Есенжол Жанұзақұлы өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі

Есенжол Жанұзақұлы өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі
Фото: ideazhunter.ru

Есенжол Жанұзақұлы - ақындықпен қатар күйшілік, сазгерлік өнерді де меңгерген үлкен өнер иесі. Оның "Он екі үйрек" әні Затаевичтің "Қазақтың 1000 әні" жинағында жарияланған. Есенжол ақынның бүгінге жеткен бірнеше өлеңдері мен дастан-шежіресі бар. Өлеңдері мазмұндылығымен, көркемдігімен және төрт буынды мығым ұйқасымен ерекшеленеді. Өз заманындағы белді ақын болғандығын Тұрмағанбет Ізтілеуовтың мына өлеңінен аңғарамыз:

... Есенжол ақын екен таптырмайтын, 
Кері ұйқас, кесір сөзді жақтырмайтын. 
Сұмырай, залым да емес жасырынып, 
Жүректен жүлде бермес бақты ұрлайтын.

Есенжол ақын өлеңді киелі өнер деп танып, қадірлеп өткен. Ол өлеңді, Абай айтқандай, "бөтен сөзбен былғамауға" тырысады. Оның төрт аяғын басқан жорға өлеңдерінен артық-ауыс сөзді кездестірмейсіз:

Тербесе домбыраны он бармағым, 
Оралар ақ қағазға толғанғаным. 
Шығатын кер ауыздан кесір сөзді, 
Өлеңді өлтірер деп қолданбадым, - дейді ақын тіл туралы өлеңінде. Ақын өлеңге өте биік талап қойып, оның тілінің көркем болуы, бөтен сөзбен шұбарланбауы қажеттігін айтады. Осы арқылы тіл проблемасын қозғайды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында діни-ағартушылық бағыттағы ақындардың идеялық бағытына сәйкес тілдерінде араб-парсы сөздерін көп қолдану жиі ұшырады. Бұл жайлы С.Торайғыров 1913 жылы жазған "Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан" деп аталатын мақаласында: "Қазақ тілінде деп бастырылған кітаптардың көбінде қазақтың иісі де жоқ... тілдері бытбырақ", - деп қатты сынға алған.

Осы мәселеге өз тұрғыластарының арасынан алғашқылардың бірі болып тіл қатқан - Есенжол ақын.

Аузыма бал татыған ана тілім, 
Сондықтан қазақ болып жаратылдым. 
Құдай бір, құран шынды қазақша айттым, 
Арабтың оқысам да санатын мың.

Азаматтық пен адамгершіліктің биігінде тұрған ақын халқына қаламмен қызмет ету міндетін асқаралы мақсат етіп қояды. Есенжол ақынның өлеңдерінен ұйқасқа қатты мән беріп қарайтындығы байқалады. Төрт буынды ұйқас - сол кезеңдегі  қазақ ақындарынан өте сирек кездесетін ерекшелік. Есенжол ақынның өлеңдерінің ұйқасы төрт аяғы тең ұйқас. Бұл дәстүр Торғай ақындық мектебінің  Жұмабай, Әбіқай, Әбдірахман т.б. ақындарына тән дәстүр. Сонымен қатар оның шығармалары 11 буынды қара өлең үлгісінде ғана емес, 7-8 буынды жыр үлгісімен де айшықты.

Ж. Исакаев