- Негізгі бет
- Шығарма
- Менің жазғы демалысым...
Менің жазғы демалысым
Біріміз үшін жаз мезгілі болмағандай өте шықты, біріміз жаз бойы зарығып, сағынған күзге де жеттік. Мектепте Қазақ тілі мен әдебиеті, Өзін-өзі тану секілді пәндерден мұғалімдер жазғы демалыстан алған әсеріміз жөнінде шығарма жазуды тапсырады. Шығарманы қалай жазамыз?
Алдымен жоспар құрып алыңыз. Мұғалім жазбаша жоспар құруды міндеттемесе, миыңызда жазыңыз не шимай қағазға не жазатыныңызды түртіп алыңыз. Жоспарды мынадай сұрақтарға жауап бере отырып жазуға болады:
– Жаз қалай басталды?
– Кіммен бірге өткіздім?
– Кімдермен таныстым?
– Қайда бардым?
– Естен кетпес қызықтар;
– Қандай ерекше жер көрдім?
– Алған әсерім?
– Кімнің сөзі, кеңесі есімде қалды?
– Өзіме қандай жаңалық аштым?
– Не оқыдым?
– Не үйрендім, не түйдім?
– Қай жағынан жетілдім, ілгері басушылық болды ма?
– Демалысым тиімсіз өткен жоқ па, қандай қателік жібердім?
– Келесі жазды қалай өткізу керек?
Жазғы демалыс десе бірден өзге қалаға не шетелге саяхат есімізге түседі. Тақырыпты жалпы жазғы демалыс деп емес, «Демалыста қайда қыдырдым» деп түсінеміз де, жазғы сапарымызды еске түсіре бастаймыз. Ал жазды үйінде ата-анасына көмектесіп өткізген болса, ойдан өтірік құрастыра бастайтын оқушылар да жоқ емес. Жалғандық жамалып жазылған шығарма құнын жоғалтатынын ескеріп, ешқандай артық бояу қоспай жазуға тырысыңыз.
Тақырыпты «Жазғы демалыс» деп алып, кейіпкер ойлап тауып, қиялдай отырып сол кейіпкердің жазды қалай өткізгенін жазуға да болады. Бірақ негізгі тақырып «Менің жазғы демалысым» деп берілгендіктен, өз басыңыздан өткенді жазған дұрысырақ.
Жаз мезгілінде қыдырмаған болсаңыз, үйде не істегеніңізді жазыңыз. Қандай жаңа іс игердіңіз, қандай пайдалы іспен айналыстыңыз, оған жету жолында қандай қиындықтарға кезіктіңіз, ол қиыншылықты қалай жеңдіңіз – осы жөнінде көсіле әңгімелеңіз.
Шығармаңызға фразеологизм, мақал-мәтел, теңеу, эпитет тәрізді экспрессивті-эмоцианалды сөздер қосыңыз. Мысалы:
– жердің көз тартарлық көріктілігін суреттегенде «інжу-маржаннан алқа таққандай», «көз тоймас көрнекті» деуге болады;
– ...оны көргенде «қиғаштай туған жаңа айды көргендей» немесе «лотореядан миллион ұтқандай» қуандым;
– бұлақтың өзенге, өзеннің теңізге асыққанындай аптығып жеттім...
– кофе ішіп отырғандай емін-еркін...
– тәтті етіне ащы қамшы тигендей;
– ...ораған жібімнің ұшын жоғалтқан жандай не істерімді білмедім;
– буколикалық (табиғат аясындағы тыныш) өмір;
– ұйықтағанда көрген тәтті түстей өте шықты.
Мысалдарды бас-аяғы жоқ, орынды-орынсыз жерде қолданбаңыз, теңеп отырған нәрсеңіз шынымен-ақ сол нәрсеге ұқсай ма, жоқ па – осыны ескеріп, елестетіп көріңіз.
Шығармаңыз өтімді болсын десеңіз, сіз оқып бергенде сыныптастарыңыз еріксіз ду қол шапалақ соғатындай тұщымды тілмен тартымды оқиға жазыңыз. «...бардым; ...көрдім; ...ойладым; ...келдім» деген сөздермен жазылған жай ғана баяндау болып шықпасын. Монолог, диалог қатыстырып, қызықты, күлкілі жайттарды кірістіріп, "ары қарай не болар екен?" деп, сіздің шығармаңызға еніп кететіндей, ұйып тыңдайтындай болып жазылуын қадағалаңыз. Алдымен өз-өзіңізді тексеріп, кем-кетігін түгел түзетіңіз.
@. @assel_assanova