Соңғы қоңырау: мұғалімге гүл сыйлауға бола ма – БҒМ жауабы

Соңғы қоңырау: мұғалімге гүл сыйлауға бола ма – БҒМ жауабы
Фото: massaget.kz

Мұғалімге гүл сыйлауға бола ма және бұл Қазақстанда заң бұзушылық болып саналмай ма, дейтін сұрақтарға  Білім және ғылым министрлігі жауап берді.

Қазақстанда соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады.  170 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады. Білім және ғылым министрлігі түлектерге қатысты шараларды өткізу бойынша ұсыныстар дайындады.

"Биыл эпидемиологиялық жағдай мектеппен қоштасу шарасын өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен ол мектеп қабырғасында өтуі керек", - деп ескертті Білім және ғылым министрлігінің өкілі, Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Ол білім беру ұйымдары барлық қажетті ұсыныстар мен нұсқаулар алғанын айтты.

"Қосымша айта кетейін, жыл сайын 1 қыркүйек немесе 25 мамыр қарсаңында қоғамда мұғалімге гүл сыйлауға бола ма және бұл заң бұзушылық болып саналмай ма?, - деген сұрақ туындайды. Біз оның мүмкін екенін айтамыз. Бұл жақсы дәстүр", - деді комитет басшысы.

Білім және ғылым министрлігі оқу орнын бітіргендер үшін шараны білім беру ұйымының өзі өткізуі керек екенін ескертті.

Мына жағдайларға рұқсат етілмейді:

• ақылы мерекелерді өткізу үшін аниматорларды, демалыс агенттіктерін, суретшілерді, жеке студияларды тарту;

• мерекелік дастархандарды ұйымдастыру;

• жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала (аудан) бойынша экскурсиялар өткізу;

• мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар үшін қаражат жинау;

• ойын-сауық мекемелерінде бітіру іс-шараларын ұйымдастыру.

Еске салайық, Қазақстанның барлық мектептерінде "Соңғы қоңырау" мерекесі 25 мамырда, ал аттестатты тапсыру рәсімі 16-17 маусымда өтеді.

Т. Раушанұлы