Эссе. Ерлікке – тағзым

Эссе. Ерлікке – тағзым
Фото: qasym.kz

Қазіргі ұрпақ соғыс пен жорықта қиянкес ерлік көрсетіп, жауынгерлік рух танытқан ата-бабасына алғыс айтуы тиіс. Осынау кең байтақ жерді дұшпанның көзінен, жаудың бөзінен бекер сақтап қалған емес, келешек ұл-қыздары үшін аманаттап қалды.

Олардың ерлігін айтып, ата-бабасының батырлық болмысын есте ұстап, онымен мақтану – кез келген ұрпақтың парызы. Бабаның ерлігі ұрпаққа рух береді. Сонау Керей мен Жәнібектен бастап Қабанбай мен Бөгенбайдың, Шақшақ Жәнібек пен Ер Жәнібектің, соңғы хан Кенесары мен соңғы батыр Оспанның ерлігін жалғастырған жандар қазақ жерінде аз болмаған. Бұған Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік көрсеткен қазақстандықтар дәлел бола алады.

Бір батальонды шашауын шығармай жау тылынан үш рет аман алып шыққан әскери қолбасшы, даңқты жауынгер Бауыржан Момышұлы, отан үшін деп жаудың дзотын мүбәрак кеудесімен жапқан Сұлтан Баймағамбетов, жүздеген фашистің көзін құртқан даңқты автоматты Төлеген Тоқтаров, жеті сағат бойы ерлікпен ел қорғаған Мәлік Ғабдуллин, шығыстың қос шынары атқыш Әлия мен пулеметші Мәншүк, ұшқыш Талғат Бегилдинов пен Нүркен Әбдіров сынды батырлардың ерлігі ұмытылмақ емес.

Өлшеусіз ерлік көрсеткен батырлардың арасында Рақымжан Қошқарбаевтың өнегесі ерекше. Жау дзодын кеудесімен жабу, жараланған ұшақты танк экипажына қарай бағыттау сынды айбынды ерлік Рақымжан батырдың де еншісіне тигенімен, ұзақ жылдар бойы от майданда оқ кешкен қазақ жауынгерінің әрекеті дұрыс бағаланбай жүрді. Бұған аз ұлттың ерлігін көрсетпеу, жасырып жаба тоқуға бейім кеңестік идеологияның зияны көп болды.

Соғыс жылдары жарияланған баспасөзде Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі былай деп сипатталды: «Олар (Рақымжан мен Григорий) 300 метр жердегi фашизм ұясы – Рейхстагқа бораған оқ астынан 7,5 сағатта әзер жетiптi. Григорий Рақымжанды иығына шығарып, туды Рейхстаг қабырғасына неғұрлым жоғары тiккiзгенi өте қиынға түскенi анық. Бұл өлiмге бастарын тiккенмен бiрдей iс екенiне ешкiмнiң де таласы бола қоймас. Содан кейiн-ақ, немiстердiң мысы басылып, ендiгi қарсыласу ешқандай да ақылға сыймайтынын түсiнсе керек».

Ал белгілі жазушы Борис Горбатов «Герой штурма Берлина» деген естелiгiнде «Біздің жауынгерлерді бүркітке не қыранға теңеуді доғару керек. Немістің дауылдай борап жатқан оғының астында жанкештілік танытып, Рейхстагқа жетіп менің көзімше Жеңіс туын тіккен қазақ Қошқарбаевтың ерлігін қандай қыранға не бүркітке теңеуге болады?» деп сұрақ қояды.

Рақымжан батырдың ерлігін мұхиттың ар жағындағы Америка да жазған деседі. Бірақ дәл кеңестік идеология батырдың бұл әрекетін белден басып, берекелі еңбегін уақытында бағалай алмады. Ерлігі өзі өлгеннен кейін де талай-тартыс тудырған есіл ер тек 62 жылдан кейін ғана лайықты бағаға ие болды. 2001 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді. 

Қ. Слямбек