Баға үшін оқисың ба?

Баға үшін оқисың ба?
Фото: pixabay.com

Мектептегі мұғалімнен де, үйдегі ата-анадан да "Баға үшін оқисың ба?" деген сөгісті талай естідік. Білім көрсеткішімізді мектепте бағамен ғана есептейтін болса, басқа не үшін оқимыз деген балалық сұрағымыз сол күйі ішімізде жауапсыз қала беретін. Баға үшін оқымаудың себептерін қарастырып көрейік.

Мектепте білім дәрежеміз "екілік", "үштік", "төрттік", "бестік" деген төрт бағамен ғана өлшенетін. Ойланып көріңізші. Диктант жазғанда бір бала жиырма қате жіберді дейік, келесі диктантқа дейін біраз дайындалып, сегіз қатемен жазды, яғни он екі қатесін түзетті. Оған осы еңбегі үшін тағы да «екілік» қойылуы керек пе? Бір-ақ қатесін түзеп төрттіктен бестікке көтерілген үздік оқушының жанында ол еңбектенді. Нөл деген баға алмау үшін түк жазылмаған ақ парақты өткізе салмай жазды, сондағысы «екілік» алу үшін... Бұл жүйе арқылы мектепке білім алу үшін келген балаға қалай қолдау көрсетеміз?

Мектеп жасындағы балалар, әсіресе бастауыш сынып оқушылары ересектерге қарағанда өзгерек ойлайды. Мұғалім қойған сұраққа ол күткен жауап бермегені үшін де оған төмен баға қойылуы мүмкін. Себебі мектепте стандартқа сай емес нәрсенің барлығы нашар бағаланады.

Енді осыны мектепте ғана емес, өмір бойы қолданамыз деп елестетіп көріңізші. «Сүйіктім, бүгінгі кешкі ас үшін минус төрт қоямын», «Жылдық жоспарыңызға үш қоямын». Күлкілі естіле ме? Мұны балаларға қалай түсіндіреміз?

Одан бала өз қызығушылығымен, қалауымен, өз ойымен бір нәрсе үйренуден қалады, тек оқулықтың, мұғалімнің, ересектердің көзқарасына тәуелді болады. Ол бара-бара баланың өз таңдауы, өз ойы жоғалуына әкеп соғады.

Баға қойылмаса, балалар оқымай кете ме?

Бірде бір мектепке жаңашыл педагог қонақ ретінде шақырылады. Ол бір ертегіні басшылыққа алады да, үш сыныпты біріктіріп жиын өткізеді. Балалар ертегіні өмірмен байланыстырып, бір-біріне сұрақ қойып, пікір алмасып әрі сыныпта емін-еркін жүріп-тұруға мүмкіндік туады. Жиын аяқталған соң бір-екі мұғалім енді балаларға баға қояйық деп асығыстық танытады. Себебін сұрағанда осыған дейін бірнеше тоқсан бойы ауыз ашпай келген балалар бүгін белсенді болды, оларға осы қасиеті үшін тым құрығанда тоқсандық бағаға үшке шығаруға болады дейді. Осыған не дейсіз? Қабілетті, ашық, белсенді бала «тым құрығанда үштік» алуы керек...

Алдымен оларды өзіміз ата-анаға, мұғалімге ұнауы, жақсы көрінуі үшін жақсы баға алу қажет, байқаулардан жеңіп келу керек екенін үйретеміз де, кейін "баланың еш нәрсеге қызығушылығы жоқ" деп кейиміз. Ол әу бастан-ақ өзге үшін өмір сүруге дағдыланып кеткен, өзі деген ұғым санасында оянбаған...

@. @assel_assanova