Ұлттық мұражайда «Біз біргеміз» көрмесінің жабылуы аясында дөңгелек үстел өтеді

Ұлттық мұражайда «Біз біргеміз» көрмесінің жабылуы аясында дөңгелек үстел өтеді

23 қаңтарда Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайында орыс суретшілері Латиф Казбеков пен Алексей Талащуктің «Біз біргеміз» көрмесінің жабылуы аясында дөңгелек үстел өтеді.

Шараның мақсаты «Петербургтің еркін суретшілері» бірлестігімен бірігіп Петебург суретшілерінің Қазақстанда және қазақстандық суретшілердің Санкт-Петербургте туындыларын көпшілікке тарату бойынша өтетін шараларды талқылау болмақ. Сонымен қатар, Латиф Казбеков пен Алексей Талащук өздерінің бірнеше көркем туындыларын Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайына салтанатты түрде сыйға тартады.

«Петербургтің еркін суретшілері» қоғамдық бірлестігі өзінің алдына Петербургтің академиялық көркем сурет мектебінің керемет дәстүрлері негізінде жұмыс жасайтын суретшілердің және шығармалары 70-80 жылдары социалистік реализмнің ресми мәдениет саясатымен келіспеген алпысыншы жылдардың суретшілерінің туындыларын сақтауды және көпшілікке таратуды мақсат етіп қойған. Алпысыншы жылдардың суретшілері өз туындыларын академиялық көркем сурет негізіне сүйеніп жасады. Оларды ресми өнер көбінесе қабылдамады, сондықтан олар көрмелерге қойылмады және көпшілік қауымға танымал болған жоқ.

ҚР Ұлттық мұражайы «Петербургтің еркін суретшілерінің» жобасын қолдайды және келешекте екі мемлекет арасында бірыңғай мәдени кеңістік жасау және дамыту бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастырады.

Ресейдің халық суретшісі Алексей Талащуктің туындылары орыс сурет мектебінің ең жақсы дәстүрлерінің жүзеге асқанын көрсетеді. Алексей Юрьевич көркем эмаль, кескіндеме, акварель, тасқа сурет салу сынды барлық жанрлар мен техникалармен жұмыс жасайды. Оның суреттеріндегі бейнелер мен желілер ХХ ғасырдың басындағы орыс авангарды стилистикасымен салынған. Қазіргі заманғы адамның өтіп кеткен ежелгі өркениет әсерімен рухани ізденісі оның шығармашылығына арқау болды.

Таланты суретші, кескіндемеші, атақты кітап безендіруші Латиф Казбековтың көркем туындыларының қатарында бәріміздің бала күнімізде сүйіп оқыған «Алтын кілт немесе Буратиноның басынан кешкендері», «Маугли», «Бэмби», «Синдбад теңіз саяхатшысының басынан кешкендері», «Римус ағайдың ертегілері», «Орыс халық ертегілері», «Жапон халық ертегілері», «Қытай халық ертегілері» және тағы басқа көптеген ертегілер бар.

Сурет: Мұражайдың баспасөз қызметі

Ф. Абилова