«Абай жолы» - ғасырлық туынды

«Абай жолы» - ғасырлық туынды

«Шынында, бұл қазақтар – неткен ғажайып халық! Осы кереметтік «Абай жолы» романында қандай тамаша суреттелген!»
Б.Матип

Алаш қайраткерлері ішінде ұлт даңқын көтергендердің бірі һәм бірегейі - Мұхтар Әуезов. Ол халықтың рухани аманатын ұрпағына бүкпесіз қалдырған қаламгер - Абайдың шынайы бейнесін аша білді. Әуезов - Абайдың өмірінен тұтас бір тарих жасап шыққан ұлы ойшыл, бір шығармаға ғасырлық тарихты сыйдыра білген жазушы. Оның суреткерлігі бір төбе болса, адамгершілігі де бір төбе. Шыңғыс Айтматовтың «Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі асылым бар: бірі - «Манас», бірі - «Мұхтар Әуезов», - деуі осыны айғақтайды. Мұхтар Әуезовтың қандай шығармасын алсақ та, «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Жетім» сияқты қысқа бірақ ұлы дүниесінен жазушылардың бәріне бірдей бұйыра бермейтін суреткерлік шеберлікті көреміз.

«Абай жолы» - ғасырлық туынды. Төрт томды эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының ғасырлық, әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық ғұмырын мейлінше дәл, айқын, адал бейнелейді. Бұл шығармадағы оқиғалар күн демей, түн демей толассыз өтіп жатады, бірін-бірі қуалай аққан дария толқындарындай сабақтас қалпында көрініс табады. Біз шығармадан мәңгілік толас таппайтын жақсылық һәм жамандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың шайқасын көреміз, рухани қорымызды байыта түсеміз. Абайдың өмірінен үлгі аламыз. Мұхтар Абайдың жеке басына түскен қиындықтан, жеке бас трагедиясынан халық трагедиясын көтере білді. Данышпан Абайдың бала, жас Абайдан хәкім, дана Абайға дейінгі өмір кезеңін қамтитын бұл шығарманың қазақ әдебиетінен алар маңызы зор. «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы көрініс тапқан. Сонымен қатар романда қазақ халқының тұрмысы, діні, жалпы дәстүрлері: жаз жайлауға көшу, аза тұту, ас беру, жұт, болыс сайлаушы, дауға билік айту, аң аулау мен табиғи көріністері көркем айшықталған. «Абай жолы» - жай ғана тарих емес, көркемдік ойдың көрігінен өткен, бүкпесіз бейнеленген өмір шындығы, халықтың тағдыры, өткені мен келешегі жайында терең толғаныс.

Абай – тұтас бір тарихтың дүниеге келуіне себепкер болған тұлға. Жастайынан көңілді баурап алатын көне жыр, ескі әңгіме, аталы сөзді жадына тоқып өскен бала Абай өте зерек алғырлығымен ерекшеленеді. Ол үш жасында-ақ үлкен адамша сөз сөйлеуі оның қоғамнан ерек, заманынан озық туғанына дәлел. Мұхтар Әуезов Абайды әрі ақын, әрі қайраткер, әрі ойшыл ретінде, қай қырынан болсын ұрпаққа үлгі бейнесін оқырманға жақын бейнеледі.

Мұхтар Әуезовтің қай шығармасын алсақ та, одан ағартушылық, адамгершілік сарыны, туған халқына, Отанына деген ыстық сезімі, қорлыққа, әділетсіздікке қарсылығы көзге оттай басылып тұрады. Бұған айтпасақ та дәлел болатын мәңгі өшпес, теңдесіз мұрасы - «Абай жолы». Әлемдік деңгейдегі бұл дүниеге Луи Арагонның өзі: «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» - деген екен. Расында да суреткер қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлы Абайды халқына сөз өнерімен сомдаған. Осындай алып дүниені жаза отырып Мұхтар Әуезов өзі де қазақ көгінде мәңгі өшпес жұлдызға айналды. Яғни, Мұхтар Әуезов – ғасырда бір туатын жазушы болса, «Абай жолы» - ғасырлық туынды, ғасырда бір туатын шығарма.

Оқи отырыңыз:

Қазақ қаламгерлерінің елдің тәуелсіздігін, халықтың арман-мүддесін жырлауы

Ақан серінің «Ләйлім шырақ», «Маңмаңгер», «Сырымбет», «Балқадиша» өлеңдеріне талдау

Т. Жұртбайдың «Дулыға» романына талдау

Элегия дегеніміз не?

Сурет: altaynews.kz

Ж. Исакаев