- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Алхимик деген кімдер?...
Алхимик деген кімдер?
Адамның сынапты, темір немесе мысты күміс пен алтынға айналдыруға болады деп сенген кездері болды. Ол үшін металды ерекше зат – "қызыл арыстанмен" қосып балқытса болғаны, ол алтынға айналады деп білді. Егер басқа бір затпен, яғни "ақ арыстанмен" қосып балқытса, онда күміс шығады-мыс. "Қызыл арыстан" философия тасы деп те аталды. Ол барлық сырқатқа шипа, кәріні жасартып, тіпті адамды мәңгі жасайтын етеді деп уағыздалған.
Көптеген адамдардың, солардың ішінде ертедегі әйгілі ғалымдардың да "философия тасын" іздегеніне таңғалуға болмайды. Олар өздерін алхимиктер деп атаған. Алхимия жер бетіндегі және ғарыштағы үдерістерді, жанды және жансыз табиғатты, табиғат пен қоғамды, адам әрекеттері мен зат әрекеттерін тұтас алып қарауды білдіреді.
Алхимиктер – қолына түскеннің бәрін: топырақты, ұнтақталған кенді, жануарлардың кептірілген ішек-қарнын, қиын, ағаштардың қабығын өздерінің шыны сауыттары (колба) мен реторларына салып ұзақ араластырған. Соның бәріне әр түрлі сұйықтықтарды құйып қайнатқан.
Осылай істеумен бірге олар түрліше дуалаулар жасаған және бұл дуалаулары қисынсыз қоспаларын құпия "философия тасына" айналдырады деп сенген. Бірақ осы құдіретті тастың қандай екенін ешкім білмеген.
Патшалар мен сұлтандар алхимиктер табатын байлық туралы естіген соң оларды сарайларына шақырған, қорғандары мен сарайларында оларға арнайы зертхана салдырған. Сонда олар тек қана алтын, көп алтын алып беруді талап еткен.
Алхимиямен нағыз ғалымдар да шұғылданды. Солардың арқасында мтеалдардың және басқа заттардың көптеген қасиеттері анықталды, бірсыпыра бояулар, тері илейтін заттар ашылды. Алхимиктер шын, эмаль, қорытпалар, қышқылдар, сілтілер, дәрілік препараттар алудың іргетасын қалады. Олар көптеген зертханалық құралдарды, мәселен, айдау шаршыларын, қыздыру пештерін ойлап тапты.
Ж. Жұмағұлов