігін және тарихын біле ме? Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Ғарифолла Құрманғалиев, тіпті ары Мәди, Тәттімбет, Құрманғазылардың өмірден өткенін біле ме? Міне, әңгіме қайда жатыр. Оны рэп айтқан жігітіміз білмейді де. Өйткені, бірде Роза Бағланова апамыздың еске алу кешіне залды толтыру үшін жастарды алып келіпті. Сонда жастарымыздың көбі орындығында шалқая жатып алып, телефонмен «Да не знаю, какой то день памяти что ли?» деп сөйлесіп отырғанын қалай түсінуге болады. Бұл өмірде болған оқиға. Біз мұнда мәдениет деп қазақ әнін әуелетіп жүрсек те, ертең мені де жастар осылай айтып отырмасына кім кепіл? Менің ғана емес, бәрінің де жүрегі ауырады бұл жәйтқа. Тарихтағы дүниелердің барлығы мұрағатта сақтаулы, ал неге олар насихатсыз жатыр? Неге оларды радиодан, теледидардан бермейді? Қазіргі жастарға «қазақтың нағыз әні осындай» деп неге үсті-үстіне беріп, құлаққа сіңірмейді? Бізге мәдениет саласында басқа идеология керек. Ал қуанатын дүниелеріміз де бар. Мақтанып айтатынымыз, біраз жас Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтың, Әбілақат Есбаевтың, Нұрғиса Тілендиевтің әндерін өз репертуарына қосып жатыр. «Музарт», «Жігіттер» топтары бастаған жастар «Сағындырған әндер-ай» секілді ретро әндерінің фестивальдерінде жақсы көрініп жатады. Тойда, қырда, ойда болсын, біз осы әндерімізді қайта-қайта насихаттай беруіміз керек. Тойдың өзі ротация. Ол жерге де ән тыңдайтын қауым келеді. Барлық қазақ әні сол тойда болуы керек. Қазіргі тойларда да шетел әндері басым болып барады. Мәселен, мені Шымкентке тойға шақырса 3000 доллар аламын. Ал Киркоров келсе, 200 мың доллар ақшаны қағып кетеді. Мен сонда Киркоровтан кеммін бе? «Байдың асын байғұс қызғанады» деуші еді, мен қызғанып отырған жоқпын. Тек бұл жағдай қазақ әншілерінің намысына тиеді. Неге біз әлемдік аренаға шықпаймыз? Мұны мемлекет деңгейінде шешу керек деп ойлаймын.
- Отбасыңызда болған ауыр жағдай өнеріңізге зор нұқсанын келтіріп, өнерден кетіруі мүмкін бе еді?
- Мүмкін еді. Мен басында үйде отырып қалдым. Мұның бәрі де Алланың сынақтары шығар. Бірақ мен оны қазір түсінемін. Мені сондай қиын жағдайдан алып шыққан – халықтың тілеуі. Халық іздеді. Ал екіншіден, анам сабырға шақырып, ақыл айтты. Қызымды да өсіруім керек. Күш-жігерімді жинап, сахнаға қайта көтерілгенім де содан.
- Қазақ эстрадасы дегенде еске Роза, Мақпал деген есімдер келеді. Сіздіңше, бұл кұрметтің салмағы қандай?
- Жүгі ауыр. Атақ пен абыройды сақтау одан да ауыр. Ал әйел адамына өнер жолы тіпті де оңай соқпасын біліңіз. Пенде болсақ та, көп жағдайларда өзімізге тыйым салып отырамыз. Енді қаншалықты деңгейде азаматтығымызды сақтап жүргенімізді халық біледі...
- Қазақ мәдениетінде тұралау бар сияқты...
- Тұралап қалды деп айтуға болмас. Бірақ бір-ақ дүние айтайын. Жақында «Орда» тобының концерті өтіпті. Өзім бармасам да, қазаққа жат қылық жасап, шетел әнін айтып, кешігіп бастаған, тіпті сахнада жатып алған екен дегенді де естідім. Мұны ешқашан да дұрыс деп айта алмас едім. Ал қанша дегенмен де, халық әндері жақсы беталыс жасап жатыр. Қазақтың қоңыр әуені, домбырамен, қобызбен айтылатын әндері жақсы дамуда.
- Домбыра неге брендке айналмай жатыр? Бренд болуына қандай жолдар ұсынатын едіңіз?
- Қыдырәлі Болмановтың жобасы жақсы шықты. Оларға басшылықтан үлкен қолдау жасап, шетелдерге гастрольдік сапар жасатуы керек. Насихаты әлем қалаларында жүргізілсе, домбырамыз неге брендке айналмасын? Жылына бір рет апарып екі күй ойнатқанымен ешқандай да бренд бола алмайды. Мәселен, Майкл Джексон қайтыс болғанда қазақтар неге жылап тұрды? Мадоннасы бар, байырғы «Битлз» тобы бар, олардың барлығы да дарындылар. Оларды өзінің мемлекеті брендке айналдыра білді. Ал біздің сол ұлттық дүниелеріміз домбыра, қазы, қымызды шетелдіктер үлкен қызығушылықпен зерттеп жатыр. Болашақта домбырамызды шетелдіктер алып қойса таңғалмаңыз. Францияға, Қытайға, Мароккоға барған кезімізде ол жақтың жұрты екі шектен қандай әсем дауыс шыққанын таңғалыспен тыңдаған кездері болды.
- Айтпақшы, сіздің айналаңызда «фонограммамен айтады» деген әңгіме көп айтылып жүр...
- Жақында Секен Тұрысбековтың шығармашылық концерті өтті. Қазақконцерт кіші зал болғандықтан жанды дауыста айтқымыз келді. Сонда аудиоға жазу кезінде ән бұзылады деген уайым болды. Фонограмма жазбағанбыз. Ал ескі нұсқасы тек 90 жылдардағы даусым. Сылтауратпай, таза айтып шығамын деп болар да болмай, сахнаға шыққаным сол, бірде дауыс қатты шығып, бірде домбыра даусы қатты шығып, кейде тіпті түк те естілмей қалса, ал кейде микрофон ысқырды. Аппарат дұрыс қойылмаған болып шықты. Музыкант дейміз ғой, міне осы мамандар бізде жоқтың қасы. Дауыс реттеушілердің біліксіздігі қазіргі проблема. Міне, осыдан кейін тіпті даусымыз сарнап тұрса да, фонограммамен айтуға тура келіп жүр. Ал баяғы 14 жыл бойы дәуірі жүрген «Азия дауысы» конкурсында Панаморев пен Ерғалиев сол 14 жыл бойы мамандарды Мәскеуден арнайы әкеліп жүрді. Сол материалдарды қазір көрсеңіз тіпті де керемет. Біз сол деңгейге әлі жетпедік, өкініштісі...
- Қазақ эстрадасын дамыту үшін түрлі шоу байқаулар жасау керек пе, қалай ойлайсыз?
- Мен шынымды айтсам, қазір теледидарды көп қарамаймын. Ешқандай да шетелдік әншіні тыңдамаймын. Бір білетінім, бізде шет елдерден қайталанып, хабарлар жасалып жатады. Біз халық саны жағынан кішкентай ғана мемлекетпіз. Сондықтан да біз Ресеймен теңесеміз деп айтпауымыз керек. Олардың бір Мәскеуінің өзінде біздің жалпы қазақтың санымен бірдей болады. Тіпті жетпейді десек те өтірік емес. Өзіміз теңесе алмайтын Ресейдің өзі шет мемлекеттерден әртүрлі байқаулардың форматын «ұрлайды». Ал бұл – игілікті іс, біз де былайша айтқанда байқаулардың форматтарын ұрлап, көптеп өткізе беруіміз керек. Барынша қазақы менталитетке жақындатып, жақсысын алып, жаманын қалдыру керек деп ойлаймын. Қазір «Ду-Думан» деген бағдарлама шықты ғой. Соны апаларымыз тапжылмай отырып көреді. Меніңше де, мұндай бағдарламалар бізде көп болуы керек. Жастар да осыдан шыңдалады, тәрбиеленеді. «Мәдениет» арнасы ашылды деп естідім. Менің үйімде сол арна көрсетпейді екен. Сол арнадан қазақтың әндерін қайталап бере беруіміз керек деп ойлаймын. Апта бойы әндете бермесе де, сенбі-жексенбі күндері концерттік бағдарламаларды сағаттап берсе екен деймін. Адам демалғысы келеді, жастар көшеден қызық іздемей осыны көрер еді. Рухани баю жолы осы деп білемін. Мәселен, Дубайда болғанымда олардың таңнан кешке дейін тек өз әндерін беретініне таңғалдым. Және тек қана өз тілінде сөйлейді.
- Түрік телехикаяларын көресіз бе? Көзқарасыңыз қандай?
- «Великолепный султан» Хирум сұлтан деген хикаясын көремін. Олар қазаққа бірдеңе береді деп айта алмаймын, бірақ кейде олардың гаремдерін көріп отырып, өзіміздің кейбір адамдарды еске аласың. Оларға сабақ беру үшін көрсетіліп жатқан дүние ме, кім білсін...
- Шынайы досыңыз кім?
- Көбі өмірдегі серіктер ғой. Ал ең жақын досым деп – Ақтоты Райымбекованы айтар едім.
- Әңгімеңізге көп рақмет. Қазақтың ерке қызы болып аман-есен жүре беріңіз.
Әңгімелескен: Ардақ Құлтай
Сурет: Уалихан Қосанбай
А. Құлтай