"Әдеби стиль" дегеніміз не?

"Әдеби стиль" дегеніміз не?

Стильді жазуға назар аударатын бослақ, алдымен жазылғалы тұрған шығарманың қай тақырыпта немесе қай салаға қатысты боларын анықтап алған жөн. Сосын оның белгілі бағытына орай жазу стильдерінің қажетін қолдануға болады. Айта кетсек, көркем шығарманы жазуға келгенде, әрине, әдеби стильді қолданатынымыз белгілі. Ендеше, осы орайда сөз қозғап көрелік.

Көркем шығарманы жазуға келгенде оның алдымен белгілі бір мазмұны мен бағытына және ол жерде автордың айтар ойына мән берген жөн. Ал оған көркем шығарманың композициясы, табиғи суреттеу ерекшеліктері, образы мен сюжеті және тақырыбы секілді әртүрлі жақтарын анықтап алу керек. Аталған жақтар көркем шығарманың негізгі мазмұнын негіздеуге көмектеседі. Мысалы:

«Таңдану мен табыну ешқашан абстракциялы ұғым болып көрген емес, өйткені бұл екеуі тек жеке адамның ой-өрісі мен парасат деңгейіне тікелей байланысты. Ал жеке адамның өзі де, ой-парасаты да әрқашан нақтылы.Айталық, Теккерей, Гюго, Франс, Шиллер (прозалық шығармалары), Скотт т. б. әлемге белгілі жазушылардың шығармаларына өз басым ешқашан таңқалған да, табынған да емеспін. Осылай дегенім үшін бәлкім маған кейбіреулер тіл тигізер, қайдан шыққан данышпансың, өзің не бітірдің т. т. деген сияқты толып жатқан кінәлаушы сұрақтар қояр. Демек, олар табынушылар».

Көрсетілген сындық көзқараспен жазылған көркем шығарманың әдеби стильде жазылғаны көрініп тұр. Себебі сөйлемдер толық көркем сөздермен әрленіп, стилистикалық норманың барлығы қамтылған. Сондай-ақ, жоғарыда айтылып өтілген жоспарлы бағыттардың ескерілгені де көрініп тұр.

Әрбір оқушы немесе білімгер белгілі бір ерекше жазу стилін қалыптастырады, яғни ол өзінің әдеби білімімен, нақтырақ айтар болсақ, қаншалықты әдеби шығармаларға бейім болып, оқуға қызығушылығы болғанына қарай оның жазу мәнері де толыға түспек. Мысалы, шығарма жазу барысында кез келген білім алушы алдымен қысқа болса да жоспар жасап алады. Сосын өзі оқыған әдеби кітаптардағы ақын немесе жазушылардың жазу стилін ескере отыра, өзіндік әдеби стильге бейімделе жаза бастайды. Міне, осылай әдеби стильдің белгілі бір жеке-дара тұлғалық бағыттары пайда болады.

Айта кетсек, оқушылар үйге берілген тапсырманың орайында шығарма немесе эссе жазу міндеттелген болса, олар басқа стильдерге қарағанда әдеби стильді қолданғанды дұрыс әрі жақын көреді. Мысалы, жетінші сыныптың оқушысы Темірболат Айнұрдың қыс туралы шығармасынан келтірілген үзіндіге назар аударып көрелік.

«Қыс қандай көрікті десеңші! Аппақ қар жапалақтап жер бетін жауып тастайды. Ашық ауа, сұлу табиғат адам көңілін көтереді. Жаныңа ерекше бақыт сыйлайды. Көше бойындағы ағаштарға қар қылаулап, әдемі көрініс тауып, қыс сұлулығын одан әрі асыра түсіруде. Міне, осындай тамаша табиғат аясында балалар қалың киініп, сыртқа  шығып, сырғанақ тебеді. Ақ маржандай жалт-жұлт етіп, жылтырап жатқан қарды бір-біріне шашып, қуаласып ойнайды. Балалар бірлесе жүріп аққала жасап, оның басына шелек кигізіп, қолына күрек пен сыпырғыш ұстатып, есік алдына орналастырады».

Өздеріңіз пайымдаған болсаңыздар, шығарма мәтінің жазылуына негіз болатын қарапайым терілген сөздер көбіне сюжетті суреттеу және сол жердегі сезімді білдіруге жақын қолданылған. Әдеби стильдің ерекшелігі де сонда. Себебі артық сын есімдерсіз сөйлемдер қолданылатын болса ол әдеби стильге қарағанда көбіне ресми іс-қағаздар немесе баспасөз стиліне жақын болып кетеді.

Әдеби стильдің ерекшеліктері

Жоғарыда айтылып өтілгендей, әдеби стильді әдеби шығармалардың деңгейі мен ерекшеліктерін танытатын жазу құралы деуге болады. Бұл стильде ғылыми немесе ресми іс-қағаздар стильдеріндегідей талдау, ресмилік және пікірталас тұдыру секілді ойлар мен жоспарлар мүлде болмайды.

Әдеби стильдің элементтері

Кез келген стильде өзіндік бір бейне беретін, тек сол стильге ғана тиесілі элементтер болады. Сәйкесінше, әдеби стильдің көркемдік ерекшелігін танытатын элементтер мыналар:

- Нақтылай көрсету (дәйектеу)
- Автордың эмоция мен сезімді оқырманға бере білуі
- Эпитеттер
- Метафоралар
- Салыстырулар
- Аллегориялар
- Өзге де стильдердің элементтерін қамту
- Инверсия жасау

Аталған элементтердің барлығы дерлік бір әдеби шығармада қамтылмауы мүмкін және ол міндетті емес те. Себебі ешбір шығарма осындай ауқымды әдеби білімге негізделіп жазыла қоймайды. Дегенмен белгілі бір элементтерінің қолданылуы заңды. Онсыз шығарманың әдеби стильге жататынын анықтауға келмейтіні рас.

Әрине, аталған әдеби көркемдеулерді қарапайым оқушы өз шығармасында қолдана алмауы мүмкін. Ол да білімгердің өзіндік әдеби біліктілігіне байланысты болады. Дегенмен, метафора немесе аллегория секілді күрделі көркемдеу тәсілдерін қолдану орнына әдеби көркемдікті білдіретін сөздер мен сөз тіркестерін қолдану да әдеби стильдің қолданылуын көрсете алады. Себебі әркімнің де айшықтау немесе ажарлау әдістерін қолдануға шамасы келмесі анық.

Оқушылардың әдеби стильді қолдануы алдымен сюжетке көркемдік беруден басталады. Сосын біршама күрделілеу сипатта бейнелеулерді қолдануына да болады. Бастысы әдеби стильді қолдануы кезінде басқа стильге тым ауытқып кетпегені жөн. Себебі негізгі шығарманың сәресі көркемдік сипатта болғандықтан, ол осы орайдан өзгермей соңына дейін жазылғаны жөн. Әдеби стильдің ерекшелігі де осы болып табылады.

Сурет: syl.ru

Ж. Өрісбай