Қасиетіңнен айналдым, кешір, Домбыра! (Жалғасы)

Қасиетіңнен айналдым, кешір, Домбыра! (Жалғасы)
Фото: buydombra.kz

БАСЫ

«Көктегі бұлтты ыдыратып,
Баршаны өзіңе қаратып,
Құлындайын құлдырап,
Көңілімді қандырып,
Көргеніңді күй қыл», - деген тәрізді жолдармен сырласа келіп,

«Екі желі, үш қазық,
Тоғыз ноқта домбыра», - деп сипаттап та өтеді.

Ал дауылпаз ақын Қасым Аманжолов «нағыз қазаққа» деген сүйіспеншілігін мына өлең жолдарымен жеткізеді:

«Домбыра мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе.
Аққудың әуеніндей үнің бар-ау,
Сарыарқа самалындай ескен баяу,
Бөбектей бесігінде маужыраған
Тыңдаймын мен отырып ұйқылы-ояу».

Салқын кеште терезені ашып тастап, қоңыр сазды домбыраны қолға алсаң, асқар ой мен қалықтаған қиял қырандай етіп шыңға қондыратынын, ақындар мен күйшілердің жұмбақ әлемі жарқырап ашылатынын тебірене жырлайды.

Жалпақ жарық жалғанмен бетпе-бет жалғыз қалдырып, бірінен бірі өтетін күйлермен тербейтін үндемес домбырашы – Жұмекен Нәжімеденов. Домбыра тақырыбы – ақын жырларының алтын арқауы. «Зейнолла Шүкіровтың домбырасы мен өзі туралы» өлеңінде домбыра құдіретін шебер кестелейді. Өлең желісі бойынша Зейнолла ақын ауырып, емханаға түскенде домбырасын өзімен ала барады. Бірнеше күннен кейін «домбыра сау, сондықтан ауруханада оған орын жоқ» деп дәрігерлер оны алып кетеді. Ақын ауруы – домбырасымен бірігеді. Берген дәрілерді ішпей, сандырақтап, домбырасын жоқтап, ауруға қайғы қосылып, құсалықтан қаза табады. Тек өз басын ойлайтын дәрігерлер болары болып, бояуы сіңген соң, «мұны білсек, атайға домбыра берер ек» деп өкінеді. Енді өкінгеннен пайда жоқ.

«Күйін, мұңын ширатып жіп еткенде бір ұршық
кімге айтады тарқатып сол домбыра ыңырсып:
қоңыр төбе басында күйші-Зейнолла-ақын да,
тек мен кейде ойлаймын домбырасы хақында», - деп ақын шерлене өлеңін аяқтайды.

Жыр көгінің мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

«Бабамның көзімісің?!
Данамның сөзімісің?!
Жаралған сезім үшін,
Мазасыз жүрегімнің өзімісің?!

Домбырам,
Қоңыр қазым, аққуымсың!
Арманым, мұңым, сырым, шаттығымсың
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң,
Өнердің не екенін де білмес едім», - деп домбыра қадірін аспанға бір-ақ шығарады. Сыршыл өлең-сөздің бәйге бермес шабандозы, сезім ақыны өзінің жүрегіне балап, ол болмаса өнерден де мақұрым қалатынымызды жырлай келіп, «ерке назым, шыбынсыз, шуақ шашқан жазым, сазым, досым» деп аңқылдаған аппақ қардай пәк көңілімен оған өмірімді де қиям деп ағынан жарылады. Бұл XIX-XX ғасыр ақындары домбыраның қадір-қасиетін осылай жырласа, қазіргі замандағы поэзия сахнасының саңлағы, өлең тілімен суерет салып, халықтың жүрегіне жол тапқан Мұқағалилардың сарқыты Қалқаман Сарин «Домбыраның шері хақында» сөз қозғайды:

«Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Шанағыңды шаң басып, кесір қонды ма?
Есі кеткенше билейтін етегін ашып,
Эстраданы қайтейін есірген мына?

Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Керуен сазым, тоналды-ау, көшіңнен мұра.
Жатырынан жерініп, Жеті атасына
Өркөкіректерді қайтейін өшінген мына.

Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Темірден әбден тесілді-ау төсің, Домбыра.
Қанжығасына байлап ап қадірің білмей,
Есерсоқ есек мінгендер есіңді алды ма?

Ит үрер тағы ...
керуен...
көшіміз жүрер,
Дұшпаның – жылап, өзгеріп, досыңыз күлер.
Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Екі шегіңнен садаға – екіжүзділер!»

Бұл жалғыз Қалқаман Сариннің емес, көзі ашық, көкірегі ояу барша қазақтың жан айқайы. Олай дейтін себебіміз, бүгінде қарапайым қазақтың қарадомалақ балалары екіден бірі домбыра ұстауді білмейді. Білмегенін былай қойғанда, бұл қасиетті, киелі аспап оларға тіпті жат, таңсық боп барады.

Домбыра – қазақ халқының жаны мен жүрегі. Ол – еңбекқорлыққа үйретеді, жарысуға, ізденуге баулиды. Домбыра тарта білу – ата-кәсіп дәстүріне бойлау, бойға сіңіру. Атадан қалған асыл, баға жетпес мұрамызды жас ұрпақ өз деңгейінде құрметтеп, қадірлеп, келесі буынға қалдырып отырса нұр үстіне нұр.

Жыр алыбы – Жамбыл өзінің өмірбаянында: «Менің ағам, әкемнің інісі домбырашы еді. Мен домбыра тыңдауға әуес болдым. 12 жасымда одан домбыра үйрендім. Домбыра қолыма тигенде барлық тентектікті ұмытып, бүкіл жан жүйем елжірегендей болатын еді», - дейді. Міне, қазақтың қай баласы да осылай жастайынан домбыраға, өнерге, поэзияға жақын болып, сол арқылы тәрбиеленсе, олардан еліне елеулі, халқына қалаулы азамат өсіп шығатынына ешкімнің шүбәсі жоқ. Қазақстанның болашағы жас ұрпақтың қолында екеніні тереңнен түсіне білген әрбір ата-ана бауыр еті баласын бесіктен белі шықпай жатып осылай тәрбиелесе керек.

Ханымия Хайроллаева

10-сынып оқушысы

@. @assel_assanova