- Негізгі бет
- Тұлға
- Баян Қажынәбиева: "Қайсар...
Баян Қажынәбиева: "Қайсар мен Санжардағы" рөлімді қатты ұнатамын
"Серпер" жастар сыйлығының лауреаты, актриса, ұстаз Баян Қажынәбиевамен сұхбат.
– Баян Алысқызы, әңгімемізді өнердегі соңғы жаңалықтарыңыздан бастасақ дейміз... Театрда қандай жаңа рөлдеріңіз бар? Ұстаздық жолыңыздағы ізденістеріңіз туралы айтсаңыз?
- Таяуда ғана премьерасы өткен Алма Кәкішеваның «Таңсұлу» қойылымында басты кейіпкердің жеңгесінің рөлін сомдап шықтым. Сонда қойылатын биге көп дайындық жүргізіп, арнайы жаттығуларға қатыстым. Мақтанғаным емес, мен өзім 13 жыл қызмет еткен қара шаңырақта Қарагөзді, Еңлікті, Ажарды, Тоғжанды, Қамарды ойнадым, енді жасым келіп орта жастағы кейіпкерлерге ауысып жатырмын, жеңге рөлін алдым. Жаңадан келген жастар басты қаһармандарды алмастыруда. Бір кезеңнен екінші кезеңге өту оңай емес екен (күлді). Бұл да бір жауапты тапсырма, оған ерлік керек. Бұрын басты рөлдерге үйреніп қалғаннан кейін екінші жоспардағы рөлдерге өзіңді сындыру, психикаңды дайындау қажет. Жеңгелерді, шешелерді, әжелерді ойнау мен үшін бір тарихи кезең. Сондай-ақ, былтыр А. Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» атты классикалық туындысында Ольга рөлін сомдадым. Сол жылы Ұлттық Өнер Академиясында режиссура мамандығы бойынша магистратура бітірдім. Аталған оқу орнында 5 жылдан бері ұстаздық қызметтемін. Алла қаласа, биыл докторантураға тапсырсам деген жоспар бар. Актриса әрдайым ізденісте, өрлеуде жүру керек, биікке ұмтылу керек деген ойдамын.
– Былтырғы жылы біз сізді кино актрисасы ретінде жақсы танып қалдық. Қандай киноларға түстіңіз, өзіңізге жақын рөліңіз ретінде қайсысын атайсыз?
- Былтырғы жылы «Қайсар мен Санжар» фильмінде аналары Әселдің рөлін алып шықтым. Осыған дейін бірнеше киноға түсіп үлгердім, бірақ, Әсел маған ең жақын, ең жылы рөл десем артық айтқандық емес. Қатты ұнайды. Мен осыған дейін ылғи да трагедия, драма, классикалық, лирикалық қойылымдарда, фильмдерде ойнадым, ал мына комедия жанры мен үшін жаңалық, сынақ болды. Кішкентай балалармен жұмыс жасау деген мен үшін бір сиқырлы әлем. Фильм «Қазақфильм» киностудиясында бір жыл бойы түсірілді. 60-тан аса серия жасап шығардық. Киноның тұсауы «Балапан» телеарнасында кесілді. Түсірілім алаңына келгенде шынайы өмірден аттап, ертегілер еліне аяқ басқандай боламын. Осы әлемде жүре бергім, қайта оралып келе бергім келді. Режиссер – Ахат Ибраев. Ол кісінің өзі ешкімге ұқсай бермейтін қызық адам. Одан кейін «MJ» продакшнның «Пилоты» атты телехикаясында Аружан деген әйелдің рөлін ойнадым. Бұл енді драма. "Хабар" арнасынан көрсетілді. Таяуда тағы да бір кинодан көре аласыздар. Ол әзірге құпия болып қалсын.
– Халық өнер адамдары жасаған туындылармен демалады, ал өнер адамдары қалай демалады екен? Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Менде демалыс күні жоқ. Театр сейсенбі–жексенбі аралығында істейді. Дүйсенбі театрда демалыс болса, ол күні Өнер Академиясында таңғы сағат 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін сабағым бар. Басқа күндері де сабақ қойылған. Иә, балаларыма уақытым жетпей қалатын шығар. Бірақ, қолым қалт етсе, үйге қарай асығамын. Үйде екі балам, анам бар. Мен анама сенемін, сондықтан болар, оларға алаңдай бермеймін. Соңғы 2-3 жыл демалыссыз жұмыс істеп келе жатсам да, шаршадым деп айта алмаймын, олай айтуға қорқамын да. Себебі, жұмысымнан ләззат аламын. Егер мен шаршасам, ұйқым келсе, үйде жүргім келсе, оған уақыт табар едім. Ата-анам әрқашан «Сені өсіретін – еңбек» дегенді құлағым құйып отыратын. Менің Алматыда таныстарым, әке-көкелерім де жоқ, студент кезімнен бастап өзімді қамтамасыз еткен адаммын. Күндіз оқып, түнде жұмыс істедім. Осының бәрі сол кезден қалып қалған әдет сияқты. Жұмыс істемесем, надан болып қалатындай, өсуім тоқтап қалатындай көрінеді. Бірақ жазда еңбек демалысымды пайдаланып, Анталияға баламмен бірге демалып келдім.
– Киноға түсудегі басты мақсатыңыз қандай немесе сізге кино не береді?
- Еншімде ауыз толтырып айтатын көп кино жоқ. Мен кез келген киноға түспес бұрын, сценариге қараймын, таңдап түсемін. Эпизодтарға түскен емеспін. Әркім өз дәрежесін өзі бағалау керек деп білемін. Кинода ойнау мәнері мүлде басқа, театрға ұқсамайды. Менің шығармашылығым үшін кино маған қызық, күн сайын бір нәрсені қайталай беру де адамды өшіреді. Кино басқа әлем. Мұнда камераны сезіну керек. Ол үшін мол тәжірибе қажет.
– Ерекше атап айтатын машығыңыз немесе сүйікті ісіңіз туралы білгіміз келеді...
- Ең жақсы машығым – кітап оқу шығар. Мені ең алғаш кітап оқуға үйреткен, кітапқа деген махаббатымды оятқан автор – Бердібек Соқпақбаев. Екінші сыныбымнан бастап қызықты ертегілерді оқитынмын. Сонда да екі беттік ертегі мен үшін тым көп көрінетін. Күндердің күнінде үйден Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» деген кітабын тауып алдым. Өмір бойы оқысам да тауыса алмайтындай көрінген кітапқа қызыққаным соншалықты, 3 күнде бітіріп тастадым. Кітаптағы «Балалық шаққа саяхат», «Жекпе-жек», «Менің атым – Қожа» деген шығармалар маған әлі күнге дейін ыстық. Осыдан кейін қалың кітаптардан мүлде қорықпайтын болдым. Оған деген қызығушылығым артпаса, кеміген емес.
– Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?
- Гюстав Флобердің «Госпожа Бовари» атты кітабын жақында ғана бітірдім. Бұл кітапты біз студент кезде-ақ оқуға міндеттеген. Ұнатпағандықтан, емтихан үшін ғана шала-пұла оқып шықтым. Ал қазір жаныма өте жақын. Мен бәлкім, Боваридің жасына жақындадым ба, оның санасына жеттім бе, әйтеуір, кейбір қасиеттері жақын, таныс болып, өзімнің бойымнан тауып отырып, қызыға оқып шықтым. Түйгенім, адам әр кітапқа өзінше дайын болу керек екен. Жалпы, кітаптың кинодан айырмашылығы, сен кітап оқып отырып персонажды автордың көмегі арқылы өзің салып шығасың. Мысалы, «Унесенные ветром» кітабын оқып, артынан киносын көргенде қиялыңдағы кейіпкерлердің бет-бейнесі, көше, қара нәсілді негр, соғыстан кейінгі қала – бәрі де менің елестеткенімдей жасалғанын көріп таң-тамаша болдым. Экранда бәрі де менің талғамыммен жасалған. «Унесенные ветром» менің ең жақсы көретін кітабыма айналды. Скарлеттің қиналғанда, тығырыққа тірелгенде «Мен мұны бүгін ойламаймын, ертең ойлаймын» деген сөзі менің де жиі айтатын сөзіме айналды. Жалпы өмірімде кездескен қара жолақтарда кітаптың көмегіне сүйенемін. Менің жолымдағы оқиғалар мен кітаптағы оқиғаларды салыстырамын, кейіпкерлердің шешімдерін есепке аламын. Кітап – барлық адамға көмекші.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!
Әңгімелескен: Айгерім Сматуллаева
Сурет: Маржан Тұрысбекқызы