- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Ұшқыр жанр лирикадағы...
Ұшқыр жанр лирикадағы ел егемендігінің жырлануы
Қазақ елi тәуелсiздiкке қол жеткiзген 1991 жылғы атаулы күннен жаңа қоғамдық дәуiр, жаңа тарихи кезең басталды. Осыған орай, тәуелсiздiк жылдарындағы қазақ поэзиясының мақсат-мұраты, тыныс-демi, өрнек-айшықтары да жаңаша, өзгеше болып қалыптаспағы заңды болатын. Алдымен кешегi кеңестiк замандағы идеология келмеске кеттi. Тәуелсiздiк мұраттарын тәуелсiздiк алғаннан кейiн қалай жырлау керектiгi жөнiнде қалыптасқан қағида, дайын қалып жоқ-тұғын. Қазақ поэзиясы өзiнiң дәстүрлi даму арнасынан ауытқымаса да, мазмұндық, көркемдiк, идеялық жаңа шешiмдер табуға ұмтылды. Тоқсаныншы жылдардың бас кезiнде-ақ ұлттық мүдде, елдiк мұрат дейтiн ұғымдарға ерекше екпiн түсiрiле бастаған.
Ұлттық сананың, тарихи сананың оянуы өткен жолымызға қайта үңiлтiп, қаншама жылдар бойы айтылмай, жазылмай келген ақиқаттың ақ таңдақтары мен қара таңдақтарын анықтауға, жүрiп өткен асуларымыз бен алдық деген асқарларымыздың қаншалықты тарихи маңызы болғанын бағалауға, мәдени, әдеби әлемiмiздегi жарық жұлдыздарымыздың тарихи әдiлеттi орнын тануға мүмкiндiк ашты.
Тәуелсіздік алғалы бері қазақ поэзиясында басты тақырыпқа айналған тәуелсіздік, желтоқсан, жаңа қоғам, жаңа ғасыр т.б. жайындағы өлеңдердің өзі жас ақындардың азаматтық ұстанымын көрсетіп беретіндей. Дегенмен де, бұл тақырыптарға әр ақын әр түрлі қиялмен, сезіммен барады.
Сонымен тәуелсіздік туралы тұғырлы жырларын ақындар былайша өрбітеді. Қалқаман Сариннің қарымды қаламы мен шалқар шабытынан:
Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің! –
деген жыр жолдары туып, ақын бойындағы шексіз қуанышты көрсетеді, ал Әлібек Шегебайдың «Қабірден хат» өлеңінде тәуелсіздік рухына тағзым:
Тәуелсіздік – қазақ үшін ғажап құт,
Ғажап құтқа жүрмейді енді мазақ түк.
Бөрі мінез бабалардың арманы –
Айналайын, алтын қанат – Азаттық! –
деп Тәуелсіздікке жету жолындағы күресте қаза болған Қайрат Рысқұлбековтың монологы түрінде берілген.
Аппақ сезімінің сырын ақырын, үнсіз, Тәңірімен тілдесу арқылы шертетін Ақберен Елгезек те тәуелсіздіктің құнын «Қанды түнек» өлеңінде құрбандарға деген асыл құрметін білдіру арқылы ұғынған, ұғындырған:
Қан төгілді, қызыл жалай құлады,
Қатып қалды жас өркеннің бұлағы.
Құрбандығың қабыл болды, қазағым,
Жалп-жалп еткен сөнбесінші шырағың!
Алмас Темірбай желтоқсанның құрбаны, біздің дәуірдің батыры Қайрат Рысқұлбековтың атынан сөйлеген монологында «Желтоқсанда ай туады солынан» дейді. Қазақта айдың солынан тууы жақсы ырым емес. Ақын батырды осылай сөйлету арқылы тарихта болған «құбыжық құбылыс» салқынын тағы бір ойға салады. Осы желтоқсанда солынан туған айдан сақтасын деген тілегімен өлеңін аяқтайды:
Айға қарап
Ар жылайды, жыласын,
Жұмыр басты жұдырықтап ұрасың!
Жер қозғалса, қозғалмайтын мінезім,
Ел қозғалса, енді қалай шыдасын?!
Темір тордың алдында,
Теңдік сұрап тұрмас мәңгі жан мына!
«Отыз жеті» ойран қылған қазақты,
«Сексен алты» сергелдеңге салды ма?!
Жылап тұрып,
Жақсылыққа жорығам:
«Алты Алашым адаспағай жолынан!».
...Жылдың соңы...
Кімнің соры?
Сақтай гөр!
Желтоқсанда Ай туады солынан...
Жалпы желтоқсан оқиғасының шындығын білу, ол оқиғаның тарихтағы орнын беру мәселесі әлі күнге дейін ұлт тарихындағы ауыр трагедиялы мәселенің қатарына жатады. Алайда дәл соның бағасын біліп, Желтоқсан құрбандарын, батырларының ерліктерін дәріптеу – бүгінгі ұрпақты саналылыққа, ұлтжандылыққа, мықты рухқа ие болуға тәрбиелейтіні сөзсіз.
Қазіргі қазақ лирикасы бұдан өзге де азаматтық лирикаларға бай. Әлеуметтік, қоғамдық, саяси мәселе, жалпы қазіргі қазақ қоғамын қамтитын үлкенді-кішілі оқиғалар мен жағдайлар ақындар шығармашылығында астарлы сатирамен, кейде ашықтан-ашық сыналып, айтылып жүр. Бұл да тәуелсіздіктің сыйлаған бір құдіреті.
Сурет: ponsuke2.s98.xrea.com
Оқи отырыңыз:
Қазақ әдебиетінің тәуелсіздік жылдарындағы даму бағыттары
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ драматургиясының жай-күйі
Қазақ қаламгерлерінің елдің тәуелсіздігін, халықтың арман-мүддесін жырлауы
Поэзияда дәуір шындығының көркем жинақталуы (Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет)
О. Сансызбай