Қалқаман Сарин: "Құбылыс жасағансып, құбыжық өлең жазғым келмейді"

Қалқаман Сарин: "Құбылыс жасағансып, құбыжық өлең жазғым келмейді"

Мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, қазақ эстрадасындағы тамаша ән сөздерінің авторы Қалқаман Саринмен өткізген әңгіме-сұхбатымызды ұсынамыз. 

– «Қазіргі жастарда ақын кім?» деген сұрақ қойыла қалса, көптеген жастардың аузына ілінері алдымен сіздің есіміңіз екені даусыз. Өлең сөздің жілігін шағып, майын ішкен өзіңіз құралпылас ағаларымызды білеміз... Не үшін сол азаматтардың ат-атағын жұрт біле бермейді? Қазіргі кезеңде замандастарыңыздың ішінде шоқтығыңызды биіктетіп тұрған не деп ойлайсыз? Жарнама емес пе осы?

– Шынымен бе? Жастардың, оқырмандардың аузына алдымен менің есімім ілініп жатса, оның қуанышы һәм жауапкершілігі өте зор деп түсінемін. Жастардың қажетіне жарап, кәдесіне асып жатқан өлең жаза алсам, ол қуаныш емес пе? Өйткені әр жазушының өз аудиториясы, әр ақынның өз оқырманы бар. Алдымен мынаны анықтап алайықшы, «шоқтығы биік» ақынның өзі ме, әлде өзегін жарып шығып, оқырманына ұсынатын өлеңі ме? Өлеңі болса, демек, ол – қазақтың көркем тілі, сұлу сөзі... Ал ақын – тек жүректегі сөзді өлеңмен өріп, оқырманына ұсынушы. Қай ақын болсын әрқайсысының өз оқырманы бар, аудиториясы қалыптасқан. Ақпараттық технологияның заманы болғандықтан ғаламторды пайдаланбайтын жастар жоқ. Ғаламтордағы жеке сайтымды (http://kalkamansarin.kz/) Алланың разылығы үшін жеке азаматтар ашып берді. «Мөлдір мұңның мекені» атты қоғамдастық та – шығармашылығыма бей-жай қарамайтын оқырмандарымның тартуы. Оған пәлендей таңғалып, көңіл аударудың реті жоқ шығар, өйткені басқа ақындардың да сайттары мен блогтары жетерлік. Әлеуметтік желілер – фейсбук пен твиттер арқылы оқырманыммен пікір алысып, ой бөлісіп жататын кездер болады. Ал олардың жеке парақшаларындағы көзіңіз шалып қалатын бірлі-жарым өлең шумақтарымды жарнама деп қабылдасаңыз, патша көңіліңіз білсін. Менің тапсырысыммен жарияланып жатпағаны айдан анық. Оны менің жеке басыма емес, әдебиетке, өлеңге, өнерге деген құрмет деп түсінген дұрыс шығар. Ол – сөздің қадірін түсінетін, өнерді қадірлейтін текті оқырманның өлеңге деген ерекше ықыласы.

– Өлеңдеріңіз жастардың жүрегіне жақын. Бұл сіздің ұғынықты әрі жұрттың жүрегіне жақын лирикалық жырлар жаза алғандығыңызда шығар. Ал өлеңдерін басым көп оқырман қабылдай алмайтын жас ақындар жайлы не айтасыз? Бұған ақын кінәлі ме, әлде оқырман ба? 

– Бірінші сұрағыңызға өзіңіз жауап беріп отырсыз. Шын мәнінде, өзімді қазақтың дәстүрлі өлеңінің өкілімін деп есептеймін. Өз басым поэзияда «құбылыс» жасағансып, құбыжық өлең жазғым келмейді. Бар болғаны қара өлеңнің қадірін түсініп, жауһар жырдың жұпар ауасын жұтқандардың бірімін. «Таза лирикалық шығарма сурет – картина тәрізді. Алайда ондағы негізгі нәрсе – картинаның өзі емес, біздің көңілімізде ол туғызған сезім» деген В.Белинскийдің сөзі бар, демек, мен де ақын ретінде оқырманыма лирикалық шығармам арқылы эстетикалық тәрбие берушімін. Сондықтан да жас ақындар үшін, олардың жазғаны үшін жауап беруім артық. Неге біз оқырманды, ақынды кінәлауға тиіспіз? «Поэзия – жүректің сөзі», ендеше, өз жүрегінің сөзін жеткізуге кез келген ақынның қақысы бар ғой. Меніңше, ақынның өлеңін сол салаға қатысы бар сыншылардың сынағаны дұрыс сияқты. Өз басым «жазғандарын оқырман қабылдай алмайды» деп өлеңге құштар жастардың меселін қайтаруға жоқпын.

– Өлең сөздің соңына түскен ақындар қазір екі топқа жарылып бара жатқан сияқты. Шындығында, өз басым қаптаған «измдер» жөнінде сауатсызбын деп айтуға болады. Сол бір өлеңін оқысаң, қалың тұманға кіріп кеткендей күй кешіп, өлеңді түсіне алмай, не айтпағын біле алмай дал болатын сәттерім көп. Дәстүрлі қара өлеңді дамытып, биіктетіп әкеткен ақындар жоқ емес. Басқа арнаға ат басын бұрып, логикасыз, түсініксіз жыр жазып жүрген жастардың өлеңдегі ұстанымын шеберлік деп ойлайсыз ба? Ал кейде өздерінен сұрай қалсақ, «мен келер ғасырда оқылатын ақынмын» дейтіндер де жоқ емес. Бұл поэзияның «ержеткені» ме, әлде кері кеткені ме?

–Өзіңіз айтқандай, «шоқтығы биік» ақындардың қатарынан табылып жатсам, өлеңсүйер қауымның ортасынан көрініп жүрсем, дәстүрлі өлеңге жақын болғандығымнан шығар. Демек, менің жырларымды оқырманым түсіне алады, яғни өлеңдерімнен өзіне керегін табады деген сөз. Ақынның бағы – оқырманын тапқанында. Ал «дәстүрлі қара өлең кері кетіп барады» деп айту орынсыз. Өйткені бүгінгі күнге дейін поэзияның алыптары қара өлеңнің іргетасын берік қып қалап кеткен. Өлең патшалығындағы әр буынның өкілі «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзімізге қайтарып келеді». Бұған дейін де «басқа арнаға» түсіп, түсініксіз жыр жазғандардың болғанын ара-тұра өзімнің алдымдағы аға буын ағаларымыздан естіген едім. «Ұғынықсыз» жыр жазып жүргендердің түбінде қара өлеңнің қазығына келіп «байланатындары» белгілі. Солай болуы заңдылық, себебі «қазақ», «қара өлең» деген ұғымдарды екіге бөліп қарау да мүмкін емес. Өзін «келер ғасырда оқылатын ақынмын» деп сезінетін ақындарымыздың ондай сәуегейліктен аулақ болғаны жөн шығар. Оны тек бір Алла біледі.

– Өзіңізді нағыз қазақ поэзиясының болашағы үшін күресіп жүрмін деп ойлайсыз ба?

– Күресетіндей қазақ поэзиясының басына қандай ауыр күн туып еді? Ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін күрес десек, жарасатын шығар. Себебі менің өлеңдерім ана тілінде жазылады, оның оқырманы да – қазақ. «Егер ертең ана тілім жоғалатын болса, онда мен бүгін өлуге дайынмын» деген екен Расул Гамзатов, менің өлеңдерім жазылған тілдің – қазақтың тілінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білсек... Ендігі жерде ұлт ретінде ұлттық руханиятымызды жаһандану деген тажалға жұтқызып жібермей, сақтап қалуға атсалыссақ... Ал поэзияның болашағына күдікті ой туғызудың қажеті бар ма? Қазақ поэзиясы шығар биігіне әлдеқашан шығып қойған. Біздің міндет – қолдағы бар нәрсені бағалай білу. Тамыры тереңге жайылған, сонау ғасырлар қойнауынан бері жойылмай келе жатқан дәстүрлі өлеңнің болашағына күмән келтірудің реті жоқ. Өйткені тек еліміздің екі үлкен қаласы – Алматы мен Астанадан басқа, Семей, Қарағанды, Тараз,т.б. облыс орталықтарында, шалғайдағы ауылдарда қаншама жас ақын қыз-жігіттеріміз бар. Олардың өз оқырмандары тұрғанда қазақ поэзиясына қауіп төніп, қара өлеңнің қадірі кетеді деп ойламаймын.

– Ақындарға «Бала күніңізде кімдерге еліктедіңіз?» деген сұрақ көп қойылады. «Абайға еліктедім» дейтін жауап тіпті көп. Тәйірі, Абайға данышпандыққа жетеқабыл даналар ғана еліктейтін шығар» деп ойлап қалам сондайда. Өзіңіз алдыңғы буын ақындардан кімдерді ұстаз тұттыңыз? Кімнің өлеңі жаныңызға ең жақын болды? Абайға еліктеген жоқсыз ба, әйтеуір?

– Баланың әлдекімге, әлдекім болғанда да, елдің алдында жүрген жандарға, танымал адамдарға еліктеп өсуі – заңдылық. Бірақ кімге еліктеп өссе де, уақыт өте келе өз соқпағын табады, шығармашылық жолында болсын, өмірде болсын өз сүрлеуін салады. Ал еліктеудің несі зиян? Тіпті сол Абай атамыздың өзі «болмасаң да ұқсап бақ» демеп пе еді?! Абайдың тереңіне бойлауға көбіміздің дәтіміз барғанымен, дәрменсіздігіміз басым. Тек бер жағында жүрміз. Абайды тек ақын ғана танып-білуі керек деген түсінік қайдан шыққан? Абайдың мұрасы араға ғасырлар салып қазақтың рухани дүниесін толықтыра береді. Өйткені Абайдан қалған қазынаның құны ештеңемен өлшенбейді, уақыт озған сайын бағасы арта бермек. «Ақындар ғана емес, керісінше барша қазақ Абайды оқуға міндетті» деп ойланып көрдік пе?! «Ақсүйек өнер – ақындық, ақылдың жолын таңдадым...» деп жазыппын... Данышпан Абай туған топырақта мен де дүниеге келдім, ендеше, Абайға неге еліктемеуім керек?.. Ал алдымдағы ақын аға-апайларымның бәрі – мен үшін ұстаз. Бірақ тәңірден берілген ақындық өнерді үнемі біліммен ұштастырып отырған жөн. Үнемі ізденіс үстінде жүру ақынға артықтық етпейді.

– Ән қазақтың қос қанатының бірі ғой, аға. «Әннің сөзі рухы да, ал әуені – сүйегі» деп жатады үлкендер. «Тілге жеңіл, жүреке жылы тиер» тамаша ән сөздерінің авторысыз. Жас та болсаңыз, қазақ эстрадасына (қазіргі қазақ әндеріне) қосқан үлесіңіз көп. Кейбір ән сөзіне талғамсыз әншілердің айтып жүргені қазақтың қасиетті өлең сөзін қорлау емес пе? Оларға айтар қандай да бір уәжіңіз, өкпеңіз бар екені шындық қой? Бұл жаныңызға батпай ма? Не айтар едіңіз?

– Азды-көпті өлеңдерім жұртшылықтың жүрегіне ән болып жетті. Оның ішінде көңілден шыққаны жетерлік, көңілім толмайтын сәтсіз дүниелер де кездеседі. Ол әндерге тыңдаушы өз бағасын бере жатар. Әнге сөз жазу оңай дүние емес. Қара өлеңнің қаймағын бұзбай, әнді поэзия тілінде сөйлету – менің негізгі мақсатымның бірі. Ол рас. Бүгінде ән мәтіндеріне аз сын айтылып жүрген жоқ. Жалпы, 90 жылдардан кейін бірді-екілі талғампаз топтар мен әншілер болмаса, есі дұрыс эстрадаға жарымадық. Олардың әуені жағында шаруам жоқ, бірақ сөзі жағынан сын көтермейтін әндердің көбейгені де рас. Бүкіл ақындар отырып алып, шекемізден қарап, «мынаның сөзі дұрыс емес» дей бергеннен ештеңе өзгермейді. Демек, ақындар саналы түрде ән мәтінінің сапасына баса назар аударып, жанашырлық танытқаны жөн, яғни әнші мен ақын өзара шығармашылық байланыс орната білуі керек. Ал ән мәтіндерінің сапасыз болуы тікелей әншілердің талғамына байланысты дер едім. Себебі олар ақындарды танымағандықтан, ән мәтінін өздері жазады. Жасыратыны жоқ, кейбір жас әншілеріміз тіпті үлкен ақындарымызды біле бермейді. Соның кесірінен ретро-әндердің де сөздерін бұзып айтады. Көрермен, оқырман, тыңдаушы қауым, тіпті ақындарымыздың көпшілігі жас әншілерді таниды, біледі. Ал сол жас әншілер еліміздің айтулы қоғам қайраткерлері, ардагерлері, суретшілері, ақындары жайлы кеңінен біле ме? Әншіге дауыспен қатар, талғампаздық, білімділік қажет. Өкінішке қарай, қазіргі жас әншілерге осы жетіспей жатады...

– Сізді көбінде әзіл-ысқақ кештерінде, күлкі күндерінде әділқазылар алқасынан көріп қаламыз. Өзіңіз сатирик немесе артист емессіз. Мұндай кештерде әзілқазылық ету барысында «сол өнерді әділ бағалай алмай қаламын ба» деп қорықпайсыз ба? Әлде бет-беделіңіз үшін немесе басқа да себептермен шақыра сала ма? 

– Сіздің айтып отырғаныңыз «Жайдарманға» қатысты ғой. Бет-беделім үшін шақыратындай биліктің немесе бір айтулы мекеменің белді, ықпалды өкілі емеспін, солай ғой?! «Жайдарманның» бір маусымғы көрсетіліміне қазылық етуге шақырылдым. Жалғыз мен емес, айтыс ақындары Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Айбек Қалиевтер де болған еді. Жастардың көңілді тапқырлар клубына қазылық еткенімнен біреу ақыннан қиянат көрді, жапа шекті дей алмаймын. Қайта ақындардың әділқазылық етуі белгілі бір мөлшерде «Жайдарманның» тілін «түзеді». Ұлттық арнаны көретіндер – ұлттың адамдары, яғни көрермен – қазақ. Жеңіл әрі орынсыз әзілге, әзілдеріне орысша қоспаса, әлсіз қабылданатындай көретін топтарға бұл түсініктің дұрыс еместігін, «Қазақстан» ұлттық арнасында ортаңқол дүниенің көрсетілуі орынсыз екенін, дөрекі әзіл мен дарақы күлкінің, «жаргон» сөздердің мүлде қажеті жоқтығын әділқазылардың мүшесі ретінде айттым да. Өкінішке қарай, уақыттың тапшылығынан ба, әлде көп бөлігін әзілге бөлетіндіктен бе, бағдарлама монтаждалғанда сөздеріміз қысқарып қалып жатады, сондықтан да телекөрермендерге сынымыз бен талабымыз көп байқала бермейді. «Әділ бағалай алмадым» деп өкініш білдіретіндей ол жерде мен жалғыз отырмаймын ғой. Бірнеше адамнан құралғандықтан да, ортақ мәмілеге келіп те, қарсыласып дауласып жататын да сәттер болады. «Тек сатирик немесе актер қазылық етсін» деген шектеулі пікір болмауы керек, сөздің қадірін түсінетіндіктен де шақырады деп ойлаймын. Қазақтың қанында әзілді түсіну, астарлап сөйлеу деген әу бастан қалыптасқан ғой... Сондықтан да шақырылған жерге барып жатамыз...

– Оқырмандарыңыздың дені – жастар. Сөз соңында сізден бір тәтті жыр, ақ тілек, ағалық кеңес күтеді...

– Жастар білімге құштар болса екен деп тілеймін. Соңғы жазылған өлеңімді қабыл алыңыздар...

Кірпігіңді кіршіксіз шылап мұңмен,

Күн-түніңді өткіздің жылап-күлген.

Мүмкін... «Әлсіздігің» деп кінәларсың,

Сенің жалғыздығыңды ұнаттым мен.

 

Ұнаттым мен...

Құлазып, көп күрсініп,

Кейде қанат біткендей көкке ұмсынып.

Жалғыздықтан жаныңды құтқара алмай,

Тұңғиыққа өзім де кеттім сіңіп...

 

Дауа болмай дертіңе даңғаза түн,

Ауыр мұңнан арылып таңға жақын,

Айдай сұлу кейпіңде көз ілуші ең.

Жырға айналып бір сәтте мен жазатын.

 

Сен әлемді ұмытып, әлем – сені,

Көңіліңнің тарқайтын әрең шері.

Терезеңді түн қақса, беймаза мұң,

Үнсіздікпен басатын тағы еңсені.

 

Күздей болып күңіреніп, жазың жүдеп, 

Кінәлама, айттың деп, назыңды көп.

Менің жалғыздығымның жалғыз ғана, 

Жұбанышы – сендегі нәзік жүрек!.. 


Кетердей-ақ құрдымға құлап мүлдем,

Түседі еске кей күндер жылап-күлген.

Менің әлсіздігім бе, кім біледі?!

Сенің жалғыздығыңды ұнаттым мен...

 

***

Көктем келеді, көктем келеді, 

Көрімдік берер кім қиып?...

Керімсал мезгіл көк белді өбеді, 

Құшағына әсем гүл жиып.

 

Құстар келеді, құстар келеді,

Күміс қанатты - кіл саңлақ.

Көңіл көктемге құштар боп еді,

Қатал қыс қойған құрсаулап.

 

Күнім келеді, күнім келеді,

Күлімдеп өңі нұр шашып.

Қызыл да жасыл гүлін береді,

...Қауызына оның тұнса шық!


Көктем келеді, көктем келеді,

Көркіңнен сенің аумайтын.

Көзайым күнім жеткенде, мені

Күдіксіз сезім баурайтын.

 

Сұхбаттасқан: Қайсар Қауымбекұлы

Сурет: ақынның жеке мұрағатынан

Қ. Қауымбек