Әбділда Тәжібаевтың «Дубай Шубаевич» комедиясы туралы

Әбділда Тәжібаевтың «Дубай Шубаевич» комедиясы туралы

Қай дәуірде болмасын сүзеген сөзіңмен сөздің сойылын сойған жазушы, өзіңше дара, өзіңше жаңа, өзгеше ойлы ақын болмасаң, оқырманыңның оң баға беруі екіталай. Әдебиет әлемі де шетке ысыра салуы ғажап емес. Мұндайда бір емес бірнеше тізгінді ұстап, айрықша көзге түскен таланттарға сүйсіне қарайсың, одан қала берді үлгі етесің. Міне, сондай ақын, жазушы, әрі драматург ағаларымыздың бірі - Әбділда Тәжібаев. Сыр елінің топырағында туып, артына мол мұра қалдырған ағамыздың ақындығын айтпай, жазушылығын жасырып, драматургиясына зер салуға тырыстық.  

Драматургиядағы жолын Әуезовпен бірге «Ақ қайың» пьесасын жазумен бастаған Әбділда одан кейін «Көтерілген күмбез», «Жомарттың кілемі», «Біз де Қазақпыз», «Гүлден, дала» секілді сан түрлі тақырыптардағы пьесаларын ұсынады. Сатиралық комедия жанрында жазған, әрі соңғы пьесасы - «Дубай Шубаевич». Пьеса тартымды қызықтылығымен еліктіре түсетін сан қырлы образдарымен сұлу, сатиралық үлгісіндегі өзінше өзгешелігімен жұмбақ көрінеді. Ал мазмұны тұрғысынан алып қарасақ, бәрі бар: күлкі де,күйініш те , “шындық- онсыз тыныстауға болмайтын ауа” дейсіз бе, ол да бар. «Әр мысқылдың астарында хикая сыр бар» дегендей, әр сөздің ішінде шындықтың кебін киген өтірік, өтіріктің тонын жамылған жағымпаздық та жүр. Әйтеуір айналып келіп ақиқатын табатыны қуантады. Алайда дәл осы пьеса туралы тартысты, даулы пікірлер де жетерлік. Бірі дұрыс көріп жоғары баға беріп жатса, енді бірі «бұл Әбділда Тәжібаевтің аса бір сәтсіз, үстірт жазылған туындысы» дейді, екіншілері «мазмұны жоқ кескіні бар “жанды қуыршықтар” жаулаған жалған пьеса» деп айып тағып жатады.

Кім не десе де қазаннан қақпақ кеткен, басшыдан билік кеткен, қосшыдан сенім кеткен замана шындығы “Дубай Шубаевич” пьесасындағы мал шаруашылығы институты жағдайымен өрбіп, ішкі араздық пен өзара тартыс - пьесаның өзекті тақырыбына айналған. Пьесадан білім қуған биіктің үстінде, тақ қуған таластың астында қалар деген ой түйесің. Әрі комедиялық жанрынан да айнып кетпеген. Тілі жеңіл, кейіпкерлері де жасанды емес. Күліп отырып жынданасың, мұқата қарай мысқылдап, кекете отырып сүйсініп те қаласың. Мұндайда Шекспирдің “Жылату оңай, күлдіру қиын” деген сөзі еріксіз еске оралады. Қалай десек те туынды танылды, өз бағасы мен өз мәртебесін алды. Ендеше түрлі пікірлердің болуы да заңдылық. Біз ақиқатын айқындап, өзімізше сараптап қамтып қалуға тырыстық. Ендігі кезекте таным көкжиегіңмен бағдарлап баға беру, ой таразысынан өткізу оқырман өз қолыңда. Оқыңыз..ой бөлісіңіз...

Сурет: el.kz

Ж. Өрісбай