- Негізгі бет
- Тұлға
- Франка Соццани: Сән...
Франка Соццани: Сән қуамын деп азап шегудің еш қажеті жоқ
Франка Соццани қараша айында The New York Ball шарасы шеңберінде “Өмірлік жетістігі” үшін марапатталса, 6 желтоқсанда The Fashion Awards шарасында сән өндірісіне жақсы өзгерістер алып келгені үшін Swarovski сыйлығын алды, ал 22 желтоқсан күні соңғы сапарына аттанып кетті.
Белгілі филантроп және БҰҰ ерікті елшісі Франка 28 жыл бойы Vogue Italia журналында редакторлық қызмет атқарды. Журналдың тек италия тілінде шығатынына қарамастан, Франка оны ең бәсекеге қабілетті басылымдар қатарына көтеріп, таралымын бірнеше есе арттырды. Сән әлемінің інжілі саналатын бұл журнал әлемнің көптеген елдерінде шығарылады. Conde Nast баспасы шығаратын журналдар ішіндегі Франка бастаған Vogue Italia — ең аты шулы басылым. Себебі, Соццани көпшілік айтуға қорқатын мәселелерді шешуге ат салысты. Расизм, зорлық, пластикалық хирургия, экологиялық апаттар, қазіргі қоғам індеттері – Франка қозғаған мәселелердің бірегейі.
Келбеті періштедей пәк те нәзік Франка Соццани тек білікті басшы ғана емес, талай дарынды ашуға түрткі болған, қазіргі таңда атағы жер жаратын көптеген дизайнер мен фотографтың жолын ашқан нағыз өнер жанашыры еді. Оны көпшілік медиа данышпаны деп те атап кеткен.
Ендеше, талайға үлгі болар тұлғаның айтқан сөздеріне көз жүгіртіп, жаныңызға жақынын бойыңызға сіңіріп алыңыз, оқырман.
«Деннің сау болуы – бақытты болу. Ол жас пен салмаққа байланысты емес. Ол сіздің нәрлі тағам мен сұлулық туралы біліміңізге байланысты. Ал сұлулық сыртқы ғана емес, ол ішкі жан дүниенің де болмысы бола алады».
«Мен демалыс алған кезде, қоғамнан мүлдем алшақтап кетемін. Уақытымды үйде кітап оқумен, фильм қараумен немесе тағам даярлаумен өткіземін».
«Менің ойымша, еркіндік – шопинг. Өйткені, ешкім сізге нені алып, нені алмау керек екенін нұсқай алмайды».
«Сырға – мен тағатын жалғыз бұйым. Сондықтан менде ескі, жаңа, винтажды т.б. сырға түрі өте көп. Мен ескі нәрселерді сүйемін».
«Мен үшін Тильда Суинтон – нағыз сәнқой бикеш. Бір қарағанға ол соңғы сәнмен киінбегенімен, әрқашан элегантты көрінеді. Өзіне ғана тән ерекшелігі көзге оттай басылады».
«Кейде менің 24 сағат жұмыс істейтін кездерім болады. Бірақ, мен одан шаршамаймын, себебі өз ісімді шын жүрегіммен сүйемін».
«Ешқашан ешкімнің жолын қумаңыз! Мен де Анна Винтур секілді 25 жыл сән әлемінде жұмыс жасап келемін. Бірақ, мені ерешелейтін бір дүние бар. Ол – менің түсініксіз әрі көріксіз адамдарға деген сүйіспеншілігім. Меніңше, олар – ең мықты адамдар».
«Сән қуамын деп азап шегудің еш қажеті жоқ. Бір ғана стильді ұстаныңыз».
А. Оралқызы