Франка Соццанидің 7 жетістігі

Франка Соццани қараша айында The New York Ball шарасы шеңберінде “Өмірлік жетістігі” үшін марапатталса, 6 желтоқсанда  The Fashion Awards шарасында сән өндірісіне жағымды өзгерістер алып келгені үшін Swarovski сыйлығын алған болатын, ал 22 желтоқсан күні соңғы сапарына аттанып кетті.

Белгілі филантроп және БҰҰ ерікші елшісі Франка 28 жыл бойы Vogue Italia журналында редакторлық қызмет атқарды. Журналдың тек итальян тілінде шығатынына қарамастан Франка оны ең бәсекеге қабілетті басылымдар қатарына көтеріп, сатылымын бірнеше есе арттырды. Сән әлемінің інжілі саналатын бұл журнал әлемнің көптеген елдерінде шығарылады. Солар тиесілі Conde Nast баспасының журналдары ішіндегі Франка бастаған Vogue Italia — ең провокациялы басылым. Себебі, Соццани көпшілік айтуға қорқатын мәселелерді шешуге ат салысты. Расизм, зорлық, пластикалық хирургия, экологиялық апаттар, қазіргі қоғам індеттері. Бұлар Франка қозғаған мәселелердің бірегейі.

Келбеті періштедей нәзік Франка Соццаниді тек білікті басшы ғана емес, сонымен қатар талай таланттарды табуға түрткі болған, қазіргі таңда атағы жер жаратын көптеген дизайнерлер мен фотографтардың жолын ашқан нағыз өнер жанашыры еді.  Оны көпшілік медиа данышпаны деп те атап кеткен. Осыны дәлелдейтін 7 деректі сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

1. Журналдың бас редакторы қызметіне келер-келместе Франка кутурье тек итальяндық болу керек деген қатып қалған қағиданы қолдамайтынын жеткізді. Консервативті Италия қоғамы тек жергілікті кутурьелерді ғана мойындайтын. Сондықтан Соццани алғашқы мұқабалардың біріне белгілі француз Yves Saint Laurent суретін шығару арқылы өзге ел сәнгерлеріне Италия fashion-өнерінің есігін айқара ашты.

2. Мәдениеттегі расизм тақырыбын қозғаған алғашқы адам да осы Франка болатын.  2011 жылы Франка журналға тек қара нәсілді сән бикештерінің суреттерін шығарып, оны Black Issue деп атады. Журналдың бұл саны Ұлыбритания мен АҚШ-та 3 күн ішінде сатылып кетіп, баспа сұраныс бойынша тағы  60 000 көшірмесін шығаруға мәжбүр болды. Бұл Vogue журналы тарихындағы ең көп сатылымға ие болған журнал саны еді. 

3. Ол қозғаған мәселелердің тағы бірі — анорексия, яғни, шамадан тыс арықтықпен күрес. Онымен күрес жолында Франка толықша келген модельдерді қолдап, арнайы Vogue Curvy аталатын журнал санын шығарды — мұнда  plus-size-блогерлер сән әлемінде идеал саналатын арықтыққа тырысқанның орнына, өз мүсінін қабылдап, оның артықшылықтарын киім арқылы көрсете білуді үйрететін мақалалар ұсынды. Кейін Соццани Италия Үкіметіне арықтыққа үгіттейтін сайттардың жұмысын тоқтату туралы ұсыныс тастады.  

4. Соццани, сондай-ақ, бірнеше зерттеулердің авторы. Сән, дизайн, сурет тарихына қатысты кітаптары да жарық көрген. Мысалы, Visitors кітабы — флорентиялық биеннале сән мен өнердің 20 мұражайына жол сілтеуші, A Noir — өнер мен сән әлеміндегі қара түсті зерттеу, Valentino's Red Book пен Avedon Fashion 1994—2000 — сәнгерлер туралы,  Artists At Work — Британияның қылқалам шеберлері туралы.

5. Соццани Child Priority аталатын коммерциялық емес қордың негізін қалаушылардың бірі, Conde Nast баспасы құрған бұл қор жас дарындарды қолдауды мақсат етеді. Vogue Italia түсірілімдері ең керемет журнал ретінде аты шыққан —  Франкамен Питер Линдберг, Эллен фон Унверт, Паоло Роверси, Брюс Вебер, Стивен Мейзел сынды фотографтар жұмыс істеді. Стивен болса Франка редактор болған жылдардағы барлық мұқаба суретерін түсірді. 

6. Франка жетістіктері әрқашан көпшілік қауым назарында болды. Жоғарыда атап өткен атақ, даңқтан бөлек Соццани Франция президенті Николя Саркози өз қолымен сыйлаған Құрмет легионы орденінің иегері.

7. Франка Соццанидің сіңірген еңбегінің зор болғанына ешкім шүбә келтірмейді. Сондықтан, оған арналған кинофильмнің түсірілімі көп ұзамай басталары анық. Биылғы жылғы Венеция кинофестивалінде Соццанидің ұлы, режиссер Франческо Карроззини өзінің анасының еңбек жолына арналған Franca: Chaos and Creation аталатын фильмінің тұсаукесерін жасады.