Оралхан Бөкей. Жасын ғұмыр жазушы

Оралхан Бөкей. Жасын ғұмыр жазушы

Егіздің сыңарындай сырласып, мұңдасып ғұмыр кешкен Оралхан досымның қазақ әдебиетіне орны бөлек олжа салған тұлғалы туындылары туралы ой-пікірлеріммен бөлісуді жөн көрдім.

Оралхан Бөкейұлы – әдебиетке бірден және өз бетімен, өз жолымен келген жазушы. Ол ешкімге еліктеген, солықтаған жоқ, яғни шәкірттік кезеңді аттап өтті. Оралханның өңделген, өзгерген, қайта жазылған не жарамсыз, жарияланбай қалған бірде-бір шығармасы болмауы осы пікірімізге толық дәлел. Бұл оның әдебиетке таланты толысып, дарыны дараланған тұста келгендігінің нақты көрінісі. Оралханның әдебиетке үлкен даярлықпен келуінің бір сыры, оның ел ішінде көбірек тұрып, Алматыға – әдеби ортаға жазушылық көзқарасы, дүниетанымы әбден қалыптасқан шақта қосылғаннан да болар… Оның үстіне ол қаршадайынан газет жұмысына жегіліп, жазу-сызудың үлкен, тәлімді мектебінен өтті. Оралхан жазған очерктер көркем әңгімеге бергісіз, қызықтыра оқылатынын замандастары жақсы біледі. Оны «Лениншіл жасқа» шақыртып алдыруға себепші болған да сол өзгеше сипаттағы очерктері болатын. Өміртану мектебінен өткен жас жазушының қаламы жүрдек, сезімі сергек, шығармаларының шырайы бөлек, кейіпкерлерінің түр-түсі ғана емес, тұлғалары да биік те бейтаныс болып келеді.

Біз білетін Бөкейұлының шығармашылық ерекшеліктерін айқындайтын ең бірінші белгісі – оның бірден өз қолтаңбасын тауып алғандығы. Ол не жазса да өзінше өрнектеп, өзінше ойлап-пішіп жазуға әдеттенген. Моншақтай тізілген мөлдір де көркем тілі қандай керемет. Қазақ тілінің қасиетін жанымен ұғынып, жүрегімен сезінген суреткердің тіл қолданысынан нағыз шебердің нақышы, сөз ұстасының сұңғылалығы бірден көзге ұрып тұрады. Бір ғажабы, Оралханның қызыл сөзді қырмандай сапырмай, оңтайын тауып, ыңғайын келтіріп, тереңнен тербеп жазатындығы. Бұл болса жазушының табиғи дарындылығының айқын айғағы. Жүздеген әңгіме, ондаған хикаят, роман, қыруар пьесаларындағы сан алуан кейіпкерлерінен ешбір ұсақ мінез де, ұқсастық та таппайсыз.

Басқасын былай қойғанда, Оралханның тырнақалды туындылары «Қара сөзбен жырлаймын» этюдтері мен бертінде жазған «Ауыл хикаялары» топтама әңгімелерін оқып көріңіз. Этюдтері – адам аяғы баспаған Алтай өңірінің сұлу, тамаша табиғатының тамылжыған тілмен, кестелі, бейнелі сөзбен салған суреттері. Оларды оқып отырған сәтте көз алдыңа асқар Алтайдың әсем келбеті, табиғатының қыз қалпы келеді, мұрныңа алуан түрлі таулы жердің шүйгін шөптері мен гүлдерінің иісі келетіні әсірелеу емес, шындығы сол. Бірқақпай, қысқа қайырым осы шағын әңгімелердің әсері сондай, оларды оқи сала сапарға аттанып, Алтай асып кетуге асығасың. Көркем әдебиеттің әсері, көкейге қонымдылығы мен нағыз нанымдылығы нақ осындай болса, оны жазған жазушыда не арман болсын!

Ал «Ауыл хикаялары» топтамасы – оқиғаларының қызықтығы өз алдына, адамдардың кескінкелбетін, мінез-құлқын, іс-әрекетін суреттейтін тамаша танымдық қасиетімен дараланатын әңгімелер. Сол әңгімелерде суреттелген тұлғалары тұтас, бейнелері бөлекше ауыл адамдарының басынан кешкендерін оқыған кезде қай оқырманның да езу тартып күлері, ескі танысына жолыққан кісіше қуанары сөзсіз… Міне, осының бәрі қаламгердің сөз құдіретін шынайы шеберлікпен түбегейлі меңгергендігінің жарқын мысалы.

Оралхан бірде-бір шығармасын жоспар жасап, ойлап отырып жазған емес. Ол тез жазатын, түзеп-күзеп те әуре-сарсаңға түспейтін. Бұл оның нағыз ақпа-төкпе талантының арқасы. Сондай-ақ, бұл – Бөкейұлының әр туындысын іштей толғатып, ойша пісіріп алып барып жазу үстеліне отыратындығы. Шығарманы жеңіл, жедел, жақсы жазуының құпиясы осы.

Бөкейұлының барлық шығармаларында кездесетін тұрақты тақырып, ортақ желі бар. Ол адам мен табиғат, олардың әлім-сақтан туыстығын, тұтастығын жазушы тап басып тани біледі, сүйсіне суреттеп, жарқырата жазады. Оралханның көптің көкейіндегісін тап басып, айрықша сүйіспеншілігіне бөленуі, атының алыс елдерге танылуы да осынау шығармашылық шеберлігінің нәтижесі.

Шеберлік дегеннен шығады, Оралханның шығармашылық ерекшелігі, жазушылық жолының жеңілдігі оның нақ осы қасиетіне тікелей байланысты. Кешегі тоқырау жылдарында да мың сан оқырман көңілін қалдырмаған қаламгердің бірегейі де біздің Оралхан. Ол айтпақ ойын астарлап, жіңішке жолмен жеткізуге тырысып бақты. Соның өзінде сүрінген, ұсталып қалған кездері болды. Мысалы, оның «Зымырайды поездар» хикаяты бізде «жарамай» әуелі Мәскеуде, орыс тілінде жарық көрді. Өмірдің көлеңкелі жақтарын жазған деп бағаланып, жазғырылды. Шағын разъезде тұратын шалқар мінезді, тағдыры қилы адамдардың ойлары олақ, пікірлері теріс болып көрінсе керек.

Кезінде, «Құм мінезі» хикаяты шығып бара жатқан кітаптан алынып қалғанын да білеміз. Өйткені оның кейіпкері қайта құруды ертеректе бастаған қойшы. Мимырт тірлік, мехнатты ғұмыр кешіп жатқан қойшылардың мына жарық дүниедегі тұрмыс-күйін, ой-арман, мақсатын, өмір құбылыстарына көзқарасын бүркелемей, бұлайша ашық, анық жазу теріс деп түсіндірілсе не шара?! Ұраншылдыққа, айғайшылдыққа қарсы дауыс көтерген бұл хикаят шын мәнінде шыңғырған шыншылдығымен, қоғамның іріп-шіруінің қалтарыста жатқан құпия қатпарларын ашып айтуымен дара тұр…

Оралханды өзге қаламдастарынан тағы бір ерекшелейтін тұсы – оның жаңа заманның жаңа сипатты адамдарының болмыс-бітімін өзінше өрнектеп, өзіндік көзқараспен қисынын тауып көрсетуге шеберлігі. Жазушы кейіпкерлерінің қазақы қалпын, мінезін баса көрсету арқылы көкейімізге қонымды, жанымызға жақын адамдармен қауыштырады.

Қаламгердің көптеген шығармаларынан жолы-ғатын кісілер типтік кейіпкерлер галереясын құрайды. Олар бір-біріне мүлде ұқсамайтын, мінездері де, көзқарастары да, іс-әрекеттері де әр алуан адамдар. Өздері қалай өзгеше болса, тағдырлары да сан тарау. Жазушының ерекшелігі, өзіндік қолтаңбасы деген осы болар!

Жазушының тағы бір қыры – оның романтика мен реализмді шебер қиюластырып, оқырманның жан дүниесін байытатын, көңілінің қалауын табатын тамаша әдеби тәсілді шебер меңгергендігі. Бұл да Бөкейұлының бір өзіне ғана тән шығармашылық ерекшелік.

Оралханның көптеген әңгіме-новеллалары, хикаяттары – лирикалық-философиялық шығармалары: айталық, көп тілдерге тәржімаланған «Көрбұғы» әңгімесі өмірдің өткінші, алдамшы екенін, топ бастаған серкелік те, бойда күшің, қажыр-қайратың барда еленбес еркелік те, билік те, байлық та қолдың кірі екенін еске салатын санатты туынды. Ал оның тозып бара жатқан табиғат, азып бара жатқан адамдар туралы толғаныстарға толы «Бура» сынды шығармалары қаншама.

Жас кезінде жазылса да жадыңа жазылып қалатын «Арысын тосып әлі отыр», «Жесірлер» топтама әңгімелері ше? Бұл тақырыпқа, кешегі соғыс жылдарында ауылдарда ауыр бейнет кешкен әйелдер тағдырын жазуға араласпаған бірде-бір қаламгер жоқ. Солардың бәріне ұқсамай, өзіндік мәнермен жазу, әрине, Оралханға оңай болмаған-ақ шығар. Мағрипа есімді келіншектің боздағы – Бозтайлағын сағына тосқан сәттерін жазушы қалай жан тебірентерлік сөздер тауып суреттеген десеңізші. Қарапайым қазақ әйелінің қасиетін ашатын айшықты, шынайы көркем шығарма бұл. Күйеуінің суретін серік етіп жүріп, шашы ағарған, санасы сарғайған Мағрипадай әйелден айналмайсың ба?!

Оралханның жазушы ретінде бәлкім, аса көп арманы да жоқ шығар. Неге десеңіз, оның жазғандары бұрқырап жарияланып жатты. Оның бірқатар әңгіме, хикаят, пьесалары орыс, араб, ағылшын, неміс, чех, эстон, украин, жапон тілдерінде шықты. Бұл оның есімі осы аталған елдерге – жат жұрттарға да жақсы таныс деген сөз. Бөкейұлының бірнеше кітаптары Мәскеудің «Молодая гвардия», «Советский писатель» (бұрынғы), «Художественная литература», «Прогресс» баспаларында жарияланғаны да белгілі. Орыс оқырмандары Оралханды «Дружба народов», «Театр» журналдарында жарияланған шығармалары арқылы білетін. Қазақ қаламгерлерінің ішінен суырыла шығып, «Роман» газетінде жарияланып, «Халықтар достығы» жүйелігі бойынша кітабы жарық көрген де Оралхан еді ғой. Әдеби жүлделердің де талайын алды. Өз құрдастары ішінде қырық жасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алған да біздің Ораш болатын. Пьесалары астана, облыс театрларының сахнасынан түспей қойылып жатты. Шетел сахнасына шыққаны да бар. Орыс театрларында да қойылымдары болғаны белгілі. Міне, осының бәрі орта жасқа жаңа жеткен, мүшел жасында – 49-да мерт болған жазушы үшін аз шаруа ма?!

Оралханның соңғы кітабы – соңғы шығармасы «Атаукере». Жазушы бұл хикаятында осы бір отбасының тағдырын суреттеу арқылы бізге үлкен өмірдің, толғауы тоқсан тіршіліктің тағы бір тосын тұсын әңгімелеп, жаңа сипатты кейіпкерлермен кезіктіреді. Жапан даладағы жалғыз тауды мекендеп, ара өсірумен шұғылданып жүрген Ерік – тосын кейіпкер. Жазушы осы шығармасы арқылы табиғаттағы тепе-теңдік заңын бұзуға болмайтынын, не нәрсенің де өз табиғи қалпына ештеңе жетпейтінін жетемізге жеткізуге ұмтылады. Будандастыру арқылы жаңа бір ара ұясын өсіріп шығарған Ерік әрекетінің ақыры қайғылы оқиғамен – анасы мен өзінің өлімімен аяқталады. Жазушы осы түйін арқылы будандастыру – тегін бұзу ғана емес, араның яғни адамның, бүкіл болмыс-мінезін, тіршілік сипатын өзгерту екенін ескертеді. Ал бұл өмір сүру диалектикасына қарсы әрекет, қайшы, жасанды нәрсе. Бұл оқиға осы бір өмір шындығына оқырман көзін жеткізу мақсатында тілге тиек болған. Жазушы Еріктің ерекше безбүйректігі, кісіге жаны ашымайтын аяусыздығы екі ұлттың қанынан (оның анасы – орыс әйелі), жаралғандығынан емес пе екен деген ой тастап, оны Нюра кемпірдің монологы арқылы баяндап берген. Ақыр соңында Еріктің соншама арын сатып, жанын салып жинаған бар байлығы айдалада, итке жем болып қалады. Адамгершілігін жоғалтқан кейіпкер тағдыры осылай аяқталады. Оралханның азаматтық тұлғасы, жазушылық жолы – қиын да қилы тағдыры туралы әлі талай сыр шертілер, мұң шағылар. Өзінің өмірдастанын, көркем шығармаларын қалың елі – қазағына арнаған, аманаттаған жазушының рухани өмірінің мәңгі жасайтынына өз басым сенімдімін. Әр адам елдің есінен шыққанша ғұмыр кешетіні рас болса, Оралхан атының қазақ тарихында қалары бір Аллаға аян.

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 «Ақжүніс-Астана» журналы

А. Оралқызы