Ақан серінің «Жайықтың ақ түлкісі Аралдағы» өлеңіне талдау

Ақан серінің «Жайықтың ақ түлкісі Аралдағы» өлеңіне талдау
Фото: cdn.joxi.ru

Ақан серінің «Жайықтың ақ түлкісі Аралдағы» атты өлеңінде астарлы ой жатқандай. Автордың ақ түлкі туралы бұл өлеңіндегі көркемдік ерекшеліктеріне көңіл бөлсек, көптеген әдістерді кезіктеруге болады. Солардың біразымен таныс болайық. 

Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасына негізделген. Жеті шумақтан өрілген өлеңнің өн бойынан сұлулықпен қатар табиғаттың көрінісін де көруге болады. 

Жайықтың ақ түлкісі аралдағы, 
Алдымнан сен бір қашқан марал-дағы. 
Қараймын томағамды ашып-жауып, 
Тауыңның ақиықша Оралдағы. 

Бұл «Тауыңның ақиықша» деген теңеудің берілуі ерекше. Себебі, автордың тілдік қолданысында теңеу тек қана дәстүрлі –дай, -дей жұрнағы арқылы емес, -ша, -ше жұрнағымен де жасалады. «Оралдың ақиық тауына» өзін теңеп тұр. Шумақта «Жайықтың ақ түлкісі» деген эпитетті қолданған. 

Ертістің құба талы секілденіп, 
Алдымнан майысып шық бұрал-дағы. 
Жаудырап екі көзің отырасың, 
Тұндырған шай секілді құмандағы. 

Ал мына шумағында түлкінің көзін әсерлі суреттейді ақын. «Жаудырап екі көзің отырасың, Тұндырған шай секілді құмандағы» деп түлкінің қою қызыл көзін құман түбінде тұнып қалған шайға теңейді. 

Автор бұл өлеңінде метафоралық қолданыстарды да пайдаланады. 
Көзіме мұнарланып көрінесің, 
Түлкідей тұра қашқан тұмандағы. 
Сен болсаң алқызыл гүл, асыл еркем, 
Мен бұлбұл сайрап тұрған иран бағы. Соңғы тармақтарында автор түлкіні иранбақтың алқызыл гүліне, ал өзін бұлбұлына балайды. 

Құрбыңа назарыңды бір салмайсың, 
Кер тағы сияқтанып құландағы, 
Қалқыған дариядағы сен бір кеме, 
Ішінде бір шамшырақ бұрандалы. 

Aвтор мына шумағында түлкіні бұл тармақта кер құланға теңеп, дарияда қалқыған кеме ішіндегі бұрандалы шамшыраққа балайды. Бұрандалы шамшыраққа балау себебі, бірде жарқ етіп көрінсе, бірде жоқ болып кетіп, көзден ғайып болады. «Қалқыған дария», «Кер құлан» деген эпитеттерді қолданған. 

Қайратпен қаhарманша бекінсең де, 
Тәуекел майданында тұрам-дағы. 
Жайықтың сіз қоңыр қаз қырындағы, 
Біз сұңқар, сізге тиген ұрымдағы. 

Барып ем ілейін деп суға түсті, 
Қаз екен дарияның сыртындағы. 
Болмаса ақ тұйғынның балапаны, 
Қай құстар іле алмаған бұрын-дағы. 

Түлкіні қоңыр қазға да, ақ тұйғынның балапаны да балайды. Оларды ілейін десе қолға түспейтіні секілді бұл ақ түлкі де оңайлықпен қолға түспейтінін айтады. Адамды сұңқарға, түлкіні іле алмай жүрген қазға ұқсатады. «Қоңыр қаз», «ақ тұйғын» деген эпитеттермен бейнелеп, ерекшелейді. 

Сен болсаң адамзаттың асылысың, 
Біз қанжар алтындаған қыныңдағы. 
Ұнаса көңіліңе перизатым, 
Жүре бер беліңе алып буын-дағы 

Соңғы шумағында түлкіні жаратылыстың асылына баласа, адамды қанжарға балайды. Қолға ілінбей, адамзаттың қолы жетпес байлығына айналып жүрген ақ түлкіні ерекше бағалайды. Бұл өлеңді ақын тек ақ түлкіге ғана емес, табиғаттың қолға түсіп қалатын жазықсыз аңдарына арнағандай.

 

Г. Берік