Алаш ардақтылары көтерген ұлттық идеялардың бүгінгі күні жүзеге асқандарын дәлелдеңіз (эссе)

Алаш ардақтылары көтерген ұлттық идеялардың бүгінгі күні жүзеге асқандарын дәлелдеңіз (эссе)
Фото: ТоболИнфо

Еліміз егемендік белесін еңсеріп, өз қолымыз өз аузымызға жететін, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда дүниеге келген біз – бақытты ұрпақпыз. Бұл бейбіт күн бізге оңайлықпен келмегені бесенеден белгілі. Алдыңғы буын ағаларымыздың асқан парасаттылығы, келер ұрпақ үшін қойылған мақсатқа жетуге деген табандылығы – біздің уайым, қайғысыз шат-шадыман күндерімізге кепіл болды.

Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедұлы, Халел Ғаббасұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы және басқа да осы саналы саңлақтардың салған сара жолымен жүрген тұлғалар «Жарты қаңқам қалғанша мен сендікпен» деп бүкіл өмірін Алашқа арнаған.

Олардың ең басты мақсаты – қазақ халқының өз алдына жеке шаңырақ көтеріп, еншісін алып, өз орнын анықтауы. Алаш арыстары аңсаған арманға бүгінде біз жетіп отырмыз. Бұл сөзге Түркия бастаған бүкіл әлем елдері мойындаған тәуелсіздігіміз дәлел. Оған ешкімнің таласы жоқ.

Ахмет Байтұрсынұлы «Басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек, бай болуға – кәсіп керек, күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген еді.

Қазір нағыз білімділер дәуірі келді. Сәбилердің өзі іштен оқып туатындай, ата-әжесі игеріп үлгерместен телефонның, техниканың құлағында ойнайды. Менталды арифметика дейсіз бе, кез келген жаңалықты, бірнеше тілді тез меңгереді. «Білімсіздің күні қаріп» дегенді жете түсінген жастарымыз күн сайын сауатын арттырып, жетіліп отырмаса, ешкімге керексіз боп қалатынын ұғынды.

«Бай болуға – кәсіп керек». Халқымыз Байтұрсынұлының бұл сөзінің де қадіріне жетті. Бұрыш-бұрыштан ашылған дүкен, кәсіпорындар, әр қалада түтіні будақтаған зауыт-фабрикалар, алып-сатар саудагерлер көбеюінің өзі кәсіптік білім-білігі артқан елде тірлік кешуіміздің куәсі.

Жерге, руға, жүзге бөлініп, қырық пышақ болғанға ұқсаған жұртты көргенде «бірлігі жарасқан» деген құрғақ, мәнсіз, сылдыр сөз бе деп күмән келтіретіндер бар. Алайда барлаған жан мұндай әрекеттердің көбінесе әзіл ретінде келетінін байқаса керек. Бетін аулақ қылсын, ел шетіне жау тисе адай да, найман да, арғын да – бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығармайды деп ешкім айта алмайды.

Алаш ардақтыларының ең маңызды көздегені – халықтың білімділік деңгейін көтеру. Осы нысанаға жету үшін Әлихан Бөкейхан ең білімді, интеллект тұлғаларға қазақ тілінде оқулық жазуға арнайы тапсырма береді. Нәтижесінде Қаныш Сәтбаев «Алгебра», Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл құралы», Мағжан Жұмабайұлы «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытұлы «Психология» оқулықтарын жазып шығарды. Бұл еңбектер әлі күнге маңыздылығын жойған жоқ. Соның ізінен бүгінде миллиондаған қазақша оқулықтар дүниеге келді.

«Ақмоланы астана жасаймыз» деген де сол Алаш арыстары Х.Досмұхамедов пен М.Тынышбаевтың идеясы еді. Сол ойды жүзеге асырған елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев алаштықтардың ізгі арманының барлығына дерлік тәуелсіздік арқылы қол жеткізуге барын салды. Мемлекеттің территориясын бекітіп, демократиялық саясат енгізіп, ерлік қылды деуге болады. Тіл мәселері де бірте-бірте шешімін тауып келеді. Тек әлі үдеріс үстінде келе жатқан Әлихан Бөкейхан айтқан экономикалық тәуелсіздік. «Қазақ жерінде өндірілетін бір уыс жүн сол елдің азаматының үстіне тоқыма болып киілуі керек» деген еді. Импортты азайтып, барлығын өзіміз өндіру үдерісі енді дамып келе жатыр.

Алаш идеясы – 1900 жылдардан бері қазақтың бетке алған тұсбағдары болып келеді, әлі де жалғаса беруі тиіс.

@. @assel_assanova