Шопан, бағбан: Әлемнің кедей президенттері

Шопан, бағбан: Әлемнің кедей президенттері
Фото: econet.ua

"Бақыт қанағатта", "Қанағат қарын тойғызар", "Жомарт бергенін айтпас" дейді халқымыз. Расымен, адамды адам ететін – оның қарапайымдылығы мен адамгершілігі. Барына қанағат, жоғына сабыр еткен, қолындағы барын бәрімен бөліскен жан шынайы бақытты. Бұған қолында билігі мен қалтасында қаржысы бола тұра, бәрінен бас тартып, қанағат өмірді қағида тұтқан тұлғалар дәлел болмақ.

Әлемнің жомарт, қарапайым азаматтары жайлы көп естігеніміз анық, байлығы мен билігін сарп етіп, кедейше өмір сүрген президенттер туралы аз естіген болармыз. Көбіміз естісек те, сенбеуіміз мүмкін.

Қазіргі күнде бұлардың біреуі шопан, енді біреуі бағбан. Қазір оларды бір кездері ел басқарған елбасылар болған деуге сену қиын. Ендеше әлемнің кедей президенттері жайлы сөз қозғасақ.

Хосе Мухика

"Әлемнің ең кедей президенті кім?" дегенде бірден Уругвай президенті Хосе Мухика еске түседі. BBC оны 2018 жылы "әлемнің ең кедей президенті" деген атақ береді. Содан бері әлем оны ең кедей президент деп таниды. 2010-2015 жылдары ел басқарған президенті халқы еркелетіп "Пепе" дейді. "Маған тарихта емес, халқымның жүрегінде қалғаным маңызды" дейді Хосе Мухика. Расында да, 2015 жылы президенттіктен, 2018 жылы сенаторлықтан кетіп, зейнетақыдан бас тартқан Пепе ел есінде мәңгі қалары анық.

Қозғалысқа қатысқан

1935 жылы дүниеге келген Хосе Мухиканың саясатқа келуі, ел өміріне араласуы оңай болған жоқ. 1953-59 жылдары Фидель Кастро бастаған Куба революциясынан шабыт алған Латын Америка елдерінде бірінен кейін бірі демократия мен құқық бостандығы үшін қозғалыс басталды. Сондай қозғалыстардың (Уругвайда "Тупамарос" партизан қозғалысы болған) қатарында Хосе Мухика да болды. Қарулы қақтығысқа қатысып, бірнеше рет жараланған. 14 жыл әскери түрмеге қамалған. Бірақ мұның бірде-бірі Пепенің әу бастағы мақсаты мен ниетінен қайтарған емес.

2005-2008 жылдары Уругвайдың ауыл шаруашылық министрі, кейін сенатор болды. Ал 2009 жылы президенттік сайлауға қатысып, 2010 жылдың 1 наурызынан бастап ресми түрде президент қызметіне кіріседі. Ел басқарған жылдары халықтың әл-ауқатын көтеру мен еркін нарық қалыптастыру, сөз бостандығы мен демократия орнаған қоғам құру ісін қолға алды.

Мухика билігі кезінде Уругвай әлемнің ең толерантты елдерінің біріне айналды. Соның арқасында елдің ЖІӨ өсті: қазба байлығы жоқ, шекарасы шағын елдің жылдық өсім көрсеткіші – 5,7%-ға жетті. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп дамыды. Кедейлер саны азайды.

Жалақы мен зейнетақыдан бас тартқан

Ел экономикасын көтеруге аянбай еңбек еткен Хосе Мухика алған жалақысының 90 пайызын қайырымдылыққа – тұрмысы нашар жанұяларға баспана салуға жұмсаған. Яғни, жалақысы – $12500 болса, оның $1250 ғана өзі алған.

Әйелі де еңбекақысын қайырымдылыққа берген. Президенттік қызметте бола тұра, резиденцияда тұрудан, күзет пен кортежден бас тартқан, ел астанасы – Монтевидео қаласының жанындағы аядай үйінде ғана тұрған.  Тіпті, лашық деуге болады.

"Үйдің төбесінен су ақпаса болды емес пе?!" дейді Пепе. Үйінде су жоқ, құдықтан алады. Қазір шағын фермасы бар, гүл өсіріп сатады.

Ал өміріндегі сатып алған ең қымбат дүниесі – 1987 жылғы Фольксваген Жук көлігі. Құны – $1945.

Президенттің өмірге деген көзқарасы да қарапайым.

- Ғұмырын табыс табу мен ақша жұмсауға арнаған адамның ойы да, санасы да байлаулы. Материалдық құндылыққа бей-жай қараған адамның да өмірі еркін, - дейді Пепе.

Президенттік қызметтен кейін Хосе Мухика сенаторлықта болған. Оның мерзімі 2020 жылға дейін болса да, Пепе 2018 жыл сенаторлықтан бас тартып, басқа саясаткерлерге орнын босатып берді. Одан бөлек, сенаторлық зейнетақыдан да бас тартқан. "Басшы кетеді, халық қалады" дейді көсем.

Махмуд Ахмадинежад

2005-2013 жылдары Иранның президенті болған. Меншігінде Иранның кедей ауданында әкесінен қалған бір үй мен 1977 жылы шыққан ескі көлігі ғана бар.

Байлық пен сән-салтанатты аса ұнатпайтын адам. Сондықтан алғаш президенттікке кіріскенде-ақ қызмет бөлмесінде тұрған қымбат парсы кілемін алып, мешітке беріп жіберген. Оның орнына арзан кілем әкеп салған екен.

Ал түскі асын сөмкесіне салып әкелетін болған. Асты жұбайы дайындап беретін көрінеді. Іссапарда жүргенде қонақ үйдің ең арзан бөлмесін жалға алады екен. Себебі президент жерде жатқанды жақсы көретін.

2013 жылы отставкаға кеткеннен кейін "зейнетақы үшін емес, халқым үшін еңбек еттім" деп президенттік зейнетақыдан да бас тартқан.

Қазір Тегеран университетінде дәріс оқиды. Айлығы – $300. Айтуынша, жалақысы тұрмысына толық жетеді. Ал әйелі еден жуушы болып істейді.

Махмуд Ахмадинежад бала күнінен қой баққан ұнайды. Қазір де арасында қой бағуға шығатын көрінеді. Жұмысына қоғамдық көлікпен барып қайтады. Кейде көшеде аула сыпырушыға да көмектеседі екен.

Тарихта Уго Чавес, Томас Исидор Санкара сынды кедей президенттер болған. Хосе Мухиканың өзі Венесуэланың атасы Уго Чавесті "ең жомарт көсем" деп атаған.

Ал Буркина-Фасо атты шағын елдің президенті Томас Санкараны естігендер аз. ХХ ғасырдың ортасында өмір сүрген көсем. Жалақысын балаларға арналған қайырымдылық қорына аударып отырған. Ескі көлігі мен төрт велосипеді ғана болған. Үйіне желдеткіш орнатуға қаржысы болмаған деседі. 

Қазақ басшылары арасында Дінмұхаммед Қонаевтың өмірі көпке үлгі болары хақ, кішіпейл басшы болған жан. Жұмысқа жаяу барып-қайтатын. Күзеттен бас тартқан. Ғұмыр бойы қызметтік үйде тұрған. Үйін жазушы Әлжаппар Әбішевке сыйға тартқан екен.

"Академик" дәрежесі үшін төленетін төлемақыдан бас тартып, оны балалар үйіне беріп отырған. Қарапайым өмір сүргені соншалық  Леонид Брежнев Қонаевтың үйіне бірінші рет қонақ боп келгенде "Бар дүниең осы ма?" деп таңырқаған көрінеді.

Қ. Слямбек