- Негізгі бет
- Театр
- "Таңсұлу" – 3D...
"Таңсұлу" – 3D форматында сахналанған тұңғыш қойылым
Санаулы күндер бұрын ғана "Таңсұлу" таңғалдырады деп жария салғанымызда, іште бір тұманды ойлар болып еді. Оған себеп – бұған дейін лирикалық драмаларда бой көрсетіп жүрген Салтанат Бақаеваның тарихи кейіпкерді сомдауға бекітілгені мен осынау жауапкершілігі мол тақырыпты арқалаған режиссер Алма Кәкішева болды. Нақтырақ айтсақ, екі нәзік жанды жан бітіретін қойылым қандай болмақ деген күмәнді ой биледі. Бекер екен... "Таңсұлу" таңғалдырмай қоймады! Қарашаңырақтың классикалық қойылымдарының қатары тағы да біреумен толықты ғой деген ойдамыз.
Бір жарым сағат уақытқа созылған қойылым мәресіне жеткенде залдағы қазақ қыздарының көзінен "Мен ұлтым үшін не істедім, не істей аламын?" немесе "Таңсұлудың орнында болғанда қайтер едім?" деген ойды оқыған болдық. Қала берді "Салтанаттың мұндай өнері барын білмеппін!", "Бір демалып қалдым ғой, шіркін!", "Театрдағы ең ұнаған қойылым осы болды" деген пікірлер естіліп жатты. Бет орамал тиіп жатқан жанарлар да жоқ емес. Бұл да қойылымға берілген бағаның бір түрі деп білеміз.
"Таңсұлу" драмасының қоюшы-суретшісі Қабыл Халықов бізге берген сұхбатында ерекше сценографияны, әсемдік пен мағыналылықтың үйлесімін уәде еткен еді. Куә болдық. Бас шайқадық, таңдай қақтық. "Таңсұлу" – әкемтеатр қабырғасында 3D форматында сахналанған алғашқы қойылым екен. Онан бөлек, мұндай ұлттық бояуды әлі көрмеген болатынбыз. Солай, нағыз қазақылыққа, қазақы салт-дәстүрге, қазақы рухқа шөлдеп жүрсеңіз, аталған қойылымды іздеп барғаныңыз жөн.
Бүркіт... Домбыра... Қобыз бен жетіген... Құмай тазы... Тұлпар... Қара жорға... Ұлттық ойындар мен ұлттық киім-кешек... Айтыс... Және қазақы мінез. Бәрі де драмаға сыйыстырылған. Жеңге мен қайын-сіңлі, құдаша мен құда бала арасындағы сондай бір сүйкімді әзілдер, сыр шертісулер жаныңды баурап алады. Еркелегің келіп сала береді. Сондай-ақ, ұлтымыздың ұмытылған құпия жадына айналған бақсы-балгер бейнесі де жанданып отыр. Бұл үшін Дулыға Ақмолдаға айтар алғысымыз бір бөлек.
Таңсұлу – өмірде болған тарихи кейіпкер. Тұлға шамамен Төле би заманында өмір сүрген деседі. Қалмақтың сөзімен айтсақ, "Таңсұлу – қазақтың батырлар жырында суреттелетін ай десе аузы, күн десе көзі бар, еріні пейіштің гүліндей сұлу бойжеткен". Новелла авторы Ғарифолла Есім бұл оқиғаны Семей қаласындағы көпті көрген көршісінің аузынан естіген екен. Драмада ел басына күн туған сәтте тұтқынға түскен ару махаббатына, еліне адал болып, ұрпағын аман сақтап қалу үшін сұлулығын құрбан еткені баяндалады. Ару өз мұрнын жары берген қылышпен кесіп салады. Иә, ол өзгелер секілді өзін өлтірген жоқ. Таңсұлу өмір бойы сол азаппен қалып, тағдырдың ауырлығына төтеп береді. Бала кезінде көрген пұшық қайыршы кемпірге айналып, Терең сайға кете барады. Мұндағы басты екпін жойқын күшке немесе көзсіз ерлікке емес, Алланың әйел баласына берген қуатына, "қырық жанына" түсіру керек сияқты. Өзін құрбан ету көптің қолынан келетін батылдық. Ал от пен судың арасында әйелдік, аналық, перзенттік борышын соңына дейін атқару екінің бірінің маңдайына жазылмасы хақ.
Таңсұлу қалмақ жерінде 15 жыл уақыт бойы жүріп, қиындыққа мойымастан қос ұлды өсіріп жеткізеді де, елін табуды өсиеті етеді. Анасын қимаған ұлына: "Әкеңді тапқаның анаңды тапқаның!" деп жауап қатады. Ол осы сөз арқылы бүкіл қазақы болмысты көрсете білді, осы сөз арқылы ер азаматтың әйел затынан қашанда биік тұратынын бір дәлелдеп береді. Махаббат бар да, адалдық, намыс деген ұғымдар тағы бар. Басты кейіпкер сезімнің етегінен ұстап қалмақпен көңіл қосса, бүкіл қазақ қара көздерінің маңдайына қара таңба болып басылар еді немесе лаулаған сезімге от құйып, біржола өшірсе, махаббаттың құны төмендер еді. Ол екеуін де таптамады. Намысы, елі үшін сұлулығын тәрк етті. Қалмаққа деген махаббаты үшін оның баласын бірге өсірді, жат жерде өмір сүрді.
Салтанат Бақаеваның сегіз қырлылығы кейіпкердің ашылуына бір себепші болды деп ойлаймыз. Оның орындауындағы әндер, жетіген, домбыра, сыбызғы сынды аспаптағы орындаулар, қылықты мінез бен табиғи сұлулық Таңсұлуға бір дем берді. Даусының дұрыс қойылмағандығы байқалып жатқанымен, актерлік шеберлігі бұл ағаттықты басып кете алды...
Екінші құрамда Таңсұлу рөлін сомдаған Ажар Бақытжан да көрермен ықыласына бөленіп үлгерді. Ең алғашқы басты рөлін абыроймен атқарған Ажар былай дейді:
– Бұл менің театрдағы алғашқы рөлім. Өткен жазда ғана Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірдім. Бірден осындай басты рөлді тапсырған режиссердің сенімін ақтау – басты міндетім. Өзім тік мінезді, алға қойған мақсатыма жетпей қоймайтын өршіл рухтың иесімін. Бітімім солай. Таңсұлуда сондай мінездің иесі. Бірақ кей кездері тым нәзік. Маған сондай жіңішке тұстарды сомдау қиынырақ тиді. Әртүрлі жас мезетін ашудың да оңайға түспегені анық. Барынша шынайы, қарапайым ойнауға ұмтылдым.
Әйел бейнесін көрсету басты мақсат болғандықтан ба, ер азаматтардың бейнесі ашылмай қалды. Әсіресе, Жойқын түсініксіз болып қалып қойғандай... Ал қалмақ бегінің рөлін сомдаған Ғалымбек Оспанов өзіне берілген тапсырманы "бес" деген бағаға орындады деуге болады. Таңсұлудың анасын тым тайраңдатып жіберіпті. Ел анасы болатын жасқа келген бәйбішенің қылықтары тым оғаш.
Драмадағы тағы бір ерекше атауға тұрарлық дүние – би. Өзінше сыпайылыққа, зиялылыққа, нәзіктікке толы биді қойған танымал биші Шұғыла Сапарғалиқызын да сөзге тартып көрдік:
– Бірінші рет драма театрмен жұмыс істеп отырмын. Өте қызықты болды. Екінші рет мүмкіндік берілсе бас тартпас едім. Бір жағынан әртістерден үйренерім көп. Олар кәсіби биші болмаса да, өте талантты жастар. Өте ізденімпаз. Рөлдерінің әрбір тұрысын, жүрісін, мінезін жаныңды қоймай сұрап, өзіңді ізденуге апарады. Осындай жастар көбейе берсін дегім келеді. Бір қиындығы – шектеу бар. Бұл арнайы сценариі бар қойылым. Сондықтан кәсіби би қоюыма тағы болмайды. Үш би қойдым: бірі – бақсы биі, екіншісі басқа әлемде жүрген, сұлулық нышаны бола алатын қыздар биі, үшіншісі – қалмақ биі. Қалмақ жігіттерінің сахнада жүріп-тұруын, әрекет етуін бимен көрсеттік.
Тіл маманы болғаннан кейін, сахна тіліне де ерекше назар аударады екенсің: тіл тым қара байыр. Көрерменді терең ойға жетелейтін сөздер немесе жадыңда қалатындай диалогтар жоқ. Лексикалық қателіктер де бар: қазақ ешқашан қызға "ер жетті" деп айтпаған, қыз бойжетеді. Келіннің "Ене" деп тіл қатқанын да бұрын-соңды естімеген екенбіз. Тек жыраулардың отты жырларлы орындалғанда рухымыз бір көтеріліп қалды.
Мінсіз қойылым жасау қашан да қиын. Әсіресе, көрінгеннен мін іздеп, сын айтуға құмар тұратын қазаққа жағу оңай емес. Осындайда "Көш жүре түзелер" дейтініміз бар емес пе? Тың туынды жасауға талпынған талантты шығармашылық топтың еңбегі ерен. Сондықтан кемшіліктерді жоярына да бек сенеміз...
Автор: Айгерім Сматуллаева
Сурет: Театрдың баспасөз қызметі
Р. Роза