Асхат Аймағамбетов: Олимпиадалар енді каникул кезінде өткізілмейді

ҚР Білім және ғылым министрлігінің аппараттық кеңесінде ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов енді каникул уақытында пәндік олимпиадалардың өткізілмейтінін мәлімдеді. Бұл өзгеріс биылдан бастап күшіне енеді.

"Олимпиадалар енді каникул кезінде өткізілмейді. Өйткені оған сабақта өте белсенді, жақсы оқитын оқушылар қатысады. Біз оларды каникул уақытындағы демалысынан айырмауымыз керек, балалар демалуы қажет. Сондықтан биылдан бастап олимпиадаларды басқа уақытта өткіземіз", - деді Асхат Аймағамбетов.

Министр республикалық олимпиадаға қатысу үшін, облысқа баратын балаларға жақсы жағдай жасалуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ ЖОО басшыларына оқушылармен кездесу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

"Республикалық олимпиадаға кем дегенде 1,5 мың  дарынды, білімді бала қатысады. Дайындық барысын бөлек қарастырамыз, дегенмен Қарағанды мен Алматы облыстарында балалардың қауіпсіздігі, жататын жері, тамақтануы бойынша барлық жағдай жасалсын. Екіншіден, университет басшыларына тапсырма: олимпиадаға келген 1,5 мың оқушымен университеттер де жұмыс істеуі қажет. Жаз айларында ғана емес, мұндай жұмыс ұдайы жүргізілуі керек", - деді министр.

Сөз соңында министр мектеп бітірушілерге университет тарапынан 50 грант бөлген ТарМПУ-ды өзге ЖОО-ларға үлгі ретінде атап өтті.

"Мысалы, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры еріктілерге, дарынды балаларға 50 грант бөлді. Мұны үлгі ретінде айтуға болады. Сондықтан кәсіптік бағыт-бағдар беруге бейжай қарамау керек", - деді Асхат Аймағамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 6 қаңтарында ҚР БҒМ Түркістан облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті оқушылар арасындағы республикалық олимпиаданың облыстық турын өткізіп жатқан Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасында жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде бірқатар өрескел бұзушылық анықталды. Осыған орай, Асхат Аймағамбетов олимпиада, ғылыми жоба байқаулары әділ, таза өтуі керек екенін баса айтты.