Нұрсұлтан Назарбаев 10 жастағы баланың хатына жауап жазды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 10 жастағы алматылық баланың хатына жауап жазды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.  

Ержан Исабаев есімді бала Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты екі жасында Наурызбай батыр ескерткішінің ашылу салтанатында жүзбе-жүз көріпті. Нұрсұлтан Әбішұлы көптің ішінен Ержанға жақындап келіп, оны қолынан ұстап, көтеріп алған. Сол уақытта әкесі Президенттен баласына батада сұраған. Уақыт өте Нұрсұлтан Әбішұлының Ержанды жоғары көтеріп тұрған суреті БАҚ пен форумдарда жиі қолданыла бастаған. 

Қазан айының 21-і Ержан 10 жасқа толды. Әкесі баласынан туған күнін қалай өткізгісі келетіні жайлы сұрағанда, баласы: "Әке, Президентті менің туған күніме шақырсақ қалай болады? Ол үшін не істеу керек?",- деп қарсы сұрақ қойған. Әкесі баласының бұл сауалына: "Жай ғана шақырту қағазын жіберу керек",- деп жауап береді. Одан кейін Ержан ағасымен бірге бөлмесіне кіріп кетіп, шақырту қағазын жазып алып шыққан екен. Келесі күні үшеуі бірге "Қазпоштаға" барып, «Президенттің өз қолына» деген жазумен хатты үкілеп Елбасына жолдайды. 

Біраз уақыттан соң, Президенттің жауап хаты Алматы әкімдігіне, кейін өз үйлеріне жеткен. 

Сурет: ©tengrinews.kz