«Sharapat» тобының алғашқы үнтаспасының тұсаукесер концерті өтті

12 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорында «SHARAPAT» этно-рок тобының «Сарыарқа» үнтаспасының тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Sharapat» этно-рок тобы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының грантына ие болған еді. Үнтаспа Қордың қаржылық қолдауымен жазылды.

«Sharapat» этно-рок тобы 2014 жылы құрылып, сол жылғы "The Spirit of Tengri" халықаралық фестивалінде еліміздің атынан шыққан еді. Инструменталды құрамасына электрожетіген, бас электродомбыра, соло/ритм электродомбыра және соқпалы музыкалық аспап кіреді.

Бұл жаңа топтың репертуарына қазақ халық әндерін қазіргі заманғы және этно-рок арқылы жаңаша аспаптармен, яғни электрожетіген, бас электродомбыра, соло/ритм электродомбыра және соқпалы аспаптардың ырғағымен, жанды дауыспен орындау кіреді.

Топ Рафхат, Ернар, Қанат, Есбол атты 4 қатысушыдан тұрады. Бұл өнерлі топтың мақсаты − мәдени дәстүрлерді сақтап қалу мақсатында қазақ фольклорының мұрасын насихаттау. Олар өз музыкасын алыстағы және жақындағы шетелде ұсынуға дайындалуда.

Бұл шарада қонақтар естелік ретінде жаңа «Сарыарқа» үнтаспасына ие болды. Үнтаспаға "Интро", "Молдабай", "Шегенің термесі", "Таңжарбай", "Көкшолақ", "Оймауыт", "Ару", "Шарапат", "Сарыарқа" атты әндер кіреді.

Халық жас топтың өнерін тамашалап, қолдауға келіп, электрожетіген, электродомбыра және қазақтың қоңыр дауысына ризашылығын білдіріп жатты. Ұлттық аспаптың заманауи электро үнімен жақсы үйлесетінін тыңдамаған құлақ сенбес еді. Расымен де, бұл жаңа жоба тыңдарман ықыласына ие болды.

«Sharapat» тобына шығармашылық табыс пен алға қойған мақсаттарға жете берулеріне тілектеспіз!

Сурет: Massaget.kz

Арнайы Massaget.kz үшін