«Менің Әуезовім» – Мұхтар Әуезов туралы жазылған көркем шығарма

«Менің Әуезовім» –  Мұхтар Әуезов туралы жазылған көркем шығарма

З. Қабдоловтың «Менің Әуезовім» романында ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің әдеби бейнесі үздік шеберлікпен сомдалады. Ол осы романы үшін 1998 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы иегері атанды.

Академик, жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» романы 1997 жылы жарыққа шыққан. Көлемі екі жүз жиырма бес беттен тұратын романның тақырыбы мен басты сюжеті қазақ әдебиетінің классигі, заңғар жазушысы, академик Мұхтар Әуезовтің өмірбаянына, тағдырына, қаламгерлігіне, ұстаздық қызметіне негізделіп жазылған көлемді прозалық туынды.

Ұлы Мұхтар Әуезовтің көзін көріп, дәрісін тыңдаған, сүйікті шәкіртіне, жылдар өте келе дос-інісіне айналған Зейнолла Қабдоловтың дарыны ұлы суреткердің назарын бірден өзіне аударды. Суреткер жазуша Зейнолла Қабдолов ұзақ жылдар бойы ұлы ұстазының еңбегін, әр жанрдағы, әр жылдардағы шығармашылық мұрасын жинап, зерттеп келді.

Романда Мұхтар Әуезовтің жан дүниесі, болмыс-бітімі, ұстаздық еңбегі автор көзімен бағаланып, авторлық баяндаумен ашылады. Романның негізгі оқиғалық арқауы – М.Әуезовтің 1930-60 жылдар аралығында Қазақ Ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында ұстаздық қызмет еткен кезеңінен бастау алып, шегіністер арқылы, кейіпкерлер диалогы арқылы ұстаздың осыған дейінгі тағдыр белестеріне де шолу жасалады.

Соның ішінде, Мұхтар Әуезовтің  бала шағы өткен туған жері – Шыңғыстау, Бөрілі өңірінің табиғаты, атасы Әуездің, немере ағасы Қасымбектің болашақ жазушыға әсер еткені, хакім Абай және оның ақындық аясы, оған үлгі болған Алаш арыстары, яғни оның ұлттық дүниетанымын оятып, тағылым ұсынған ұлы ұстаздары туралы ой-толғамдар кеңінен ширатылып жазылған. 1920-1930 жылдар арасында етек алған тарихи, саяси оқиғалар, сол тұстағы жазушының қудалауға түсіп, азап шеккен кезеңдері, барлығы роман ішінде терең суреттеледі.  Алты атарудан тұратын роман әсерлі баяндаумен оқырманды өзіне елітеді. Романда кездескен эпизоттардың барлығын да автор бірде өз көзімен көргендей, бірде шегіністер арқылы іштей сабақтастыра, жымдастырып, кейіпкері – Әуезовті әр тарауға белгілі бір бірізділікпен көрсетіп отырады.

Романда өмірбаяндық сюжеттер мен авторлық толғаныстар үндескен тапқан. Ұлы тұлғаның бүкіл ғұмырын терең толғаныспен суреттеген. Образды, көркем, суреткерлік шеберлікпен Мұхтар Әуезовтің болмыс-бітімін, адами тұлғасын дәл әрі нақты жеткізе білген.

“... Көрген жерден көзді арбап, көңілді қоса баурап әкететін ғажайып сурет – тағы да айтайын, - Әуезовтің өлшеусіз кең, керіле жарқыраған әжімсіз жазық маңдайы мен жалтыр төбеден тайғанай сусып барып самайға ұйлығып қалған – оң шекеде бір уыс, сол шекеде бір уыс – шөкім-шөкім бұлт тәрізді көк мамық шашы.

Сократ-маңдай деген маңдай болады деуші еді, сол осы екен ғой деп сүйсіндім ішімнен, кеудемдегі күллі діріліммен түйсініп...”. Бұл бейне шәкірт-автордың санасында мәңгілік сақталған. Суретті теңеумен, суретті метаформен әдемі кескінделген тұлғаның дәл бейнесі.

І тарауда петрография сабағынан «қашып» барып, Мұхтар Әуезовтің лекциясына үлгеруді мақсат еткен шәкірттің оны тыңдауға құмартқаны шебер баяндалып, оқырманның ойын баурап алады.

Сурет: img1.goodfon.su

Е. Жұмабайұлы