Әбу Насыр әл-Фараби туралы естелік # 4

Әбу Насыр әл-Фараби туралы естелік # 4
Фото: bukivedi.com

Ибн Әби Усайбиа: Фараби шынайы философ, терең білімді данышпан еді, философияға қатысты пәндерді толық игерген болатын. Ол риезиет (математика, геометрия) ғылымдарына жетік, білгір, ірі ғұлама, мал-дүниемен ісі жоқ, қарапайым адам еді. Ол тағамға шыдамды, қанағаты мол жан болатын. Ол өзінің мінез-құлқы жағынан ежелгі дәуір философтарына ұқсайтын.

Әбу Насыр тәуіпшіліктен де едәуір хабардар еді. Тәуіпшіліктің теориялық жағын жақсы білетін. Бірақ тәуіптік тәжірибені іс жүзінде қолдану және оның ұсақ-түйек емін жасау ісін айтарлықтай терең меңгермеген болатын.

...Әл-Фараби Дамаскіге алғаш барған кезінде бір бауға қарауыл еді, сол бау ішінде отырып ұдайы хикмат – философия ғылымымен айналысатын. Әбу Насыр бұл жерде ежелгі дәуір ғалымдарының көзқарастары – шығармалары мен оларға жазылған түсініктерді бас алмай оқып отыратын. Ол өзі жарлы кісі еді, тіпті түні бойы ұйықтамай, шығарма жазумен айналысатын. Кедейлігі сондай, қарауылдығы үшін беретін шамның нұрынан пайдаланатын еді.

Біраз уақыт Әбу Насыр осылай өмір сүрді. Кейін оның есімі төңірекке мәлім болып, беделі артады, жазған шығармалары да мәшһүр болып кетеді. Сөйтіп, оның шәкірттері де көбейеді. Соның нәтижесінде ол өз заманының бірден-бір, аса ірі ғалымы дәрежесіне ие болды.

Ел билеуші әмір Сайф ад-Даула Фарабимен әңгімелесуді ұнататын болған, әмір оның біліміне таңданып, оған көп ізет-құрмет көрсетеді. Сол арқылы әмірдің Әбу Насыр қатысатын жиындарының да даңқ-дәрежесі артады, бұған әміршінің өзі де рақаттанады.

...Кейбір шейхтардың айтуына қарағанда, Әбу Насыр ал-Фараби «338 (949) жыл Мысырға (Египетке) сапарлап барған, кейін Дамаскіге қайтып келіп, осы жерде 339 (950) жылы ражаб (қыркүйек) айында, Сайф ад-Даула Али ибн Хамдан әмірлігінде, осы елде ар-Розий халиф болып тұрған кезде қайтыс болды.

Әйтсе де Сайф ад-Даула өзінің жоғары мәртебелі он бес әкім кісілерімен бірге Әбу Насырдың жаназасында болды. Елдің айтуынша, Әбу Насыр өте қанағатшыл адам болғаны үшін әмірші Сайф ад-Дауланың ерекше құрметіне бөленген екен. Алайда соған қарамастан Фараби күніне төрт дирхам күміс ақшадан басқа ешқандай сый-сияпаттан пайдаланбайды екен. Сол төрт дирхамды тіршілікке зәрлі болған нәрселерге ғана жұмсайтын болған. Ол «тұрмыс-тіршілігім не болады» деп қайғырмайды екен. Тіпті баспана етерлік үй-жайды да, өзіне келетін бірен-сараң пайданы да ойламай өтіпті.

...Елдің айтуына қарағанда, Әбу Насыр қозы жүрегі мен райхан шәрбатын өзіне тамақ еткен екен. Әбу Насыр алғашқы кезде қазы болып істеген дейді. Ғылым дүниесіне тереңірек бойлаған соң бұл жұмысты тастап, бар жан-тәнімен білімін асыра түсуге кірісіп кетіпті, мал-дүниеге ешқашан қызықпаған екен.

Ол қарауылдау үшін кешкісін бауға барады екен де, шырақты жағып, кітап оқуға кіріседі екен.

Музыка саласында да ол білімді болыпты. Бұл салада да оның зерттеулері шарықтау шегіне жетіп, барынша кемелденіпті, музыка өнерінде одан озып кету мүмкін емес екен.

Жұрттың айтуына қарағанда, ол ғажайып бір музыка аспабын жасапты, міне, сол аспаптан адамның жан жүрегін елжіретіп жіберетін сиқырлы бір ғажап әуен естіледі дейді.

Ж. Исакаев