Серік Сәпиев: Біздің боксшылар жеңеді!

Серік Сәпиев: Біздің боксшылар жеңеді!
Фото: vk.com

Бүгін Астанадағы «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында WSB жобасының финалдық кездесуі қарсаңындағы баспасөз жиыны болды. Баспасөз жиынынан кейін ертең шаршы алаңға шығатын боксшылар салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Осы жиында «Астана арландары» клубының бас директоры Серік Сәпиевті сөзге тартқан едік.

– Бірінші кезекте осындай қызықты кездесуді қазақ топырағында өткізудің маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.

– «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының арқасында осы кездесуді елордада өткізу құқығына ие болдық. Мен мұны үлкен жетістік дер едім. Басты мақсат – Қазақстанда боксты насихаттауға серпін беріп, спорттың осы түрінің беделін одан әрі арттыра түсу. Біз Қазақстан жанкүйерлеріне тамаша шоу сыйлаймыз. Финалдағы әрбір жекпе-жек бокс жанкүйерлерін бейтарап қалдырмайды деп ойлаймын. Өз командамыздың атынан осындай тартысты да қызықты жекпе-жектердің Астана төрінде өтетіндігіне қуанышты екендігімізді білдіргім келеді.

Финал қандай есеппен аяқталады деп ойлайсыз? Сіздің болжамыңыз?

– Бұл сұрақтан баспасөз өкілдеріне сұхбат берушілердің бәрі жалтаруға тырысары сөзсіз. Менің ойымша, финал шектен тыс тартысты өтеді. Екі команданың боксшылары да – намысты қолдан бермейтін қайсар жігіттер. Әйтсе де, біз жеңеміз деп ойлаймын. Өз жігіттерімізге сенемін. Әрине, оңай болмайды. Бәлкім, есеп 6:5 болар. Бірақ 6:4 есебімен жеңгенімізді қалаймын.

Сонда сіз қосымша жекпе-жек қажет болады деп ойлайсыз ба?

– Әбден мүмкін. Жан алып, жан беріскен тартысты дода болары анық. Әрине, кездесу тағдырын қосымша жекпе-жекке дейін созбай, жеңіске жетуге тырысамыз.

Куба бапкерлері дәл осы қосымша жекпе-жек өтуі тиіс 56 келі салмақ дәрежесіндегі боксшыларын ауыстыра қойыпты. Қайсысы қарымды еді?

– Мен олардың 56 келідегі боксшыларының бейнетаспадағы жекпе-жектерін (өнерлерін) көріп шықтым. Екеуі – бір-бірімен шамалас. Деңгейлері бірдей деуге болады. Біздің Қайрат Ералиев пен Мейірболат Тойытов та – нағыз жанкешті жігіттер. Намысты қолдан бермейді. Жалпы, 56 келі салмақ дәрежесіндегі біздің жігіттер – жеңіске жетуге қабілеттері жетерлік өте қарымды боксшылар. Сондықтан мен оларға сенемін.

Өзіңіз біздің боксшылардың жеңіске жететіндіктеріне шүбә келтірмейтін салмақ дәрежелері бар ма? Болса, олар қай салмақтар?

– Әрине, бар. Кейбір салмақтағы жігіттердің жеңіске жететіндіктеріне сенімдіміз. Бірақ оны финалдық жекпе-жектер алдында бөле-жара атап өткім келмейді. Жігіттердің бәрі де ел үшін, Отан үшін команда үшін айқасатындықтарын жақсы біледі. Ешқайсысы да аянбайды. Олардың кейбіреулерінің қарсыластары – атақ-даңқтары жер жарарлықтай өте тәжірибелі һәм талантты тарландар. Бірақ бұл – бокс. Бәрін де ринг көрсетеді. Алдын-ала «тон» пішудің реті жоқ.

Осы жердің өзінде-ақ шаршы алаңға Данияр Елеусінов пен Жәнібек Әлімханұлының шықпайтындықтарына наразы болып жүргендер көп. Жанкүйерлердің көбісі аталған екі талантты боксшымыздың жауапты сында ел намысын қорғамай алмайтындықтарына алаңдаулы...

– Бұл – бапкерлер алқасының шешімі. Біз бапкерлер алқасының жұмыстарына араласпаймыз.

Финал қазақ топырағында өтеді. «Егер қайсыбір жекпе-жек тең аяқталса, төрешілер жеңісті бізге береді» деп пәлсапа соғушылар де баршылық. Бұған не дейсіз?

– Төрешілер алқасын AIBA бекітеді. Қазылардың бәрін AIBA әкелді. Біз тек финалдық жекпе-жектерді, финалдық кездесуді ұйымдастырушымыз. Оларға билігіміз жүрмейді. Егер төрешілер «финал қазақ топырағында өтіп жатыр, сондықтан тең дәрежеде өткен жекпе-жекте оларға көмектесіп жіберген де дұрыс» деп ойлайтын болса, жақсы ғой (күліп). Мұным – әзіл, әрине. Біз шаршы алаң көрігін қыздыратын шынайы «шайқастарға» дайындалып жатырмыз. Мен биылғы финалда нағыз мықты команданың жеңіске жететіндігіне күмән келтірмеймін. Қазақ «шын мықтыға тұсау жоқ» дейді.

Сұхбаттасқан: Нұрғазы Сасаев

О. Сансызбай