Біржан-Сара айтысы

Біржан-Сара айтысы
Фото: alau.kz

Қазақ әдебиеті тарихында ақындар айтысының қаншама үздік түрлері бар. Олар – халық арасынан шыққан өнер тарландары, ақындардың бүгінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасы. Ақындар айтысына Құлмамбет пен Тезек, Сүйінбай мен Тезек, Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Құлмамбет, Біржан мен Сара, Шөже мен Балта, Кемпірбай мен Шөже, Майкөт пен Құлмамбет, Әсет пен Ырысжан және тағы басқалардың сөз қағыстырулары жатады. Бұл айтыстар қазақ сөз өнерінің классикалық үлгілері дегеніміз жөн. Кез келген айтыстың түйіні – шындық. Себебі небір жүйрік ақындар шындық айтылғанда жалтармай, мойындап, аталы сөзге тоқтаған.

"Біржан-Сара" айтысы туралы қазақ әдебиеті тарихында көптеген пікірлер болған. Біржан да, Сара да – тарихта болған өз заманының мықты тұлғалары. Бұл айтыс туралы зерттеулер көп. Біржан сал мен Сара қыздың айтысы қазақ сөз өнеріндегі айтыстың ең үздік үлгілерінің бірі саналады.

Біржан мен Сараның айтысы 1871 жылы Алматы облысындағы Қапал-Ақсу өңірінде өткен. Айтысты ең алғаш 1898 жылы Қазанда "Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны" деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялаған. Кейін Зайсаннан екінші нұсқасы табылып, "Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны" деген атпен Қазанда жеке кітап болып басылды. Айтыстың алғашқы нұсқасы – 969 жол, екінші нұсқасы – 1080 жол. Әріп Тәңірбергенұлы жазған тағы бір нұсқасы 1907 жылы жарық көрген. 1918 жылға дейін бұл үлгілер сегіз рет, Кеңес өкіметі тұсында он бір рет жарияланды. Сөйтіп, ел ішінде жазбаша да, ауызекі тілде де таралып келді. Айтыстың жарық көруіне, таралуына, өңделіп сарапталуына Сара, Жүсіпбек қожа, Әріп ақын елеулі үлес қосқан. Біржан мен Сара айтысы сол тұстағы қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесін, адамгершілік пен әділдікті көтерді. Екі ақын өздері тұрған өңірлердің жақсы-жайсандарын кезек-кезек сараптай отырып, олардың адамгершілік қасиеттері мен келеңсіз іс-әрекеттерін, жайып салып, оларға баға беріп отырады. Айтыста халқымыздың эстетикалық талғам-талаптары кең өріс тапқан. Айтыс – ХІХ ғасырдағы қазақ халқының болмыс-тіршілігін жан-жақты суреттейтін кһркем туынды. Осы айтыстың сюжеті бойынша Қ.Жұмалиев либретто жазған. Ал 1946 жылы М.Төлебаев "Біржан-Сара" операсын жазды.

М.Жармұхамедұлы
"Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы,
Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998, 2-том.

Н. Үсенова