Көктемгі сән: Мессенджер сөмкесі

Сән подиумынан қандай керемет киімдер мен бұйымдар көрсек те, әйгілі кутурьелер мен дизайнерлер түн ұйқысын төрт бөліп, шығармашылығының шыңы болған жаңа бұйымдарын ұсынса да, тұтынушы халық өздеріне керегін сұрыптап, таңдап алып, must have-қа енгізеді. Осындай бұйымдардың бірі - мессенджер сөмкесі.

Мессенджер сөмкесінің тарихына көз жүгіртсек, ол кезінде электриктердің, курьерлердің иыққа асып алатын жұмысшы сөмкесі болған.

Бүгінде оны жастар да, ересек адамдар да ұстай алады.

Жастар сөмкесі. Оқушылардың күнделікті қажетті алты-жеті оқулығы дәптерлерімен бірге сыйып кететіндіктен, олар оны көбірек тұтынады. Иыққа асып жүргенде сондай ыңғайлы, қоғамдық көліктерде де рюкзакқа қарағанда төменірек тұратындықтан, ешкімге кедергі келтірмейді. Тек бір ескерерлік жайт, екі иыққа кезек-кезек асынуды ұмытпаған жөн. Себебі үнемі бір иыққа асыну омыртқаның қисаюына алып келуі мүмкін.

Ерлер сөмкесі. Осы сөмкені бір пайдаланып, оның ыңғайлылығын түсінген жан басқасын керек етпей қалуы ықтимал. Себебі ер-азаматтардың көбі оны сәнді аксессуар деп емес, қажетті бұйым деп қабылдайды. Бағдарламалаушы, менеджер, редактор, архитектор, т.с.с. болсаңыз, ноутбугіңізді немесе планшетіңізді салып жүресіз. Кез келген уақытта өзіңізге қажетті барлық ақпарат қолыңызда болады. Ал сантехник, пошташы, электриктер ешкімнің кеңесінсіз, трендте бар не жоқ екеніне қарамай-ақ баяғыдан бері ұстап келеді.

Әйелдер сөмкесі. Әйелдерге арналған мессенджер сөмкесі олардың күнделікті өмірдегі серігі десек те болады. Себебі қазір іскер әйел затының көбісі техникалық құралдармен жүреді. Немесе қолы бос кезінде фитнеске немесе баласымен қонаққа барса, бар керек-жарағын салып, иығына іліп, баласын көтеріп жүре береді. Әрі сәнді, әрі ыңғайлы, әрі өте әдемі сөмке емес пе?

Іскер бикештер былғарыдан жасалған мессенджерді ақшасын аямай сатып алса, кемінде 10 жылдай ұстай алады. Сәннен қалады деп уайымдамай-ақ қойыңыз. Себебі бұл сөмек трендке жыл сайын шығып отырады. Оны тіпті немереңіз де пайдалануы мүмкін.

Ал casual стиліне аксессуар ретінде ұстағыңыз келсе, жууға болатын кенеп, нейлон, акрил түрлері бар. Тек ескеретін бір жайт, бұны мерекелік шараларға қстап бару көзге оғаш көрінеді.

Сурет: bllogspot.com, pinterest.com

Ұқсас жазба:

Кемшіліктеріңізді жетістікке айналдырыңыз #2